"Елдің қызы" дегенді танисыз ба?

"Елдің қызы" дегенді танисыз ба?
жеке
блог

  (Айсәуленің әңгімесінен)

Сабақтан қайтып, асықпай жер сызып, әгугәйләп келе жатқан  мені апамның асүйде тістеніп айғай салып жатқаны селт еткізді. Не ары, не бері жүре алмай бір орында қатып қалыппын. Тағы да сол баяғы жыр. Әкемді отырғызып алып миының қақпағын ашып  қойып,  ішіне тұздық сеуіп жатыр. Тумасынан жуас әкемде не үн, не сыбыс жоқ. Сыртта тұрып-ақ әкемнің сол отырысын елестетіп тұрмын. Екі көзі шарадай болып үнсіз отыр. Арасында басын изегенсіп қояды. Апамды жақтап жатқан түрі. Осы көріністі елестетіп тұрғанымда асүйдің бөз майлығы маңдайыма сарт етті. Есеңгіреп есімді жидым.

-Әу, апа.....

-Апасырап қалғыр! Күн батқанша не істеп жүрсің, мектепті жауып қарауылмен шай ішіп қайттың ба?

-Жооқ, бүгін... ашық сабақ болды... (Ойыма келгені осы)

-Кешке дейін болатын қандай ашық сабақ ол, мұғалімдерді де түсінбеймін, үйінде басқа істейтін тірлігі жоқтай қас қарайғанша мектептің табалдырығын тоздырады да жүреді. Соғұрлым үйне ерте қайтып бала-шағасына қарамай ма?

-Өкіметтің жұмысы оңай ма?,-деген әкем, апамның жалт қарасынан қоя салды.

-Бар ана малды қайтар, көршінің малымен араласып кетіпті. Ана Сәлима сен оқыған мектепте-ақ оқиды, ертерек қайтып, үйін тазалап, кір-қоңын жуып, апасын бір қимылдатпай отырғаны. Арасында базарға барып тауықтың жұмыртқаларын сатып келеді. Ол да болса олжа, сен жүрсің, тауықтың жұмыртқалары мылжа-мылжа болып қорада жатады, жинап сатсаң болмай ма?

-Мм...не.... иа... бірақ бізде тауық жоқ қой...

-Кім айтты оны саған? Бір емес екі  тауығымыз бар емес пе?

-Олар қорада... бірақ, қораз жоқ болғасын...

-Өй, қараңқалғыр! Жетесіз неме! Әкең тұрғанда бұл не сөз, ұялсаң етті. Жә, тауығы құрып кетсін, ең болмаса ана үйілген кірді жусаң қәйтеді?

-Арықта су тоқтап қалды емес пе?

-Ана Сәлима қыр жақтан тасып әкеліп-ақ жуып жүр. Апасын қимылдатпай...

-Апа, болды қойыңызшы!

-Тіліңді безегенше ісіңді жөндемеймісің?

Бөлмеме кіріп жатып қалдым, ашуланып ұйықтап кетіппін. Түс көріп жатыр екем, түсімде Сәлимаға айналып кеткем бе? Сәлиманың сары орамалы басымда, үстімде оның шыт көйлегі. Көрші ауылдан арбамен піләкқа су толтырып алып келе жатырмын. Арбамды сүйретіп келем, тарта алмай жатырмын. Оянып кетсем апам төбемде тұрып жеңімнен тартып оята алмай тұр екен.

-Менің тірлігімді істеп келдің ба? Не ұйқы кеш болғанда. Тұр, ана ошаққа су ысыт, кір жуайық.

Ошаққа су ысытып жүрсем көрші болып келетін әлгі «идеальный» Сәлима әдемі көйлегін киіп алып қыр жаққа су әкелуге кетіп барады екен. Қолында дөңгелегі бар арба, алдына піләкті қойып алыпты. Сызылып, елге сәлем беріп кетіп барады. Есік алдында сәкіде отырған ауыл кемпірлері Сәлиманы мақтағандай болып ризалық білдіріп жатыр.

-Осы Сәлима оооу қыр жақтан су әкеледі, әкесіне бұл ауылдың суы жақпайды дейді. Тұзды ғой біздің су. Ол жақтыкы таза, дәмі шайға жақсы, жұмсақ. Біздің шұбырып жүрген балдардың бірі бармайды ғой сонда.

