ӨЗ ЖЫРЫНА ӨРТЕНГЕН Бибол Жұмағалиұлына

ӨЗ ЖЫРЫНА ӨРТЕНГЕН  Бибол Жұмағалиұлына
жеке
блог

Өзіміз құралпы жігіттердің ішінде көпшілігіміз бір-бір үйдің жалғызы, не жалғыз ұлы едік. Аналардың алтын құрсағына да өз саясатын жүргізген Қытай үкіметі бізді осылай жалқы өсірген-ді. Құдайға шүкір, ұрпағым азбасын, тұқымым тозбасын деген көкірегі ояу әкелер тәуелсіз елдің ортасында еркін өссін деп өмірінің өзегіндей ұлдарына қоса, көкірегін жарып шыққан армандарын арқалатып «тарихи отанымызға» жіберіп жатты. Тарихи отан дегенде, бағзыдан бүгінге дейінгі бар қазақтың өксігі мен өкініші бір-ақ еске түседі. Күлтегіннен Хан-Абылайға дейінгі батыр бабаларымыздың тұлпарының тұяғы жеткен, жерім деп жүрегін жарып өлген есіл ерлердің басы қалған киелі топыраққа осылай қош айтып аттанғамыз. Осының бәрі де күллі қазақтың тарихи отаны. Біздің буын әдебиетке осылай жырлап кірді.

Дәл сондай үйірін тапқан құнандай қайта түлеп келе жатқан жасында қыршын кеткен ақын досым Бибол Жұмағалиұлы еді. Өзімнен бір-ақ жас кіші бел құрдас, бауырымның қазасы – Алматыдағы ең алғашқы қасіретім, қайғым боп қалды. Көкірегін қарс айырып, ата-мекен, баба қонысы деп келген ақын досымның жүрегі Алматыға сыйған жоқ. Өлеңінде өлімді, өкінішті көп айтты. Сондықтан да маған ол өз жырына өртеніп кеткендей сезіле береді... Ол қаза тапқанда мен жазғы демалыс жайымен Қытайда болдым. Қаралы хабарды қаламдас достарым жеткізді. Содан Темірбек Бәзілқан ағамыз екеуміз қамданып жолға жиналдық. Шегараға жеткенде құжаттарымның дұрыс болмағандығы себепті бері қарай өте алмадым. Шегара түбінде отырып жазған мынау бір өлеңімді Темірбек ағмның қолына ұстатып жатып «Бауырымның қабірінің басында тұрып оқып бер!» деп едім...

ӨЗ ЖЫРЫНА ӨРТЕНГЕН

Бибол Жұмағалиұлына 

Қашайын ба екен Ілеге,

Қарагерімді қамшылап.

Бибол Жұмағали

Кебінге орап, кері айналмас кетті арман,

Бес күн ғұмыр кеше алмаған, Бек – қарғам.

Кеше түнде түсімде бір қарагер,

Құлдырап кеп қырдан асып жоқ болған...

 

Келте ғана ғұмырыңмен өлшенген,

Кейпі осы ма сұм тағдырдың сен сенген?!

Қайтем енді, адал, аңқау досым-ай,

Қапияда өз жырына өртенген.

 

Хабарыңды әлгі алты қаз әкелді,

Жанарымнан құлап сансыз жас өлді.

Қар Іленің құшағына бір күні,

Қашам деуші ең, ал қаш енді, қаш енді!!!

 

Тоз-тоз болған бөрілерін ұлытты ол,

Табытыңды кетті арқалап қырық бел.

Қабырғасын қасіретпен қақ бөліп,

Қаршығасын жерлеп қайтты жігіттер.

 

Пендеміз ғой, күрсінерміз, жылармыз,

Күні жетсе көкке ұшатын мұнармыз.

Осы жолмен бірімізді-біріміз,

Енді талай ұзатып сап тұрармыз.

 

Қайта соғар қасіретке бағынып,

Қала берді тал бүгіліп, тау ұлып.

Бауырым-ай, ұйықташы енді күрсінбей,

Баба жұрттың топырағын жамылып!

 

Қара дөңде қаңыраған қосы қап,

Керуен-керуен кетті өмірдің көші ұзап.

Төбедей боп төңкеріліп тұр ма екен,

Төлегенге бұйырмаған топырақ?!...

2009