Балға сенбе, балсыз жүрме
жеке
блог

Балға сенбе, балсыз жүрме

                                                 балгер

Болашақ жасар газеті 10.04.2013

    Әңгіменің үлкені балшылар болды, бұл күнде. Адамзаттың көңіліндегі күмәншіл күдік те солардан, арылмас мұң да солар, көл-көсір қуаныш та сол екен. Біреулер айтады: балшы-балгерлер шынайы  қасиет иелері, ол адамға керек деп. Ал біреулер айтады: олардан асқан айлакер жоқ, жер-жаһанда деп. Ия, кімнің дұрыс, кімнің бұрыс айтып жатқандығын біз білмейміз, бірақ білуге құмартамыз қашан да. Шын мәнісінеде олар кімдер? Балгер -  бал ашушы болжам жасаудың ертеден келе жатқан  сенімдік иландыру тәсілі. Балгер адам тағдырының өткені, бүгіні, болашағын болжап шамандық діни сенім бойынша әрекет ететін тылсым сырдың дарынды иесі. Кейде адамдар бал ашу көмегімен өзін не отбасы мүшелерін қауіп-қатерден сақтап отырса, бірде өмірлерін де болжаған. Алайда, бал ашу көбіне бұл мақсатта емес, яғни, біреуге қастандық жасау тұрғысында жүзеге асып отырған. Бұл жағдайға адамның санасын билеу, дуалау сынды әрекеттер жатады. 

балшы

    Жалпы, алғанда бұл балгер-балшы атаулары қазақ тарихында болған ба? Болған. Ендеше бұл осы күннің шығарғаны емес, ата-бабадан келіп жеткен дүние. Мұны тіпті, тарих атасы Геродоттың жазған жазбаларынан да кездестіреміз. Оның айтуынша: «Сақтар – ежелде бақсы-балгерлерге кәміл сенген». Одан беріректегі ғалым Шоқанның: «Қазақтар болжаушы сәуегейді бақсы дейді. Бақсылар алдын ала болжамын өздерінің рухы атынан айтады. Бақсылар аурудың иесі  «зұлым рухтар» деп, олардың қатарына албасты, көнаяқ,  жез-тырнақ, сөрел, орман перісі, жын және шайтандарды жатқызған»,- деп жазуы да осының дәлелі. Тіпті, сонау күйзелісті жылдарға көз жібертер болсақ ел билеген хандарымыз әрдайым жандарында болжаушы, бақсыларды ұстап ертеңгі күндерін болжап, келер төтерден хабардар болып отырған.

бал

   Балшының айтқандары әу баста таң қалдырады, қызықтырады, сендіреді, содан соң Алла алдында күнәшіл етіп, өз ойыңды ысырып, балгершінің айтқанын күндіз-түні ойлауға алып келеді. Соған сенген сорлы басыңды сопра қайнатқандай қайнатып ауру етіп не алған бағытыңнан тайдырып, түзу жолдан адастырады. Ал адасқан өмірдің қайта түзеліп, қалыпқа келуі үлкен жұмбақ. Ия, шынайы қасиетке ие балшыларда жоқ емес. Тек олар көше кезіп «Бал ашамын, жол ашамын» - демейді. Өз үйінде отырып-ақ, алдына келген адамын қабылдап, жөнін айтып жатады. Ол көбіне емдеу, адамды аурудан арашалау мақсатында жүзеге асады. Ислам дінінде балгерге барып болашақты болжау – Аллаға серік қосу. Бұл тұрғыда шариғат көп жайттарды баян етеді, біздерге. Аллаһ балшылықты харам етті. Болашақты, яғни жасырын нәрсені бір Аллаһтан басқа ешкім білмейді. Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с) өз хадисінде былай деп айтып кеткен: «Кім көріпкелдің алдына барып, одан бір нәрсе сұраса және оның айтқанына сенсе, онда оның намазы қырық күнге дейін қабыл болмайды», – деген. (Мүслимнен келген хадис). әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, философия және саясаттану факультеті, дінтану және мәдениеттану кафедрасының профессоры Борбасова Қарлығаш Молдағалиқызы балгер туралы былай дейді:

-«Балгерлердің ісі күнә» деп есептелуі  таухид ұғымымен байланысты, яғни Аллаһтан басқа Тәңір жоқ. Балшы-балгерлердің іс-әрекетіне сеніп, оларды құрметтеп, пірге айналдыру әлі күнге дейін қоғамда сақталап келеді, тіпті қазіргі Қазақстанда кең етек жайған десек қателеспейміз. Дінтану ғылымында эзотерикалық (ішкі, құпия) ілімдер саласы ғылыми пән ретінде оқытылады. Балгерлер адамның денсаулығы жөнінде ғылыми медицина әдіснамасы мен құралдарын пайдаланбай болжамдар жасайды. Балгерлік, көріпкелдік жайлы әзірге нақтылы бір тоқтамға келген ғылымда тұжырым жоқ. Балгерлік те осы парапсихологияның бір саласы ретінде зерттеледі.. Мысалы 1882 ж. Лондон қаласында парапсихологияны жүйелі зерттеудің және бақылаудың нысаны ретінде белгілеп, қоғам құрылған. Нью-Йоркте халықаралық парапсихологтар ассоциациясы жұмыс жасайды. Балгерлерді сатанизммен (Шайтанға табынушылармен) байланысты адамдар ретінде  қабылдайды және де оларға сеніп баратын адамдар да ой-өрісі таяз, сенімі әлсіз жандар деп түсіндіреді.

                                                                                                      көше

   Балгерлікті күнделікті нан жеу көзіне айналдырғандарды бір тұрғыдан түсінуге де болады. Кейбірі әлеуметтік жағдайлары төмендіктен, өмір сүрудің бір формасына айналдырғандар, бұл істі. Алайда, адамдық тұрғыдан алғанда жалғандықпен, өзгенің өмірін ойрандаумен келген ақша харам, әрине. Бұл тұста профессор Қарлығаш Молдағалиқызының айтары мынадай:

«Күн көріс үшін әр түрлі іспен айналысуға болады. Бірақ адам сол өзі жасаған ісі үшін ұялмауы керек. Өзінде мен жоғарыда айтқандай, «ерекше қасиет» жоқ екенін біле тұра балгерлікпен айналысып адамдарға өтірік ақпарат беріп, сол үшін ақы алса бұл мақсатты түрде жасалған алайақтық болып есептеледі. Бұл әрекет заң жүзінде жазаланады. Сондықтан күн көріс үшін ел-жұртты алдап, жоқ нәрсеге үміттендіріп немесе болашақтан күдер үздірту «күнә» ретінде ғана емес адамшылыққа жатпайтын қатыгездік болып есептеледі».

кісен

    Өзге елдерде мұндай харам істермен айналысатындарға қатаң тыйым салынып, тіпті жазалауға дейін барады екен. Мысалы, Шешен Республикасының мүфтияты исламның атын жамылып алаяқтықпен, яғни көрiпкелдiкпен, өтiрiк емшiлiкпен айналысатындарды бақылауда ұстайды. Оларға бiрiншi ретте мұндай iстермен айналысқанын тоқтатуға бiр жеті мерзiм бередi, егер доғармаған жағдайда Қылмыстық кодекспен тергеп, тиісті жазасын шығарады екен. Ал, біздің елдің заңында балгерлікке арнайы тыйым салынбаса да, алаяқтықпен ақша тауып, жұртты әбігерге түсіретіндерге жаза бар. Тек сол заңды жүзеге асырушылар аз. Бұл қазақ азаматтарының өз құқықтарын өздері қорғай алмайтындықтарының салдары болар бәлкім. Әлде ақиқат, әлде лақап дерсіз мұны. Қазақстан Республикасының Қылмыстық Кодексінің 6 тарауының 177 бабында алаяқтыққа байланысты жазалау шараларын айтқан. Мұнда өзге жанның мүлігін не ақшасын иемдену сөзге тиек етіледі. Бірақ осы жолмен балгерлердің алаяқтық жасап адамзаттың сеніміне кіріп тақырға отырғызып жатқандары да аз емес. Өйткені, балгерге сенемін деп баспанасыз қалғандар да бар.