-Иә, несін айтасың. Біздің қыздар елмен араласу дегеннен жұрдай, сабаққа кеттім деп кетеді, келе сала төсектеріне құлай кетеді. Тірліктің барлығы өз мойнымда, - деп менің анам отыр жерден жеті қоян тапқандай. Ай, ашуымның келгені-ай. Ошағымды тастадым да, мен де су әкелуге ұйғардым. Піләктің ішіндегі суын төгіп босаттым да, арбаға тиеп есік алдына шықтым. Апам маған таңырқай қарап қалыпты. Алдынан мұрнымды шүйіре өттім де су әкелуге кеттім. Онша алыс та емес. Қырдың келесі беті. Қысқа ғана жол ұзақ көрініп кетті, қырдың бетінен өтіп суға келдім, кеш болып кеткен екен. Су басында қарайған бейне көрінді. Әлгі Сәлима болар деген оймен саспай келе бердім. Адам біреу емес, екеу ма қалай өзі? Қорқа бастадым, кісімсінбей-ақ үйде тыныш отыруым керек еді. Менің тырсылымнан жалт қараған әлгілер маған жақындай түсті. Анықтап қарасам, Сәлима екен. Көрші ауылдың баласы Сәкенмен құшақтасып тұр. Мені көргесін бері жақындаған түрі екен.

-Айсәуле, сен қайдан жүрсің?  Жүзінде шошынғандық белгі бар.

-Суға келгем....

Сәлима ханым маған енді жалынып-жалбарына бастады, ешкімге айтпауымды өтінді. Мен бас изегенсідім.

Апам сол күні маған ұрысып сөйлемеді, менің де құлағым тыныш болды. Солай күн сайын қыр жақтың «жұмсақ суын» тасып жүрдім, бірақ апамның күңкілі бітпеді. Сәлиманы көшеде көре қалса сызыла қалып сөйлеседі, үйге шайға шақыратынына уәжің бар ма. Шыт көйлегін киіп алып сызылады да отырады. Мектеп оқушысы бола тұра жігітпен жүрмек түгіл, кездесуге ар санап жүрген біздің ибамыз Сәлиманыкіне жетпей тұрды. Ішімнен бықсығаныммен сыртқа шығара алмадым, осылай елдің қызы үлгі болып жүргенде Сәлима мектеп бітірмей күйеуге қашып кетті. Ауру әкесі мен кішкене баласымен анасы қалды. Одан кейін ел:

-Көрші ауылға барғыштап жүргені - бай іздегені екен де. Жап-жас болып алып о несі-ей! Әкесі болса ауру, шешесінің кішкене баласы бар,-деген өсектер қаңбақтай қаңғыды. Менің анам Сәлиманың атын атамайтын  болды, маған да көрші ауылдан су тасуға рұқсат етпей қойды. Арқаны кеңге салып, терең тыныстап жүрдім. Апам елжірей қарайтындай ма, әлде маған солай көрінді ме, әйтеуір «әгугәйімді» қайта салып жүргем.

Бір күні есік алдын сыпырып жүрген мені апамның айғайы шошытты. Тағы да әкеме бірдемелерді айтып жатыр.

-Қызыңды еркелетіп жібергенсің, қолынан ештеме келмейді. Үйге қонақ келсе қызмет көрсету, иіліп тұру деген жоқ. Елдің қызына қарасаң әуесің келеді. Біздің қыз ше, сартылдатып жүреді де қояды. ҰБТ-дан жинаған балы анау, ақылы бөлімге түсетін түрі бар. Жұлдызды қарашы, өз күшімен қалада грантта оқып жатыр. Үйіндегілерге ақша жіберіп тұрады.  

Әлі болмағанды болғандай етіп айтып отырған апама қатты ашуланып кеттім, тізімге қарап балыма сәйкес мамандыққа тапсырдым. Және ақылы емес, грантқа түстім де. Апамның қуанышында шек жоқ, дегенмен менің ойымда реніш те емес, өкпе де емес, жәй ғана «идеал болу» үғымына қатысты бір мұң қалып қойды. Елдің қызы дегенді жиі еститін мен, өзімнен төмен біреуге осылай үлгі болып жүргенімді ойлап, адамның адамға көңілі толмайтынын түсіндім. Және бұл, бір жағынан балаға жақсыны үлгі ету арқылы оның шабытын шақырса, екінші жағынан өзгедей бола алмайтынын ескертіп, сол адамға теңей беру-баланың жігерін жасытады. Менің жігерім жасыған да жоқ, не болмаса үстемім асып тасыған да жоқ. Сол баяғы Құдай берген болмысым арқылы өмір сүріп жатырмын. Тек, мұндай «идеалдар» кейбір сезімтал жастарға кері әсерін тигізуі мүмкін екенін ата-аналар ұқса игі.

 

                                                                                                                                       Суреттер яндек.кз сайтынан алынды