Ғашық болуға жаралған қыз (болған оқиға ізімен)-3

Ғашық болуға жаралған қыз (болған оқиға ізімен)-3
жеке
блог

БАСЫ ӨТКЕН САНДАРДА
Іште құрбылары тағатсыздана күтіп отырғанын сезіп, Інжу бір қулық ойлады. Бейне қатты ренжіген сыңай танытып, бөлменің есігін жұлқи ашты. Қыздар аң-таң. Көзіне жас толған құрбысының бұл қылығына түсінбеген Меңтайдың жүрегі зу етті. Не болғанын білгісі келіп, әрі жұбатпақ болып Інжуді құшақтай алды. Інжу құрбысының құлағына аузын тақап «Бекзат» деп сыбырлады. Сасып қалған құрбысы тілін жұтқан адамша кереуетке үн-түнсіз отыра кетті. Інжу қуаныштан жылап тұр. Жанар, Арайлым, Динара бәрін енді ғана ұққандай болды. Меңтайдың «құттықтаймын» деген даусы әрең шықты.
Бекзат уәдесінде тұрды. Шыршаның астында ұзақ сырласқан екеуге былайғы жұрт қызыға да, қызғана да қарайды. Қос жүректі табыстырған жас шырша сол кезде шынында да бақытты еді. Көп ұзамай мағыналы махаббатқа куә болған Меңтай ғашықтар дастанын жазуға кірісіп те кетті. 
Ғашық болуға әбден лайық ізетті Інжу мен байсалды Бекзаттың бір романға лайық махаббаты жалғаса берер ме еді, күндердің күнінде Інжулер тұратын  қырық бірінші бөлменің астыңғы қабатындағы отыз бірінші бөлменің тұрғын қыздары сырды ашпағанда, бәлкім, солай болар ма еді, кім білсін?!
Бұлар екінші курстың қысқы сессиясына қызу дайындық үстінде еді. Кітапханаларға қайта-қайта бас сұғып студенттердің әбіржіп жүрген кезі. Құрбысы Меңтаймен орталықтағы Абай кітапханасының абонементінде кезек күтіп тұрған. Алдарында тұрған көршілерін екі қыз байқамады. Алға оза бергені сол еді столда қалған кішкене параққа Інжудің көзі түсті. Шимай-шимай жазулардың арасынан әсем әріптермен жазылған «артымызда Бекзаттың қызы тұр» деген жазуды анық оқыды. Түкке түсінбеген Інжу қағазды қолына ала берді де, Меңтайға ұсынды. Ол мән-жайды енді ұққандай, есікке қарады. Екеуі тез-тез басып шыға бергенде, ұзын дәлізде бұларға мысқылдай қарап тұрған отыз бірінші бөлменің қыздарын байқады. Көкіректері жауапсыз сұрақтарға толып, көңілдері жабырқаңқы тартып Інжу мен Меңтай жатақханаға оралды. Бірінші қабатта ілулі тұрған тұрғындардың тізімі арасынан Сәбираның факультетін оқып қатты таң қалды. Бір ғимараттың ішінде оқитын болып шықты.
Кешкі кездесуге көңілсіз шыққан Інжуге Бекзат барлығын түсіндіріп айтып жатыр. Сұрақтардың жауабы қыздың көңілін одан сайын жабырқата түсті. 
Сәбира Бекзаттың сүйген қызы екен...
Оқиғаның мән-жайына енді қаныққан құрбылары Інжуге не айтарын да білмеді. Ренжісіп айрылысқан Бекзат пен Сәбира екі жарым жыл дос болса керек. Үшінші қабаттың баспалдағымен жүргісі келмеген Інжу кейде терезеден секіріп түскісі келетін. Себебі Сәбира қасындағы құрбысымен бұны көре сала, күбір-күбірге басатын. Бұрын-соңды ешнәрсені сезбегеніне әлі таң қалатын Інжудің жүрегіндегі кіршіксіз махаббатқа осылайша тағы бір көлеңке ұялады.
Күдікке толы күндер мен апталар сырғып өте берді. Інжуге қанжар болып қадалатыны, Бекзат мұны алдаған сияқты. «Кеше ғана жараса жұптасып жүрген Сәбираны Бекзат қалайша тез ұмытады? Екі жарым жыл аз уақыт емес қой. Сонда жігіт өзін-өзі жұбатпақ болғаны ма?! Құдық басында неге қадала қараған? Мекен-жайды сұрағаны ше? Әлде оның әдеті ме? Қыз көрсе қалжия қалатын. Аялдамада көргенде мұны шынымен байқамады ма, немесе сүйетіні болған соң мән бермеді ме? Ренжігені соншалықты, тез арада қыздардың бірімен байланысқа түсу керек болған ғой».
Тағы да сансыз сұрақтар...
