Біржан Молдахметов. ЕЛ КӨРМЕГЕН ШОУ ЖАСАМАҚПЫН.

Біржан Молдахметов. ЕЛ КӨРМЕГЕН ШОУ ЖАСАМАҚПЫН.
жеке
блог

 

-          Алдымен өзіңді таныстыра отырсаң.

-          Әсем қала Алматыда дүниеге келгенмін. Осында туып-өстім. Ержеттім. Атам жасында жырау болған, сол кісіден дарыған болар, мен де бала кезімнен өнерге жақын боп өстім. Оның үстіне кішкентайымнан есімімді мақтан тұтатынмын. Атақты адамның аты екінің біріне қойылмайды. Мен атыма сай болуым керек деп ойлайтын болсам керек, барынша жақсы оқуға, үлгілі болуға тырыстым.

-          Өнерге жасаған алғаш қадамың мектептен бастау алды ма?

-          Негізі, ата-анаммен қонаққа барудан басталды. Бала болған соң анаңмен еріп қыдырасың. Содан барған үйімізде домбыра болса, менің алып бер де, алып бер деген айқайым басталып, әбден домбыра қолыма тимейінше тыныштық таппайды екем. Бірде атамның үйіне барыппыз, атам домбыра шертіп отырса керек, мен үйге кіре сала домбырасына ұмтылыппын. Атам "бұл баланың талабы таудай екен, ала ғой домбырамды" деп батасын беріпті. Үйге келген соң, әрі-бері дыңылдатып жүріп, өз бетіммен үйреніп кеттім. Кейін екі жыл домбырадан сабақ алдым.

-          Бірақ мектеп бітіргесін өнер саласын емес, өзге саладан мамандық таңдапсың...

-          Иә. Заң саласы қызықтырды. Сосын әкемнің кеңесімен Мәскеу қаласында білім алдым. Студент кезімде Мәскеуге Төлеген Мұхамеджанов келіп шығармашылық кешін өткізді. Кеш ортасында өзінің студенттік шағы осы қалада өткенін, сондықтан Мәскеудің жанына ерекше жақын екенін айтты. Сонда менің кеудемдегі балалық арман бұлқынып, қайта оянғандай болды. Мен де өнер мен заң саласын қатар алып жүріп, арада бірнеше жыл өткесін, осында кеп өз кешімді өткізсем ғой деп армандай бастадым.  

-          Демек қазіргі таңда сен екі саланы қатар алып жүрсің ғой.

-          Дәл солай.

-          Қиын емес пе?

-          Оңай десем жалған, қиын десем ер деген атыма сын болар. Шүкір, барынша үлгеруге тырысып жүрмін.

-          Жақында ән жаздың. Тыңдап едім, сөзі арзандау боп көрінді.

-          Кемшілігім болар, музыкасына баса мән бердім де, сөзінің астарына үңілгем жоқ. Бірақ ақынды да кінәлай алмаймын. Себебі сөзі халықтың жаттауын оңай болсыншы деп өтінген өзім. Алғашқы әнім ғой, келесіде барынша кемшіліксіз етуге тырысамын. Дегенменен аталмыш әнім Қазақ радиосының алтын қорына енді.

-          Үнемі осындай клубтық стильдегі ән айтпақсың ба?

-          Жоқ. Өзімді жан-жақты сынап көрмекпін. Қазір лирикалық бағытта бір ән жазуды бастадық.

-          Өзге әріптестеріңнен өзіндік ерекшелігің.

-          Үнемі шетел әншілерінің жақсы тұстарын алуға тырысамын. Мысалы, «Akon», «Snoop Dogg » сынды рэп оқушылардың әндерін бірден танисың және ешқашан шатастырмайсың. Өйткені сноп дог әні ылғи иттің үріп жатқан дауысымен басталады. Сол сияқты біз де әнді жазу барысында біраз іздендік. Аңғарсаңыз әннің басында арыстанның дауысы естіледі. Менің ең басты ерекшелігім осы. Болашақта үлкен сахналарда өнер көрсетіп жатсам,батыс елдерінің деңгейіне сай келетін  қазақ елінде болмаған  шоу жасаймын ба деген арманым бар. Тек қана жалғыз өзі ән айтатын әншілерден халық  шаршады.  

-          Өзіңді ХХІ ғасыр Біржан салы деп атасақ бола ма?

-          Қалауыңыз білсін. Бабамыздың есіміне кір жуытпауға тырысамын. Өз заманымның Біржан салы атануға қарсы емеспін.Ондай атаққа сай келсем, халық өзі бағасын берер...

-          Бойдақ жігітке әр қыздың бар таласы деп әзілдегім кеп отыр. Шынымен де жеке өмірің жайлы айта отырсаң.

-          Басым бос. Әлі отау көтермегем.

-          Басыңыз бос болғанымен жүрегіңіз бос па? Естуімше, қобызшы қызымыз Ақерке Тәжібаевамен жүрген екенсіз. Бірақ айрылысып кетіпті дейді. Қаншалықты рас?

-          Жүрегім жайлы сөз қозғамағанымыз абзал. Ұзынқұлақтан естіген сыбыстарыңызға келсек, ондай жағдайлар кезінде орын алғаны рас. Қазіргі таңда біздің бірге не бөлек екеніміз құпия қалсын.