Қайран Ағайым-ай!

Қайран Ағайым-ай!
жеке
блог

 

«Нар көңілдің жастығы ма», көкірегі толған арманға,
Сіз келіпсіз дүниеге гүлдер бүршік жарғанда.
Қаплан ағай, құттықтаймыз, биіктерге самғаңыз,
Тұлғалардың, сірә, сіздей қанаттары талған ба?!
Шәкірттер мен әріптестер бақытты ғой, бақытты,
Әрі заңгер, әрі ұстаз өзіңіздей жан барда!
Ия... Уақыт-ай десеңізші! Колледжде жұмыс істеп жүргенімде мына жолдарды Алиев Қаплан Алиұлына арнап жазған екенмін («Нар көңілдің жастығы ма» деген тіркесті Мұхтар аға Шахановтан алдым, сондықтан тырнақшаға алғанмын). Тау тұлғалы ұстазға әріптес болудың бақыты жазылыпты маңдайыма. Көктем басталған сайын осы кісі есіме түседі. Наурызда дүниеге келіп, наурызда дүниеден қайтты. Ал менің қолымда ол кісінің қолжазба күйінде күнделігі қалды. Көзі тірісінде кітап жазу арманы болатын, сол арманын орындау үшін мен қазір күнделікті орыс тілінен қазақ тіліне аударып жүрмін. Мықты заңгер, ұлағатты ұстаз, кемеңгер ата Қаплан Алиұлы күнделігі заңгер мамандығының студенттеріне дайын оқулық болатынына көзім жетеді. Өмірі – жатқан мектеп.
Жұмысқа келген сайын ең алдымен қалтасынан кәмпиттерін шығарып маған беретін, сосын кезегімен басқа мұғалімдерге тарататын. Ол кісінің әмбебап сөмкесінің бос болуы әсте мүмкін емес-тұғын. Қайран Ағайым-ай! Жүрегі – дархан даладай кең, жомарт, аузын ашса жүрегі көрінетін осы кісіні қатал қызметкер болған деп ойламайсың.
Құқық саласында ұзақ жылдар қызмет атқарған Қаплан ағай өмірінің соңына дейін еліне адал қызмет атқарды. Қай ортада жүрсе де сәнімен, әнімен жарасып жүретін. Жетпіске толған туған күнін атап өткен Аға келесі күні жүрегі тоқтап, ана дүниеге жайбарақат жүріп кете барған.
Сырлы әлем еді Аға! Айтпақшы, қазақтың бұлбұл қыздарының бірі Жамал Омарова Қаплан Алиұлының әкесімен бірге туған бауырының қызы екен. Күнделікте Жамал апай туралы да қызықты мәліметтер бар. Сондай-ақ, ағайдың қызмет еткен жылдарындағы қылмыс әлемінің қатпар-қатпар көріністері суреттелген. Бір романға азық болатын жазбалар.
Суретте Қаплан Алиұлы әріптестері мен шәкірттерінің қақ ортасында.