жеке
блог

"Махаббат"

Балапанымнан баулыған марқұм нағашым Нұрмұхамет Сауданбекұлы өмірден қайтқанына биыл тоғыз жыл толыпты. Аяулы нағашы әжем өмірден ерте қайтып, ұл-қызын өзі ержеткізіп, тәрбиелеп, өсірген екен. Кейін мен бір жасқа толар-толмаста тұңғыш еркек кіндікті жиенім ғой, маған беріңдер деп ата-әжемнен сұрап алған. Он алты жасыма дейін сол кісінің тәрбиесінде болдым. Ол кісі өмірден қайтқан соң ғана, қаладағы ағамның(әкемді айтам) қолына келдім. Кейін тағдыр айдап Алматыға кеттік. Анда-санда демалыста ауылға бара қалсам болды, Тынымбай Нұрмағамбетовтың «Ата қоныс» әңгімесіндегі Мұқа шалдың кейпіне түсем, дәл сондай боп өзімді кіналаймын. Мына өлең шумақтары сол қадірлі ақсақалымның, балалық шақ, бақытты күндердің, өзім өскен қара шаңырақтың, ата қоныстың ескерткішіндей жүрегімде қаланып еді.

- Қайсар Қауымбекұлы

 

(бұл менің 8-9 ай шамасындағы кезім. Нағашы атам, анам және нағашы ағам. Анамның көйлегіне қарап-ақ суретке түсердің алдында не бүлдіргенімді байқап тұрған боларсыз)

МАХАББАТ

Сүрініпті өмір атты көкпардан,

Сұм тағдырға кеудесінде кек қалған.

Менің атам өле-өлгенше жан жарын,

Сағынумен, зарығумен өткен жан.

 

Алдап өткен ақ сағымдай ауып құт,

Қайран ерді қарық қылмай, ғаріп қып.

Құдай қосып алған жары әжеміз,

Сәл ертелеу аттаныпты. Жарықтық!

 

Тағдырына төніп содан тосын бұлт,

Сүйрелесіп, түзепті, әйтеу, көшін жұрт.

Әке де боп, шеше де боп бірақ ол,

Ұрпағына көрсетпепті жетімдік.

 

Сезді ме екен бір ажалдан озбасын,

Сұм жалғаннан іздемепті өзге асыл.

Күздің күрең бұлтындай боп түнеріп,

Төгіп-төгіп біткен дейді ел көз жасын.

 

Күн ауғанша қу жанында жоқ тыным,

Күйбең тірлік күйдірді оның көп күнін.

Мауқын басар, сәл сырласар тым құрса,

Әжеміздің суреті де жоқ-тұғын.

 

Бесінге ауып барған шақта күн бірден,

Жайнамазға жығылатын зіл мұңмен.

Тоқсан толғап тарататын тасбиғын,

Оның сонда нені ойларын кім білген.

 

Туы болмай жүрсе дағы қайта ұстар,

Ол ешкімге көрген емес айтып зар.

Кәрі еменнің тұғырындай түнеріп,

Сөне берді күннен-күнге байқұс шал.

 

Қайран жүрек тілім-тілім, тілім боп,

Кәрі көздің қарашығы дірілдеп.

Көз жұмарда кемпірінің есімін,

Әлсін-әлсін айтып жатты күбірлеп.

 

Шын сағынып өтті солай бір ғұмыр,

Жүрегімде өнген содан мұңды жыр.

Ана – жерге аманаттап соңғы рет,

Қабірінің жауып қайттық түңлігін.

 

Ұмыта алмай кетті, білем, дертті сол,

Оны ойласам өзегіме өрт түсер.

Көл-теңізге қимайтұғын махаббат,

Он сегізге бермейтұғын жетпіс – ол!

2005

 

АТАМА

Шырылдатып, жылатып құс жүректі,

Қас-қағымда зырылдап үш жыл өтті.

Сонау қырда қалқиған бір төбешік,

Үш оранып, ақ қарға үш түлепті.

 

Қуат қылып иісін тымағыңның,

Жылап тұрып, құшақтай құладым мың.

Көшесі де көзіме жат көрініп,

Үш жылы өтті өзіңсіз бұл ауылдың.

 

Көңілдегі алысып мың бір мұңмен,

Бәрін білдім мен осы құрғыр күннен.

Қабырғамды енді-енді қозғап едім,

Қанатымды тағы да сындырдым мен.

 

Жатар едім томпиып құшағыңда,

Қалдым, ата, қайтемін құса-мұңда.

Үш-ақ жылда жаныма қырау қонып,

Азамат боп кетіппін үш ақ жылда.

 

Биікте емес, күйікте күн кешіріп,

Жолда қалған жандаймын күйме сынып.

Тағы міне өзіңмен тілдесуге,

Қабіріңе барамын сүйретіліп.

2006

 

                ҚАЛАЛЫҚ ҚЫЗҒА

Қаладағы, қайдағы сайқалға еріп,

Періштем-ау, кетерсің сайтан болып.

Айлы түнде, ауылда, қырда өбісіп,

Сыр бөлісіп оңаша қайтар ма едік?!

 

Жүрші, жаным, барайық баққа қарай,

Нұр шуағын біздерге ақтарады ай.

Ақ ниетпен жыр жолдап тұрар бізге,

Көкжиектен күлімдеп атқан арай.

 

Аппақ ардай жаралған кереметтен,

Бір перизат бар ма екен сенен өткен?!

Маған еріп көк белге барасың ба?

Бала болып ойнатам көбелекпен.

 

Ұмыттырып жаныңнан қайғы-мұңды,

Саған ерттеп берейін Тайбурылды.

Бәрін жайып тастайын ақ жолыңа,

Тауларымды, даламды – байлығымды.