                                                                                                құрал

    Осы балгерлердің айтқандары қаншалықты сенімді деген мақсатта мен де құрбымды ертіп балгерге бардым. Көк базарды аралай келіп, Орталық мешіт алаңындағы орындықтарды барлағанымда тізбектеліп қаз-қатар отырған балшыларды көргенде мынау сірә балшылар мекені екен деген ойға келдім алғашқыда. Қалай қасына жоларымызды білмей тұрғанымызда «Ей, қыздар, маған келіңдер!» - деп дауыстап өзі шақырған балшы әйел, күлімдеп қасына отырғызып алды біздерді. «Ия, бал аштырайын деген ба едіңдер?» - деп бастады әңгімесін. Өзіміздің қызмет бабымен келгенімізді білдіртпеу үшін әдемі өтірік әңгіме құрап алдық, алғашқыда, соны айтып сөзге тарттық. Ол басын изеп «Еее» деп қояды. Кенет қолымнан шап беріп тамырымды ұстап бал ашамын деп әбігерге түсірді. «Алла!» деп ақырғанда. Алпыс екі мүшем тегіс талып, жаным ышқынып, қияметтің қыл көпірінде тұрғандай сезімде болдым. Жүрегім туылдап, ішімнен бісіміләмді жүз қайтарған шығармын.

-Атың кім?

-Гүлжан

-Жүрегің ауырып, тала береді екенсің.

Бірақ өмірімде жүрегім ауырып, талып көрмегенімді өзім біліп отырмын.

-«Бәрі жақсы», -дей бергенінде, сөздің басын бұрып әкетіп, атын сұрадық. Бақытгүл екен. «Осы маңайда тұрамын, пәтерде. Балшылықпен айналысып жүргеніме 7-8 жыл болды. Бұл қасиет маған екі жақтан да дарыған. Әкем - сынықшы. Анам – қасиетті адам болған. Күнде осы жерде таңертең оннан кешкі онға, кейде тіпті, он бірге дейін отырамын. Мен тамырмен ашамын, емдеймін. Ал, картамен ашу ол – күнә. Оны жамандар ашады. Айтқандай тоғызқұмалақ та ашамын. Өйткені, ол бұрыннан келе жатқан дүние. Ақшаны мынау не мынау демеймін. Әркім өз ниетіне қарай береді. Маған дәрігерлердің өзі ауруларын жібереді емдеуге. Жол да ашамын. Кішкентай сәбиден бастап, кәріге дейін түгел емдеймін», -деп Бақытгүл апай өз әңгімесін айтты. Ия, осылайша балгерге де барып көрдік. Орталық мешіттің айналасы толған балгерлер екен. Біреуі карта, біреуі тоғызқұмалақ, біреуі тамыр, біреуі кофе арқылы ашады. Бәрі де адам тағдырын болжағанға құмар, әйтеуір. Әр түрлі ұлт өкілдері жиналып, қасиетті мешіт айналасын сауда базарына айналдырған. Бірақ, бұл жағдайға қарап отырған басшылық қайда. Тек ел қоржынына салықтарын төлеу арқылы қаражат құйса болды оларға. Бірақ, адамдардың алдарына барып жатқандықтарын көріп, біздің халық балшылыққа сене ме деген тағы бір сауал туындады. Осы мақсатта «Балға сенесіз бе? Балгерге барғансыз ба?» деген сұрақтар төңірегінде сауалнама жүргізгенімізде аз адам сенетіндіктерін айтса, біршамасы балшыға барып бал аштырқандарын айтты.

                                                 мешіт

Ермұрат Назарұлы, студент:

-Сенген кезім болды жасырмаймын. Қазір мүлдем сенбеймін. Барып көрмегенмін. Құранда «Майда» деген сүренің 90-шы аятында «Аллаһ Тағала: ...арақ, тігілген тастар мен оқтар (бал тасы) және құмар ойын лас, шайтанның істерінен. Жақсылыққа жетем дегендер олардан бойларыңды аулақ ұстаңдар»,- деген. Осы аятты халық жүрегіне жақсы қабылдаса екен.

Тұрсынай Өмірзақова, студент:

-Ия, сенемін. ҰБТ тапсырар алдында барғанмын.

   Міне, тарих толғауы бақсы-балгерлердің тамыры сонау кездерден бері екендігін аңғартады. Кезінде ата-бабамыз расымен, сондай қасиетке ие болған дегенді ғалымдар да мойындайды. Ал, шариғат олардың ісін шайтанның жолына балайды, яғни Аллаға күмән келтірушілік. Заң балгерлерді алаяқтықпен ақша табу арқылы жазалауға боладыға жатқызады. Ал, халықтың көпшілігі оларға сенбейтіндіктерін аңғартса, кейбірі оларды қасиетті адамдарға балап әрдайым айтқандарымен жүреді. Ия, тарих, дін, заң, халық бүй дейді. Ал, сіз қандай ой түйдіңіз?

                                                                                                                                           Гүлжан Серік