Мен «ON.KZ» -ті сағынамын)
жеке
блог

Мен «ON.KZ» -ті сағынамын)

Атынан айналып кетейін осы ауылдың сыйлы жандарының бірі Болатбек көке жаңа эстафетаның басталуына себепші болыпты. Тақырыбы есте қалған қайран «ON.KZ» порталы жайында. Ол кісі біраз дүниелерді еске түсіріп, кезекті жүзінен мейірім көрінген Мейіргүлге берді. Мейіргүл де естеліктерімен бөлісіп, тіпті, Болатбек ағамыздың діттеген мақсатын ашқандай болды. Кезекті маған беріпті. Осы орайда, кезегімді араға біраз күн салып, жазып жатқаным үшін кешірім сұраймын. Айып етпеңіздер, жұлдыз болу қиын ғой, анау бар, мынау бар дегендей)))))))

Сонымен, кеттік!

Жалпы, мен «ON.KZ» порталы ең әуелі, «7 арна» арнасының жарнама топтамасынан көрдім. Атауы да бірден ұнады. Сосын қызығушылық танытып, тіркелдім. Тіркелдім де ол туралы ұмытып кеттім. Кейін есіме түскен соң, қайта кіріп, осы порталдың тұрақты бір қолданушысына айнала бастадым. Мен келгенде бұл ауылда қазақша білетін яки жазатын санаулы ғана адам болды. Оның өзінде ең белсенділері - сол кездегі портал қызметкері Жалғас ағаларың, сосын Ақтөбе мен Атырауды, анда-санда Алматыны (жақында Лондонды) шулатып жүретін Нұржан көке. Ең алғаш блогымды орыс тілінде жаздым. Сол күні жетімдер үйіне барған болатынмын. Манежде жатқан шақалақтарды көріп, жүрегім ауырып кеткен. Үлкен бөлмеде 30-40 бала жатыр. Бір ғана күтуші. Оның өзі тәулік бойы істейді. Балаларды көріп, қолға алайын деп едім, тәрбиеші әпке рұқсат етпеді. «Сен кетесің, ол болса, сенің иісіңді сағынады, сосын сені күтеді, сосын жылайды» деді. Шыны керек, сонда сол баланы өзім тастап кеткендей күйде болып қалдым. Міне, осының барлығы, жіпке тізгендей жазып, жариялап едім. Небір тиран орыс тілді блогерлер «Сенің аяғаның оларға түк керегі емес», «Атаңның басына жетімдер үйіне бардың ба?!», «Аяғанша бағып ал» тсс пікір білдірді. Сол кезде бір түрлі жаман болып қалдым. Ел-жұрт не деген тасжүрек деп ойладым. Жыным келді де сол блогтың көзін құрттым. Бірақ, жазуды тоқтатпадым. Анық қызық сонда басталды. Жаза-жаза көптеген байқауларға қатыстым. Жеңіске жеттім. Қызыл алашамен өттім. Басыма тәж де кидім. Мен «Мисс ON.KZ» болғанмын. «ON.KZ» арқасында Азиада ойындарының қақ ортасында жүрдім. Кім білген сонда, кейін осы порталда қызмет етіп, оның жетекшісі болатынымды?!))

Мисс болған кезде жасаған фотосессия

Ақ Азиада ойындары

Содан күндердің күнінде аяулы құрбым, асыл құрбым, менің күнім Инесса қоңырау шалды. Күні де есімде. Сәуірдің 29-ы. Жұма. Кешкі сағат 19-30. Инесса «ON.KZ» порталына екі тілде еркін сөйлеп, еркін жазатын қызметкер іздеп жүргенін айтып, маған түйіндемемді жіберуге кеңес берді. Ары ойланып, бері ойланып, ата-анамнан рұқсат алып, нар тәуекел деп Инесса айтқан мекен жайға жібердім. Араға 4-5 күн салып, жұмысқа тұру туралы ұсыныс келіп түсті. Сол кезде мен негізгі мамандығым бойынша қызметі жақсы, айлығы да көңіл қуантатын халықаралық мекемеде жұмыс атқаратынмын. Еш ойланбастан, бұл қызметімді медиа саласындағы қызметке ауыстырып жібердім. Осылай «ON.KZ» порталының қызметкері болдым. Ол кезде Қуаныш бар болатын. Менен кейін жұмысқа Мейіргүл, Қайыржан, Айнара тсс қыз-жігіттер келді. Осылай біздің қызметіміз басталды. Басты мақсат – Массагеттің іргетасын қалау, оны елге жеткізу. Кейін Қуаныш жұмыстан кетті. Қалғанымыз бастаған істі жалғастырдық.