 

Ойнақтатып арғымақ дала-қырда,

Шуақ тұнсын мойылдай жанарыңда.

Нағашымның үйіне кетем алып,

«Келін келді!!!» дегізіп бар ауылға.

 

Қара жеңгем қуанып тұр анамдай,

Бақыт туар басыңа, сірә, қандай!

Аң-таң болып қаларсың қапелімде,

Жылай алмай немесе күле де алмай.

 

Басымызға қонған бақ сәл күттіріп,

Босағадан енсе ғой шалқып, күліп!

Бал татыған мен сонда бар деміңе,

Балқып тұрып, өлсем-ау, балқып тұрып!

 

Бара жаздап тағдырың жарға кеше,

Ойларсың-ау қуанып, сонда неше.

Қайтер едің қалалық сырластарың,

«Сонда тапқан жігітің сол ма...» десе?!

 ***

("Әй, әлгі көршінің қызы күйеуге шықты. соған қамданып жатырмыз" деп нағашы жеңгем телефон шалып тұр)

Бала едік қой, бала едік, балғын ой көп,

Балалықты біліппіз мәңгі ғой деп.

Мені өсірген өзімнің «пайғамбарым»

Жолдасы еді әкеңнің қанды көйлек.

 

Бірге ойнадық, бірге өстік, бөлінбеуші ек,

Бүйтер ме едік сондағы көңілге ерсек?!

Қылығыңа мәз болып, қайран атам,

Тұлымыңнан иіскеп «келін» деуші ед.

 

Ал мен тентек білуші ем бір бәлені,

Сол сөз үшін жүрегім құрбан еді.

Қыдырлы өмір шалдардың шарапаты,

Құлын көңіл сезімнің құндағы еді.

 

Бүлінді бақ, ақ көңіл шал да кетті,

Бөлтірік ем, бақты өмір, Арлан етті.

Бұрымыңдай екіге бөлінді ірге,

Бұлттай бастан ай мен жыл аунап өтті.

 

Жалған өмір күттірген баққа бола,

Жалғыз жортып кетіппін жат қалаға.

Сеніміңді сезбесем, кешір мені,

Сері күнді кешірсін хақ тағала.

 

Жібек мінез періштем сен едің ғой,

Жетелеген жақсы аға мен едім ғой.

Адал, аңқау, о, менің махаббатым,

Аяқталмай қалған бір өлеңімдей.

 

Тұғырдағы құс едік шал қайырған,

Түлеп ұштың,

алмайын шалғайыңнан.

Саған жар да, маған жат бақыт көрдім,

Менің атам иіскеген маңдайыңнан.

2006

 

БҰЛ ДА АТАМДЫ САҒЫНҒАНДА...

Мен жердемін.

Ал сен ше, Көктесіңбе?!

Тарланым-ай, тентегің жоқ па есіңде?..

Жұлым-жұлым жүрегін сүйрелетіп,

Ұлың бүгін шоқ басып, от кешуде.

 

Естідің бе, жырымды естідің бе?!

Өмір зулап, кешегі ескіруде.

Әжем сені аспанда дейтін маған,

Қайдан білген отырып пеш түбінде.

 

Сондағы ұлың әр нені арман қылар,

Көп жұлдызға қараушы ем таңнан құлар.

«Е, жарықтық жақсы адам, дейтін тағы,

Көкте нұры шалқығай, Пәруардігар!»

 

Етек-жеңі осынау тар ғұмырда,

Көп көрген ол тағдырдың тарлығын да.

Әйтсе дағы періште, әруақ, пері,

Әжем осы білетін барлығын да.

 

Көктем өтті, сан мәрте жылдар аунап,

Кеткем отты жанымды жырға байлап.

Сізден маған көп ертек, аңыз қалды,

Қалды артымда қол бұлғап туған аймақ.

 

Сен тіріде басыма бұйырмаған,

Бір ғаламат бақ қонды биыл маған.

Аңыздағы перінің қызын көрдім

Алматыда, асқанда жиырмадан.

 

Сенен бақ қой бата алып енші бөлген,

Сүйінші алшы көп туыс көршілерден.

Сақалыңның бір талын тұтатайын,

Жұмағыңды қалдырып келші бермен.

2008

 

АУЫЛҒА БАРҒАНДА

Өзекте ауыл.

Өрттей жанған кешқұрым,

Өзегімді тырнайды кеп ескі мұң.

Құбылаға жинады күн сәулесін,

Құйрығындай қанжирен кіл бестінің

 

Бура бұлтты есіп өткен сарбауыр,

Мына көк шың – қанға малған қандауыр.

Аулақ барып ыңыранып шөкті де,

Ауырсынып ауық-ауық аунады.

 

Саяқ кеткен жылқы үні де үрейлі,

Сапырады бір ой қуып, бір ойды.

Жортуылдан жеткен Жетіқарақшы,

Құба қырдың желкесінде түнейді.

 

Жез киіктің сауырындай мұңлық ай,

Көкжиектен қашады ұзап құлдырай.

Жүрегімдей жүдеп қалған ауылдың,

Жетімсіреп жатқан осы тірлігі-ай!

2011

Бөлісу:
Пікір қалдыру үшін сайтқа кіріңіз
Өзгерту



Жұлдызды блогтар

Жайлауға атпен бардық // Екіаша, Көкбұлақ, Шет Меркі, Орта Меркі
Жайлауға атпен бардық // Екіаша, Көкбұлақ, Шет Меркі, Орта Меркі
Шет Меркі өзені, Тоғызбұлақ ауылының тамаша табиғаты
Шет Меркі өзені, Тоғызбұлақ ауылының тамаша табиғаты
Ораза айының өңірлер бойынша кестесі
Ораза айының өңірлер бойынша кестесі