хикмет

хикмет
жеке
блог

Жомарттың көз жасы

 

            Әбдімәлік есімді иманды жанға өзі жақсы білетін достарының бірі келіп, мұңын шағады. Бұл досы бұрын-соңды бұлдай босап көрмеген болатын. Бірақ досы келген шаруасының тұқ етерін тарқатып айта алмай қиналады. «Достым, қысылма, шеріңді жасырма, айта отыр, бәлкім менің бір жәрдемім тиер. Сенің басыңа түскен ауыртпалықты жеңілдетуге септігім тиер» деген соң барып, ол сырын ашады. «Салымның суға кетіп, күнен-күнге жадап-жүдеуімнің себебі, мен төрт жүз дирхем бережағымнан қалай құтыларға білмей әбден титықтаған байғұспын. Ақыры, көріп отырсың, аяғым өзіңнің алыңа алып келді» Мұны естіген Әбдімәлік сол бойда төрт жүз дирхемді досының қолына ұстатады. Алғысын жаудырып досы кетеді. Досы кеткен бойда Әбдімәлік еңіреп жылап жібереді. Көзінің жасын тия алмай, өксіген күйеуін көрген әйелі не істерге білмей қипақтап: « Өз қажетіңе жинап жүрген ақшаңды досыңа оп-оңай бере салғаның не? Бұлай қиналатының бар, жалғыз дирхемім де жоқ еді деп шығарып салмадың ба, сенен басқаларға барар, ауқатты біреу илігер ме еді бәлкім»,-деп жанаши тіл қатады. Әбдімәлік жылап тұрып: « Мен ақшаға бола емес, байғұс досым мені іздеп келгенін күтпей, оған неге өзім бармағанмын, оны бұлай ұялтпай, неге өзім керек қарызын апарып бермегенмін? Сол үшін егіліп отырмын...»,- деп жауап қатады.

 

                                               Жомарттықта шек бар ма?

 

            Қайыс Ибада сырқаттанып қалады. Арада біраз күн өтсе де тума-туыстары, дос-жарандары оның көңіл-күйін сұрап келе қоймайды. Қайыс қапаланады. «Тәннің дерті жазылар, жанның дертін қайтем, неге менің достарым, жақындарым көңілімді сұрап шығуға жарамай жатыр, а? Қайсысың білесің?» Қайыс бұл сауалына: «Олар келер еді, келіп көңіл-күйіңді сұарар еді, бірақ олардың аяғына түскен тұзақ бар. Сол жібермейді» деген жауап естиді. «Ие, ол қандай тұзақ?» « Олардың барлығы да саған қарыздар ғой, Үйім қаңырап тұр. Төріме бірде-бір қонақ озбады. Дастарханым ешкімнің алдына жайылмады соны ойлап, табалдырығыңнан аттай алмай жүр» Мұны естіген Қайыс Ибаданың жүзін жас жуып: « О, Алла-ай, мен ол қарыздарымды ұмытқалы қашан? Алла-Тағала ағайынның ағайынға барып, қал-жағдайын сұрамағанын ұят санайды, көшеге шығып былай деп жар салыңдар: «Кім де кім Қайысқа бережақ болса, сонысын түгелімен қайтардым деп есептесін. Қарыз иесі бәріңнің де қарызыңдан босатты».

            Шаһарға бұл жаңалықтың тарауы мұң екен, Қайыс Ибаданың қал-ахуалын сұрауға келушілердің ұзын-қарасында шек болмапты.