Шулатқан Шымқұрылтай!

Шулатқан Шымқұрылтай!
жеке
блог

Блогқұрылтай туралы баяндағандар, Шымкент туралы шулағандар сәл-сәл саябырсыды. Келгелі бері, қасақана уақыт та тапшы, жұмыс та көп, әлеуметтік желілерде жарияланған суреттерге алаң-алаң етіп, көз жүгірткеніміз болмаса, жарытып блог оқып, есеп жазуға мүмкіндік болмады. Келіп алып, тымпиып отырған да жарамас. Жазайық...

Демек, ел қатарлы бардық, көрдік. үшінші мәрте болып отырған бұл блогқұрылтайға қатысуым көздеген пайдама шешілді. Миға аз-маз қор жинадым, армандағы бейнелерді кезіктірдім, достар санын көбейттім.

"Былай болу керек еді" деп қосымша кемшілік айтатын жөнім жоқ, блогқұрылтайға алғаш рет қатысуым болғандықтан. Ұсынысым болған, ауыл жастарының блогәлеміне тартылу жолдарын қарастырса деген. Бірақ Тараздың өзінен саусақпен санарлық блогшы келгенін ескеріп, ауыл жайын қозғау ертерек екенін сезіндім. Немесе біршама  жұмыстар қажет-ақ. Тағы бір жәйт, блогсферада бұғаналары бекіген белгілі бір орта бар. Талабы бар, жазары бар азаматтарды сол ортаға қосып, таныстықты кеңейту керектігін ойладым.

Жалпы препатидағы достармен ең алғашқы кездесу сәтті өтті. Жатырқамай, бір-біріне бауыр басқан блогшылардың мәре-сәре суретке түсіп, танысып-тарқасқаны түнгі 12-де футболдан Қазақстан-Германия ойынына жанкүйер болуларымен жалғасты. Қысқасы, немістер біздің құраманың қақпасына 2 доп "қақыратқасын" үйге қайқайдық)).

Не керек, қыздардың ақ таңға айтқан әңгімелерінен кейін, көз шырын алып, блогқұрылтай өтетін ғимаратқа тарттық.


Басталды. Құрылтайдың ашылуында алғаш болып, сөз алған Берік Уәли:"ІІІ-Блогқұрылтай сәтті, сапалы, үлкен жеміс береді деп ойлаймын".-деді.


Қазақстан ҰТРК сайттарына жетекшілік ететін Мейрамхан апай:"Бүгінгі жұмысымыз ұлтымыздың болашағына, мүддесіне жұмсалатынына сенемін"-десе, демеушілік жасап, жомарттық танытқан Beeline-ның өкілі:"Қазнет желісін дамыту - біздің компанияның басты мақсаты"-деп атап өтті. Ал, техникалық біліміне таңырқап, мүбәрәк жүзін көруді армандаған Аршат Оразов:"Жаңа жыл-Қазнеттің жаңаша даму процесінің бастауы болайын деп тұр" деді алғашқы сөзін қысқа қайырып.


Негізі алғашқы сессияда аршат Оразовтың "блог жазғанда тақырыбын дұрыс қоя білу керек" дегені маған қажетті ақыл. Көбінесе, жазып болғасын тақырыбын асығып қоя саламын. Тағы айтқаны, жазылатын блогтың қаралу рейтингі жоғары болуы үшін сенбі-жексенбі қолайсыз.

Стартаптар кезеңінде біраз жобалар блогшылар назарына ұсынылды. Бірақ, есте қалғаны бірең-сараң. Себебі, жоба қорғаушылар мыңқ-мыңқ етіп, таныстырды өздерін де, жобаларын да. Ал, "жауһарлатып", "нақылдатып", "тамбылдатып", "қырандатып" сөз саптаған қыз-жігіттердің жобалары санаға сіңді.

Кофе-брейкте Оңтүстік Қазақстан облысының  әкімі Асқар Мырзахметовтен мемлекеттік қызметкерлердің, яғни қызметкерлерінің блог жүргізгеніне көзқарасы қандай екенін сұрадым.

-Әрине, жүргізсін, жұмыстан тыс уақытта. Қоғамдағы өршіп тұрған мәселелерге тосқауыл болатындай, мәселен, қыздардың жезөкшелікпен айналысуын сынап, содан қорытынды шығарардай тақыптарды қозғаған жөн. Тырнақ астынан кір іздеп, билікті жамандай бермей -деді облыс әкімі.


Шыны керек, сайттар бойынша бөлініп қалдық, арасында:). "Керекшілер" де қатты ұнады. Ауызбіршіліктері, ортақ приколдары сұмдық енді:)).

Домбыра патида қазақтың халық әндерін құйқылжыта орындаған қыз-жігіттердің көңілімізді көтеруі, әппақ жүректі мақтанышымыз Ақжүрек Таңатаровтың ортамызда жүріп, ойынымызға қатысуы талайды таңғалдырды біраз)). Қасиетіңнен айналдым, шерлі домбыра!


Таудан тауға асып, тастан-тасқа секірмесем де, ұлттық дәстүрді жаңғырттық. "Ұйқыашарға" жігітті таңдау қиын болды, ұялдым. Қыздармен кеңесіп, жерлесім деп Абай Отарға ұсынған "Ұйқышар"-ым ұтыс сыйлады.


Қорғадық...


Сонымен, "Жеңесің" деп қамшылаған қыздардың ниеті қабыл, топ жардық).


Таудан ұйқысын ашып, селт еткен қыз-жігіттер қас қарая Шымқалаға оралып, жөн-жөнімен тарқастық...

Шуағы мол Шымкент, шулатқан Шымқұрылтай, қанша жанның алғысына бөлендің екен?!

Қонақжайлығына, табиғатына таңырқаған блогшлыра Шым шаһардың одан әрі гүлденуін тілейді!

Барлығына алғыс!