Ренат Гайсин. «ЖАУЖҮРЕК МЫҢ БАЛА» ФИЛЬМІНДЕ АБАЙДЫҢ ӘНІ ҚОЛДАНЫЛҒАНЫ ЖӨН БЕ?
жеке
блог

Ренат Гайсин. «ЖАУЖҮРЕК МЫҢ БАЛА» ФИЛЬМІНДЕ АБАЙДЫҢ ӘНІ ҚОЛДАНЫЛҒАНЫ ЖӨН БЕ?

-          Қазіргі таңда қайдасыз? Өзіңізді жоғалтып алдық қой.

-          Жұмыс жасап жатырмыз. Жоғалтып алдық деп әдетте әншілерге айтып жатады ғой деп ойлаймын. Бұрындары ән айтып көрсек те, мен әнші емеспін. Оның үстіне жұмыстарым да басымнан асады. Қазіргі кезде шетелдік компаниялармен  келісім шартқа отырып жұмыс жасап жатқан жайым бар. Сондықтан екі ортада шапқылап жүрем. Әрі оқуым да бар дегендей.

-          Естуімше, «Сатайфильм» киностудиясымен бірлесе  жұмыс жасап жатыр екенсіз.

-          Ақанмен бірге жұмыс жасап жатқанымызға бірнеше жылдың жүзі болды. Ең алғашқы бірлесіп жасаған жұмысымыз «Ағайындылар» сериалының саундтрегі. Фильмді көргеннен кейін, аяқ астынан шабыт келіп музыка жаздым. Бірден Ақанға апардым. Жалпы әр режиссердың өзіндік ерекше қасиеттері болады ғой. Ақанның көп режиссерларға беріле бермейтін  ерекше қасиеті музыканы жан-тәнімен түсінетіндігінде. Ол апарған музыканы  салған жерден ұнатты. Сол сәтте студияда да Бекболат аға отыр екен, ол кісі де музыканы естіп, бұған бір әдемі сөз жазу керек екен деді. Мен де келістім ағамыздың пікірімен. Ертеңіне Бекболат аға өзі сөзін жазып әкелді. Сөйтіп саундтрек дүниеге келді. Кейін «Заблудившийся», «Ликвидатор» фильмдеріне ән жаздым. Ал соңғы ірі туындымыз «Жаужүрек мың бала». Қазір де  жаңа жобаны қолға алып, бірлесіп жұмыс жасаудамыз. Бірақ қандай туынды екенін әзірге жарияламай-ақ қояйын. Уақыты келгенде өздеріңіз куә боласыздар.    

-          «Ағайындылар», «Жаужүрек мың бала » сынды қазақ киносының көшін бастап тұрған фильмдердің композитор-өңдеушісі өзіңіз. Жасаған жұмысыңызға көңіліңіз тола ма? Жалпы, композитор үшін алдыңғы орында білім бе жоқ әлде талант па?

-          Шығарма жүректен-жүрекке жетуі үшін шынайы ниетпен жазылуы керек. Сонда ғана халықтың көңілінен шығады. Ал халықтың ыстық ықыласы кез-келген ақшадан да, дүниеден де қымбат. Өзім қандай туынды жазсам да өз жұмысыма әрдайым сыни көзбен қараймын.  Фильмдерге әнмен әрлесем де, әншілерге ән жазсам да барлығы шын жүректен туған дүниелер. Жан-жақты қарап, жеті рет өлшеп, бір рет кесуге тырысып бағамын. Ал бағасын халық береді. Әр шығармамды жарыққа шығарған сайын көпшіліктен бағасын күтемін. Олар қандай баға берсе, шығармамды сондай бағаға лайық деп есептеймін.  Жалпы, жартылай бітпеген, не бір қайнауы кем дүниелерді мен әбден пісіп жеткенше жарыққа шығармауға тырысам. Оның үстіне мен өзімді композитормын дей алмаймын. Тіпті, олай атауға ұяламын. Композитор деген белгілі бір шығармалар дүниеге әкелген жандар. Мен әлі осы атаққа лайық болу жолында келе жатырмын. Сондықтан бізге ол атақты иеленуге әлі ерте. Ал сіздің сұрағыңызға келсек, әрине білім. Талантты шыңдайтын да білім. Сазгер қашан болсын, қайда болсын үнемі ізденіс үстінде жүруі керек.

-          Тарихи фильмдерді әнмен әрлегенде көп ізденесіз бе?

