Ана болу...
жеке
блог

Ана болу...

Дәл қазір маған ең қиын жұмыс - ана болу сияқты. Бұйырса, көп ұзамай бір үйдің келіні атанамын. Сосын, Құдайдан үмітім бар, бесік тербететін сәт те алыс емес. Бірақ содан қорқамын. Жақсы ана болудың не екенінен мүлдем хабарым жоқ. Өз анама жақсы қыз бола алдым ба?.. Бірақ анама мың алғыс, бергені, үйреткені көп. Тек соның бірде-бірін өмірде, тәжірибеде пайдалану қолымнан келмей ме деп қатты қорқамын.

Әрине, мұны ойлайтын уақыт әлдеқашан өтіп кетті дерсіз. Иә, жасым 28-ге келді. Алайда осыдан он жыл бұрын жар атану, бала сүюден дәл осылай қорықпаған болармын. Ол кезде мен өмірдегі ең жақсы ана болатындай көрінетінмін. Баламның түрі, түсі ғана емес, мінезі, іс-қимылы, бәрі-бәрі өзіме тартса деп армандайтынмын. Бәлкім, ол кезде өзім де көңілі таза, пәк болған шығармын. 

Қазір, керісінше, маған ұқсамаса деймін. Өзімнің бойымнан балаға берерлік, балама "міне, мына қылығыма ұқсашы" дейтіндей бір мінез таба алмадым. Шынымен, жақсы адам болсын десем, "маған ұқсама" деуім керек қой.

Балам ұлтжанды азамат болса деймін, бірақ қазақтың салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын, өнерін өзім білем бе? Балам шыншыл болса деймін, бірақ өзім өтірік айтпаймын ба? Балам ақылды болса деймін, бірақ өзімнің білгенім көп пе? Балам... бар жақсыны соған бергім келеді, тек қолымды мезгілінен кеш сермемесем екен.

 

Суретті қайдан алғанымды ұмытып қалдым