Айнараның туған күнін осылай атап едік

Мейіргүлді құттықтау үшін сенбі күні жұмысқа шығып едік)


Жұмыстан тыс уақытта анда-санда осылай қуып, суретке түсетінбіз)

Біздің ұжым көршілес ағайындар алаштықтармен онлайнда да, оффлайнда да тату болды. Бір-бірімізді демеп, түскі және кешкі уақытта мафия ойнап, одан қалса онкейзетте болып жатқан қызықтарды, қойылған минустарды, небір жазбалар туралы сөз қозғайынбыз. Одан қалса, жаңа келген қолданушыға алаштықтар минус қойып тастаса, біз керісінше, қолдап, жеке хат жазып, сайқа қайта шақыратынбыз. Эстафеталар, оффлайн кездесулер, мафия, боулинг. Лентаның өзі бір қызық. Ән де айтып, ұрысып та, төбелесіп те, сөз жарыстырып та алатынбыз. «Айна ТВ», «Садко ФМ» туралы сөз қозғасам, онсыз да ұзақ болып бара жатқан блогымды екі күн 6 сағат 58 минут жазатын шығармын.

Нұржан осылай Алматыны шулатып кеткен)

V-Alem тобын алғаш танығандардың бірі біз болдық)

Боулинг ойнап, тырнақ сындырып, мафияға ойнауға көшкенбіз

Меніңше, «ON.KZ» порталында бір жылулық болатын. Қанша әзілдесіп, күлсек те, үлкенді үлкен, кішіні кіші деп сыйласып, бір-бірімізді құрметтеп жататынбыз. Ренжісіп қалсақ та, ол туралы ұмытып кететінбіз.

Бұл «ON.KZ» небір жұптарды онлайнда қосып, оффлайнда ажырастырып тастаған. Сәкен ол әне, әлі Рауанаға бара алмай жүр. Мына тұрған Қарағанды емес, Самарқанд пен Омбыны аралап кетті. Жарқын болса, «жеңге, жеңге» деп жүріп, жеңгесіз қалды. Жеңсіз қалмағанына, мың шүкір. Он сегізде бір гүлі ашылмаған Маржан әпке Алтайдың арғы жағынан келген кемпір болып шыға келді. Жоғарыда айтқанымдай, елді шулатып жүрген біресе, «Иттің баласы», біресе, «Қожанасыр» болды. Әзиз брат болса, 9 сантиметр үшін Болатбекпен онлайнда жаман төбелесіп қалған)))))))


Негізі, «ON.KZ» менің өміріме үлкен өзгерістер алып келді. Мені көп нәрсеге үйретті, алыстағыны жақындатып, жақынды алыстатып жіберді. Несін айтасыз, «ON.KZ» порталы мені көптеген жақсы жандармен тілдестіріп, кездестірді. Бұл портал - менің талай мұңымды, жырымды, ренішімді, қуанышымды көрген портал. Сол үшін де маған «ON.KZ» порталы қашан да ыстық әрі жылы болып көрінеді.

Ескерусіз қалсаң да, жасай бер, «ON.KZ»! Алтынбек пен Мейрамбек «Айхай, 25»-ті сағынып жүрсе, мен «ON.KZ» -ті сағынамын)

Ал эстафета кезегін талай алданып, талай шырылдаған Нұрзияға беріледі.