-          Әрине. Енді тарихи фильм деп отырғаның «Жаужүрек мың бала» болар. Ақан келіп осындай фильм түсіргелі жатырмыз дегенде, қуаныштан төбем көкке жеткендей болды. Бұрыннан шіркін, осындай бір фильм түсірілсе, мен соған ән жазсам ғой деген ой маза бермейтін. Ақан менің көктен іздегенімді, жерден тауып бергендей болды. Енді қашан кірісеміз дегенімде, әзір тұра-тұр, алдымен фильмді түсірейік, сосын монтаждап болғасын өзіңе әкеп көрсетем, сонда түсінесің деді. Шынымен де монтаждалған нұсқасын әкелгенде, мен не жазу керектігін бірден жан-дүниеммен сезіндім. Фильм мені бірден жаулап алды, Ақан  ең алдымен халық әндерін, халық композиторларының туындыларын көбірек қосу керек деп өз ұсынысын білдірді. Менің де ойым сол болатын, бірден келісе кеттім.  Сөйтіп, білегімді сыбана іске кірістік. Жалпы фильмде қолданылған әуендердің жартысы өзімнің жанымнан шыққан туындылар. Нәтижесі де жаман емес деп ойлаймын. Қалың көпшіліктің көңілінен шыққан сияқты. Оның үстіне өзіңіз де білесіз фильм Оскар сыйлығына үміткер.

-           Келесі сұрағымыз осы фильм жайында болмақ.  Киноның алғаш 54 минутында Абайдың «Көзімнің қарасы» әнінің әуені ойнайды. «Аңырақай шайқасы» 1729-30  жылдары болғанын есепке алсақ, 1845 жылы дүниеге келген Абайдың әні фильмде не істеп жүр деген сұрақ еріксіз туады.

-          Мұндағы басты мақсат өскелең ұрпаққа ұмытылып бара жатырған әндерімізді насихаттау болды. Абай бір ғасыр кейін дүниеге келді екен, «Көзімнің қарасы», «Айттым сәлем, Қаламқас» сынды туындыларды пайдаланбау, қазақ музыкасының обалына қалу деп ойлаймын. Фильмде пайдаланылған халық әндері болсын, Абайдың не Естайдың әндері болсын әрқайсысы шоқтығы биік туындылар. Мұндай шығармаларды орайы келсе насихаттауға тырысуымыз керек. Менің де фильмге жоғарыдағы әуендерді қосқандағы басты мақсатым осы еді. Есіңізде болсын, Абай егер сол заманда  дүниеге келген болса, оның әндері сол дәуірдің бетке ұстар туындылары болар еді. Өйткені оның әндерін басқа ешкім шығара алмайды. Оған еш күмәніңіз болмасын. Сондықтан тарихқа көз жүгіртпеген деген айыптаулар жөнсіз деп санаймын.

-          Әңгімемізді әншілік өнеріңізге бұрсақ. Дауысыңызды  естімегелі біраз болды. Соған қарағанда әншілікті шетке ысырып тастағансыз-ау деймін.

-          Иә, бір кездері өнердің ол пұшпағында илеп көрдік. Әріптестерім дауысымды естіп, өзің неге айтпайсың деп пікірлерін білдіргесін әнді де айтып көрдім. Бірақ  мен алдыма әнші болам деген мақсат қойған жан емеспін. Оған қоса «Етікші етікке жарымас» демекші, ән жазсам болды, достарым қолқалап алып кетеді. Сосын ойлана келе, мен әнші болмай-ақ қояйын, одан да әнші достарыма ән жазайын деп шештім. Шүкір, біраз әндерім қазақ сахнасының төрінде шырқалып жүр. Бірақ, күні бүгінге дейін еш жерде жарық көрмеген әндерім де баршылық. Олар компьютерімнің жұмыс үстелінде бір дорбада сақтаулы. Олардың жарық көрмеуінің де өзіндік себебі бар.

         Менің ойымша, әнді шығарған адамынан артық орындай алатын жан болмайды. Себебі, әнді жазған адам, өз шығармасын жан-дүниесімен сезіне орындайды. Жаңағы дорбадағы әндер де осындай ұлы сезімнен туған дүниелер. Мен әншілер жеткізе алмайды сондықтан бергім келмейді деп айтудан аулақпын. Уақыты келіп, піскенде өзім айтып халыққа ұсынамын деген ойдамын. Бірақ ол уақыт қашан екені өзіме де беймәлім. Дегенменен орайы түскенде бірер әнді қолқа салып алып кетіп жатады.

-          Шығармашылығыңызда нендей өзгерістер бар?

