...ТАБАНЫҢЫЗДАН СҮЙЕЙІНШІ
жеке
блог

...ТАБАНЫҢЫЗДАН СҮЙЕЙІНШІ

Әке-шешеме жоламай, әжемнің бауырында өстім. Мен ол кісінің ең кішкене немересі едім. Әжем маған «Мен сені туған кезде бүкіл тісімді теуіп сындырғансың» – деп отыратын. Әкем қаталдау адам болатын. Таңертең егістікке бет алғанда, құртақандай мені ертіп алатын-ды. Баланың таң алдындағы ұйқысы тәтті болады емес пе? Ұйқыны қимаймын. Ал, әжем менің аяқ жағыма отырып алып, табанымнан сүйіп оятатын еді. Мен тұрып кетпейінше, сүюін тоқтатпайтын. Ол кезде соған мәз болып, «сүйе түссін» дегендей жата түсуші ем. Артынша әкем келетін, «аттандап». Мен әжемнің самаурынға қайнатқан шайына да қарамай, егістікке безетінмін.
Ол күндер көңілден жылыстап кеткелі қашан. Еркелікті ауылға қалдырып, көштен қалмай, Алматыға аттандық. Демалысқа шыққан сайын әжемді сағынып, ауылға тартып отыру үйреншікті әдетіме айналған. Биыл да бардым. Бала кездегі ұйқышылдығым дендеп, ауылға бара салып, ұйқының әкесін таныттым-ау.
Бүгін де сәске түске дейін ұйықтаппын. Аяқ жағым жыбырлайды. Оятпақ болып, сайқымазақ жасап жүрген жеңгелерімнің бірі екен деп , теуіп жібердім. Лезде әжемнің кейіген даусы шықты. «Ой, балам, табаныңнан сүйейін десем… Тісімді сындырып жібердің-ау деймін…» – дейді. Әжемнің аузы қанталап кеткен екен. Ұшып тұрдым. Не істерімді білмеймін. Қарт анаға қарасам, тіпті ренжитін емес. «Сүйгізбесең сүйгізбе, қайда жүрсең де аман бол, сені туғанымда тісімнің біразын сындырып едің, енді жаным сенен садаға кетсін» – дейді.
Ұялып қалдым. Жиырманы алқымдап, аяқ сүйгізетін мен кім едім?! Мен сексен жасап,аналық махаббатын төккен әжемнің тырнағының ұшына да тұрмаймын-ау. Ал, бірақ…
Әжем Алматыға шығарып салып тұр. «Қақаным, табаныңнан иіскетіп, құмарымды қандырмай кетіп барасың. Сен келгенше өліп қалмасам, жарар еді».
«Мені ана махаббатын немен өтесем екен-ә?» деген ойлар мазалап барады. Қазақта «Жұмақ ананың аяғының астында» деген сөз бар емес пе еді? Не істесем екен-ә? Бәлкім… Иә, олай болса, әжетай, ұрланып барып, мен де … (тақырыпқа қараңызшы)