Қазақстан мен Германия футбол командаларының айтысы

Қазақстан мен Германия футбол командаларының айтысы
жеке
блог

ГЕРМАНИЯ:

  Қазақстан саған не жоқ мен жүргенде,

  Ауруын жасырғанға ем жүрген бе?

  Бір емес екі мәрте доп ойнадық,

  Біз қысылдық сендерге ел күлгенде.

  Үште нөл боп ұтылдың отаныңда,

  Естеріңнен тандыңдар сол бір жерде.

  Германиядан қайттыңдар өкінішпен,

  Төрт бірдей қақпаңызға гол кіргенде.

  Қазақстан алаңға шықса болды,

  Жеңілерін сезеді ел бір демде.

  Тарихта Қазақстан құрамасы,

  Құрығанда біреуді жеңдіңдер ме?

  Жеңдің бе деп сұрау да ұят шығар,

  Теңбіл допты тең ойнап көрдіңдер ме?

  Не мақсатпен келдіңдер Германияға,

  Мықтымен осал сірә тең жүрген бе?

  Бізде жүрген футболшы жұлдыздармен,

  Суретке түсуге әлде келдіңдер ме?

 

ҚАЗАҚСТАН:

Бұл айтқаның біз үшін мазақ емес,

Дейсің қазақ футболы озар емес.

Нұрдәулетов,Көкеев,Қонысбаев,

Бауырын бауырларсыз жазар емес.

Құраманың қалғаны кілең орыс,

Содан қазақ жеңілсе жазалы емес.

Он бір неміс жабылып үш қазаққа,

Жеңгендерің ешкімге ғажап емес.

Жеңгендер неміс болса неміс шығар,

Жеңілгендер әйтеуір қазақ емес.

 

 ГЕРМАНИЯ::

  Қазақстан көп ұлтқа қоныс екен,

  Қылмаймыз біздер бірақ оны секем.

  Алаңда ойнап жүрген орыстар деп,

  Айтқаның сылтау менен сөгіс екен.

  Қазақтар орыстарды қорғап өлген,

  Қырық бір қырық бестің соғысы екен,

  Қысқасы, сіздің елде түсінгенім,

  Орнына келмей тұрған көп іс екен.

  Соғысқа шығатындар қазақ екен,

  Ойынға шығатындар орыс екен.

 

  Сіздің ел бай еді ғой мықты ұлдарға,

  Соның бәрін жыраға жықтыңдар ма?

  Үш-ақ қазақ ойнадық деп отырсың,

  Көзі көк көршілерден ықтыңдар ма?

  Жоқ әлде Қазақстан футболы да

  Алауыздық ауруын жұқтырған ба?

  Төртіншісі қосылса дау туар деп,

  Үш жүзден үш-ақ қазақ шықтыңдар ма?

 

ҚАЗАҚСТАН:

  Германия аман қалдың менен әрең,

  Шындасам біржолата демалар ең .

  Төртте бір деген есеп жаман емес,

  Мен мұны жетістік деп жобалар ем.

  Үшеуміз ойнап жүріп бір гол салдық,

  Негізі сені оңай жеңе алар ем.

  Үш қазақ ойнағанда мұндай болдың,

  Он бір қазақ біріксе не болар ең?

 

ГЕРМАНИЯ::

  Айтсаңшы мақтаныңды келістіріп,

  Танытып отырсың ғой теріс қылық.

  Бір гол үшін немене мәз боласың,

  Сендерге қарамай тұр жеңіс күліп.

  Бұл сөзді айтпас бұрын алыңыздар,

  Генрих  Шмидтгалды тегіс біліп.

  Шынында Қазақстан бір гол салдың,

  Оның өзін сап берген неміс жігіт.

  Бізден кеп шұбат, қымыз ішіп тұрсын,

  Жігіттер жілік майын толықтырып.

 

ҚАЗАҚСТАН: 

  Апырмай мына неміс жер қылды ғой,

  Көңілді мұң, көкіректі шер қылды ғой,

  Алаңда азаптағаны аз болғандай,

  Айтыста да мазақтап тер қылды ғой.

  Жегеніне мәз болып біздікілер,

  Дегеніне мықтылар көндірді ғой.

  Бай баласы алаңда асыр салып,

  Шын мықтыға тұсау сап тор құрды ғой.

  Әнұранда ернін де жыбырлатпай,

  Ерлігімнің жалынын сөндірді ғой.

  Жарнама көп, жаттығу аз болған соң,

  Футболшылар жүгірмей болдырды ғой.

  Бұл салада ұлтты ойлар азамат жоқ,

  Жемқор біткен маңдайды сор қылды ғой.

  Көк қағаздың табысын көздейтіндер,

  Көк туымның намысын қор қылды ғой.

kazaitys.kz шығармашылық тобы