-          Жоғарыда айтып өткенімдей, шетелде жұмыс жасап жатқан жайым бар. Сонымен қатар Ақанмен де бірігіп жұмыс жасаудамыз. АҚШ-та білімімді жетілдіріп жайым бар. Оның үстіне өздеріңіз білетін «The Magic of Nomads» тобының да шығармашылығымен айналысам. Кеше ғана тұсау кесе салып, Юрмалада ел намысын қорғап төртінші орын алып қайтқан «The Sigits»  тобына да уақытымды бөлуге тырысам. Азиаданың ашылуын кезінде Игорь Крутойдың шығармашылық тобымен бірлесе жасаған болатынбыз. Қазір серіктестігіміз әрі қарай жалғасын табуда. Қазіргі таңда Ресей мемлекетінде өтетін Универсиадаға музыка жазу үстіндемін.

-          Болашаққа құрған жоспарларыңызбен бөлісе отырсаңыз.

-          Бұйырса, күз айларында өзімнің жеке сайтымды ашпақпын. Өздеріңіз қарап, бағалай жатарсыздар. Оған қоса, күні бүгінге дейін жазған әндерімнің басын құрап, өз алдына диск етіп шығарсам ба деймін. Барлығы болашақтың еншісінде.

-          Өзіңіз үшін соңғы жылдары дүниеге келген туындыларыңыздың ішінде шоқтығы биік, жүрегіңізге аса жақын шығармаңыз бар ма?

-          Осыдан үш жыл бұрын әкем дүниеден өтті. Сол оқиға маған ауыр соққы болып тиді. Жарты жылдай өз-өзіме келе алмай жүрдім. Кімге болсын әке қазасы оңай тимесі хақ. Арқа сүйер асқар тауың құлағандай болады. Содан бөлек бір күйге түстім. Ішімде бір сезім бірнеше айлар бойы мені жай таптырмады. Сөйтіп пианиноға отырдым. Саусақтарым өзінен-өзі ойнай жөнелді. Бір мұңды күй ақтарылды. Тезірек қағаз бетіне түсіріп алдым. Бірден өнердегі бауырым Мейрамбекке хабарласып мән-жайды айттым. Екеуміз суыт жиналып Астанаға ұштық. Белгілі ақын Қалқаман Саринге бардық. Мен сол жерде әуенді тартып бердім. Небары жарты сағат ішінде әннің сөзі де дайын болды. Ән «Әкеге арнау» деп аталды. Әкемнің бір жылдық асын берген кезде, әнді анама апарып көрсеттім. Мейрамбек бауырым орындап жүрді. Бірақ үлкен сахналарда орындалмаған болатын. Жақында Мейрамбекке осы әнді өңдеп жарыққа шығарайық десем, ол әннің әлдеқашан ғаламторда жүргенін айтты. Қалай шығып кеткенін не ол, не мен білмейміз. Бәлкім, өмірімдегі бір ауыр кездермен байланысты болғасын ба, әлде жақын адамыма арналғасын ба соңғы үш жылда дүниеге келген әндеімнің ішінде осы туындым барлығынан ыстық.

-          Небары 7 нотадан елдің жүрегін жаулайтын туынды дүниеге әкелу қиын емес пе?

-          Әркімге әрқалай болар. Музыканың дүниеге келуі тікелей шабытқа байланысты. Шабыт                  

            келген уақытта 7 нотаның өзі саған шаш-етектен жетеді. Мұны сөзбен айтып жеткізу  

            мүмкін емес. Іштегі сезімді сыртқа шығару үшін ең бастысы қиял қажет. Қалай жеткізу   

            тікелей өзіңе байланысты. Осындай қасиет беріп, елге қызмет ету бақытын бұйыртқаны   

            үшін мен әр күн сайын таңда тұрып Аллаға мың да шүкірлік етемін.    

-          Музаңыз бар ма?

-          Негізі қатып қалған музам жоқ. Әртүрлі жағдайлар себеп болып жатады. Кейде тіпті жаңбырдың тырсылы не сәбидің уілі де себеп болуы әбден мүмкін. Егер шабыт деген сезімді түсіндіру мүмкін болса, сізге ештеңені жасырмай ақтарылып айтып берер едім, бірақ ол мүмкін емес. Шабыт деген дүние көзге көрінбейтін, сөзбен суреттелмейін тылсым дүние.

-          Ренат, сіз жеке өмірі құпия жандардың бірісіз. Отбасыңыз жайлы кеңірек баяндай отырсаңыз.

-          2 ұлым бар. Екеуі де мектеп жасында. Анам бар. Жоғарыда айтып өткенімдей әкем үш жыл бұрын көз жұмды.Негізі бүгінгі сұхбатымыз шығармашылыққа арналсын дегім келеді сізге. Жеке өмірім туралы бұйырса, келесі бір сұхбатымда басынан-аяқ айтып берермін.

-          Бұйырса. Ендеше, алтын уақытыңызды бөлгеніңіз үшін сізге мың алғыс.