6 сағатқа созылған "жас тілшілер мен блогерлер слеті" жайлы

6 сағатқа созылған "жас тілшілер мен блогерлер слеті" жайлы
жеке
блог

Бүгін Қарағандыда "Достар-Әлем" қонақ үй кешенінде "І қалалық жас тілшілер мен блогерлер слеті" өтті. Таңертең 9.20-да бастау алған слет 15.30ға дейін жалғасты.

Бұл ортаға Қарағанды  қаласындағы оқу орындары мен БАҚ құралдары өкілдері,  жастар саясатына белсене ат салысып жүрген азаматтар, жоғары оқу орындары мен колледж студенттері, сонымен қоса мектеп оқушылары да жиналды. Слет әкімшілік басшылықтың қатысуындағы алқалы отырыстан басталды. 

отырыс

Онан кейінгі кезек "Әлеуметтік желінің негізгі даму бағыттары", "Қазнеттің Блогсферасы", "Отандық медиа-ресурстардың дамуы" деп аталатын арнайы шеберлік класстарына берілген болатын. Бұл мастер класс мектеп оқушылары мен колледж студенттеріне бөлек аудиторияда, жоғары оқу студенттеріне бөлек аудиторияда өткізілді. 1-ші аудиторияда жұмыс барысы қалай өткені маған беймәлім. Ал, мен отырған аудиториядағы мастер класс "Мен бүгін осындай дүниені білдім!"-деп, ауыз толтырып айтарлықтай дәрежеде өткен жоқ. Айтылғанның бәрі де баршамызға мәлім дүниелер болды. Қайта-қайта есінеп, әрең отырған қатысушылар да жоқ емес еді... Осындай ауқымы кең тақырыптарда өзекті ой тастап, жастарды қызықтыра білу бүгінгі күннің негізгі мақсаты болатын. Бұл жоспардың жүзеге асуы үшін, меніңше, отандық, қарағандылық тәжірибелі блогерлерді шақырып, аудиторияны қызықтырып, жас тілшілер мен енді блог әлеміне еніп келе жатқан блогерлер үшін орны бөлек болар жаңалықтар айтылса дұрыс болар ма еді?!

Десе де, Республикалық "Айқын" газетінің Қарағандыдағы меншікті тілшісі, ҚарМУ-дың журналистика кафедрасының аға оқытушысы, блогер Қожахметова Ләззат Таймырқызы қатысушыларға Қазақстан блогсферасы жайлы мәліметтер айта отырып, Республикалық деңгейде танымал блогерлерді атап өтті. "Кім?" "Қалай танылды?" "Қалай блог әлемінде танымал болуға болады?" деген сияқты сұрақтар төңірегінде әңгіме өрбітіп, өз кеңестерін берді. Осы тұста әркімде әрқалай сұрақтар туындап, конференция залы сұрақ-жауап алаңына айналды. 

студенттер

Тағы бір айта кететін жайт, аймақтық телевидение, газет, радио мамандары биыл алғаш ұйымдастырылып отырған бұл слетті ЖАРНАМА жасаушы іс-шара ретінде пайдаланғысы келгендей. Бұлай дейтінім, олар көптің ортасына шығып, сөз алғанда өз жұмыс орындарының жетістіктерін айтып, өз баспалары жайлы қызықты мәліметтермен бөлісіп жатты.

Оның үстіне, іс-шара қазақ-орыс тілінде аралас жүргендіктен, орысша қойылған сұрақтарға қазақша жауаптар, қазақша қойылған сұрақтарға орысша жауаптар қайтарылып, сұрақ қоюшы мен жауап беруші арасындағы көпір шайқалып жатты. (Бәрі бұл 2 тілді еркін меңгерген ғой, бүгінгі таңда дерсіз. Бірақ, қазақша оқыған адам қанша тырыспасын айтайын деген ойын орыс тілінде толық жеткізе алмайды.)

6 сағатқа созылған слет соңында "Медиа-ресурстардағы жастар саясатын ақпараттық сүйемелдеу: өзекті мәселелер және даму бағыттары" атты сұқбат алаңында қатысушылар өз белсенділіктерін танытып, бірқатар өзекті мәселелер қозғалды. Қарағандылық жас журналистер мен блогерлердің белсенділігін арттыру үшін не істеу керектігі жайлы да пікірлер ортаға тасталды. 

Бүгінгі слеттің ең бір ұнаған тұсы қаламыз мектептерінің өздерінің жеке газеттері, журналдары бар екендіктерін көрдік. Оқушылар да студенттерден қалыспай, кең аудиторияда еш қаймықпай, өз ойларын, журналистикаға деген көзқарастарын білдіріп жатты.