60 секундта дұрыс жауабын тап!

 Бизнес аудиторияға арналған «60 секундта дұрыс жауабын тап» ойыны белгілі «ACPGame» компаниясының бастауымен пайда болды. Бүгінде әлемнің бірқатар елдерінде ұйымдастырылады.


Біздің елде Алматы және Астана қалаларында әр 2 апта сайын өткізіледі. Ойынға кез келген адам өз командасымен ақылы түрде қатыса алады. Әр команда жүргізуші өойған сұраққа 1 минут ішінде жауап беру керек. Дұрыс жауапқа 1 ұпай алады. Ойын соңында ең жоғары ұпай жинаған 3 команда жеңіске жетіп, ойын демеушілерінің атынан сыйлықтар алады.

Сондай-ақ, ойын барысында ұтыс өткізіліп, сыйлықтар тарту етіледі. Және де ағымдағы ай ішінде туған күні болған жандарды ортаға шақырып, жекеменшік мерекемен құттықтап, демеушілердің бірінің атынан дәмді торт сыйға тартылады.

Ал ойынға келер болсақ, өткен аптада бұл ойынға қатысуға БАҚ өкілдері мен блогерлер шақыртылды. Мен де солардың қатарында болдым. Басында қалай болар екен деген күдік те болды. Себебі, менімен бірге бір командаға түскен қатысушылардың барлығы мен секілді бірінші мәрте ойынға келген жандар. 20 сұраққа шамамыз келгенше, ақылымыз жеткенше жауап бердік. Бір қызығы, сұрақтар әр түрлі. Әр саладан қойылады. Логикалық, ситуативті, автобиографиялық сұрақтар болды. Бастапқыда сұрақтарға жауап беру қиындау болғанымен кейін тіпті оңай болды. Үздік үштіктің қатарында болмасақ та біздің команда өте жақсы ойын көрсете білді. Бар назарымыз ойында болғаны соншалықты 4 сағаттың қалай өтіп кеткенін байқамай қалдық.

Осы орайда, ойын барысында қойылған бірнеше сұрақты массагеттіктерге қойғым келіп отыр. Дұрыс жауап берген адамға сыйлығым да бар. Олай болса, кеттік.

1. Орыс халқының фольклорында оларды «Кілт иелері» деп атайды. Олардың кілті қыс мезгілінің қақпасын жауып тастайды. Олар деген кімдер?!

2. 1939 жылы Эстонияда бір объект ашылды. Оның ашылуына Эстония командасының Әлем чемпионатында жеңіске жетіп, елге сілеусін алып келуі түрткі болды. Ол қандай объект?!

3. Ұлыбританиядағы Шерлок Холмс мұражайына жыл сайын әлемнің түкпір-түкпірінен мыңдаған хат келеді. Ол хаттарға мұражай қызметкерлері өз атынан жауап береді. Бірақ, кей жағдайда хатқа жауапты өз аттарын жазбайды. Ол қандай жағдайда?!

Ал кеттік, тауып көріңіздер)

Суреттер five.kz сайтынан алынды



Бөлісу: