Мен көрген алғашқы БлогКемп
жеке
блог

Мен көрген алғашқы БлогКемп

БлогКемп, яғни блоггерлер құрылтайы. Осы құрылтай біткеннен кейін блог тұғырларда да, әлеуметтік желілерде де блог кемп туралы жазбалар мен фотосуреттер, бейнебаяндардың ағыны басталды. Қысқасы, Ұшқын айтқандай, Блогқұрылтайдың буы басылмай тұр әлі...

 

ВИРТУАЛДАН РЕАЛҒА


Сонымен, құрылтай туралы не айтайын. Ең бірінші айтарым, биылғы құрылтайға мен алғашқы рет барып тұрмын. Виртуалдағы достарыңмен түңғыш рет кездесу ерекше әсер берді. Бір қызығы блог әлемінде жақын достай сөйлесіп жүрген блоггер қасыңда жүрсе де танымай қалуың мүмкін. Өйткені кей блоггерлер (мәселен мен) ешқашан суреттерін аватарына қоймайды немесе шынайы жүзі суретінен өзгеше болады екен. Блоггер болғаныма бар-жоғы бір жыл ғана болыпты. Алайда мен өзім жеке сайт ашып, көбінесе сол жерде блог жүргізген едім. Құрылтайға барып, блогтұғырларда блог жүргізген әлде-қайда тиімді екенін ұқтым. Өйткені бір блогтұғырдың блоггерлері бір-бірімен көптен бері көрісіп тұрған көршілердей амандасып жатады екен. Қызық, виртуалды әлемнің де адамдарды рухани табыстыратын ыстық қасиеті барына таң қалдым.

 

ҮЙРЕНГЕНІМ КӨП БОЛДЫ


Жалғыз мен емес, барлық блоггер блогты тек өзінің жеке күнделігі, қойын дәптері деп түсінетіні сөзсіз. Алайда бұл құрылтайдан кейін менің түсінігім өзгерді. Блогты тек күнделіктеп қана емес, ақша табудың көзі ретінде пайдалануға болатынын білдім. Әсіресе Аршат Оразовтың блоггерліктен коллумнистікке өту туралы баяндамасы блоггерлердің сапалы пост жазуына ықпалын тигізеді деген ойдамын. Бірақ Жалғас Ертайдың дін, тіл, діл туралы тақырыптағы жазбалардың көбейіп кеткені жөнінде һәм осы тақырыпты жазуды қысқарту керектігі жөнінде айтқан сөзі ұнамады. Өйткені, біздің қоғамдағы басты проблема осы үш мәселеде болып тұр. Керісінше блоггерлер осы үш мәселенің дұрыс қалыптасуына ықпал ететін идеалогиялық күш болғаны, қоғамға пайдасын тигізеді деген ойдамын. Обшым, бұл менің көзқарасым.

 

ЖАҚСЫ.KZ-ТІҢ ЖАҚСЫ ЖІГІТІМЕН ТАНЫСТЫМ

 

Жақсы.kz пен Намыс.kz порталының тілшісі

 

Менің құрылтайға келгендегі басты мақсаттарымның бірі Жақсының жігіттерін көру еді. Өйткені бұл порталды сүйіп оқимын. Неге дейсіз ғой, өйткені бұлардың көзқарастарының 95% менің көзқарасыма сай. Ислами, ұлттық құндылықтар мен антиоппозицияны насихаттайтын мақалаларды жазады көбінесе. Қалайтындары бейбітшілік пен салиқалы идеалогия. Сол себептен де жігіттерді (Өркен Кенжебек, Жандос Құсайынов, Нұрбек Бекбау, Рахат Жақсыбай, Азамат Битан т.б.) сыйлаймын. Бірақ, (өкінішке орай) сол жігіттердің ішінен тек Азамат Битан ғана келді. Екеуміз жақсы сөйлестік. Автобуста отырып, біраз әңгіме айттық. Азекең, мақалалары сияқты өзі де салмақты, момын адам екен. Құрылтайдағы блоггерлерден есімде қалған ең бірінші адам осы кісі.

 

БӘРІ ШЕТіНЕН МАФИОЗНИКТЕР КІЛЕҢ

 

Құрылтайдан есте қалған сәттердің бірі Мафия ойыны. Кеш батысымен күндізгі бейкүнә блоггерлер қулығы асқан мафиозниктерге айналды. Таңғы алтыға дейін көбісі осы ойынмен әуие болды да қалды.

 

ШЫМКЕНТТІҢ ШЫҢЫН БАҒЫНДЫРДЫҚ

 

 

Қыр баласы үшін күнде кездесе бермейтін бақыт, ол - тауға шығу. Блоггерлер болып барлығымыз тауға шыққан кезде, көбісі қалып қойды төменде. Тек жүрек жұтқан бірнеше блоггерлер ғана ерінбей шыңға шықтық. Төменнен "Әбетке жүріңдер..." деп біреулер шақырып жатты. Соған қарамастан, жарты жолдан қалмай, таудың төбесіне өрлей бердік. Сол кезде бірнеше блоггерлермен жақынырақ танысып та үргердім. Соның ішінде осы жердің Луизасымен де таныстым.

ҮЙГЕ ҚАЙТТЫҚ


 

Осылайша екі-ақ күнде зымырап өткен құрылтайдан қимастықпен үйге қайттық...