«Махаббатқа келгенде тіпті жолы болмай-ақ қойды-ау осының». Бұл Меңтайдың ойы.
Мейірімге толы жанары солғын тартқан ба, қалай? Соңғы кезде Інжу көп ойланатынды шығарды. Бүгін бір шешімге келген сияқты. Бекзатты кездесуге өзі шақырды.
Институт ғимаратының алдында тұрған екеудің не туралы әңгімелескендерін, қандай түйін жасалғанын құрбылары білгісі-ақ келеді. Бірақ қыздың келбеті тіпті ешнәрсені аңғартатын емес, ал Бекзаттың басы салбыраңқы.
Аудиторияға кіргені сол, қыздар оны бас салды. Інжу: «Бәрі бітті», - деді де, жанары жасаурап теріс бұрылып кетті.
Жатақханаға қайтқанда да Інжу ләм-мим деген жоқ. Сол үнсіздік аптаға созылды. Қыздар қанша оқталғанмен, Інжу тыңдағысы келмеген сыңай танытты.
Көктем келіп жер-дүние құлпыра түсті. Табиғат-ана құшағын әдемілікке толтырып, үнсіз жатыр. Бекзат пен Інжу арадағы соңғы әңгімеден соң, қайта жолықты. Бірақ қыз шешімін өзгертпейтінін мәлімдеді.
Бүгінгі кеште күнделікке жазылған әрбір сөз, әр сөйлемді оқыған сайын қыз көз жасына амалсыз ерік берді. Ұстамдылықты ұран еткен құрбысының бұнысын Меңтай оң бағалады. Көкірекке толған өксіктен біржола құтылғаны дұрыс деп ұйғарған. Ал ақын қыздың дастаны аяқсыз қалды.
Диплом алып, студенттер өмірдің сан тарау сапарына шықты. Інжу де қаладағы орта арнаулы оқу орындарының біріне оқытушы болып жұмысқа орналасты. Алғашында студенттер мұны жас көріп, тыңдағысы келмеген сыңай танытқан. Бірақ, пысықтығы мен тілі өткір жас ұстаз көп ұзамай-ақ білімқұмар жастарды өзіне баурап алды. Сезімге енді, сірә, бас ие қоймаспын деп шешкен мейірімді жүректің иесі Інжудің суретші жігітке махаббаты оянбай қоймады.
Адам бәрібір періште бола алмас. Дегенмен періштенің кейбір қасиеттері пенденің бойынан табылуы ғажап емес-ау. Мәселен, мейірімді қыз, жанашыр дос, ақкөңіл адамның болуы табиғи заңдылық қой. Айтылған қасиеттер Інжуге аса тән еді. Сондықтан да болса керек, қыз жүрегі тез жараланғыш, әрі кешірімді.
Колледж ауласы тым кең болмағанмен, үзілісте студенттер шүйіркелесе отыратын орындықтар қойылған. Ауа райы жылы, бірақ күзгі салқын сезіліп тұр. Ақшыл сары түсті көйлек киген ұзын жігіт аулаға имене кірді де, топ болып тұрған оқытушы қыздардың қасынан өте берді. «Бұл кім еді?» деген сұрақ жүздерінен тез аңғарылған олардың бірі: «Қазаққа ұқсамайды екен», - деп сыбыр ете қалды. Директордың кабинетінен күлімсіреп шыққан жігіт тез-тез басып ғимараттан ұзап кетті. Келесі күні «қазаққа ұқсамайтын жігіт» жұмысқа ерте келді. Мұның бейнелеу өнерінен дәріс беретінін қыздар кеше біліп алған. Оқытушылар бөлмесінен топ журналдарын қолдарына ұстай шыққан олардың ойларын көздерінен ұққан мұғалім жігіт үзілісте өзін ресми түрде «қазақшалап» таныстырды. Қазақсыз ба деп сұрауға оқталғанмен, ешқайсысы бата алмады. Жігіт биязы сияқты. Әсіресе, ұқыпты киінетіні көрініп тұр. Дәстүрге айналған аяқ киімнен басталатын сынақтан жігіт сүрінбей өтті. Бұған міншіл қыздардың әңгімесі дәлел.
- Сұлу көрінеді екен.
- Жоқ, сүйкімді де.
- Бойдақ па екен, өзі?!
- Жасы көп болса жиырма төртте шығар.
- Әй, не болса да, колледждегі жігіттің сұлтаны болатын түрі бар. Қыздар, қарап қалмаңдар!
Соңғы сөзді оқу ісінің меңгерушісі Ұлболсын Тоқмырзақызы айтты. Әзілдей жүретін апай қызметтегі қыздарына жігіт іздеп жүретін. Міне, «тілегені алдынан, іздемей-ақ табылды». Інжу іштей мырс етті де, сыртқа шығып кетті.
Студенттер апталыққа қызу дайындалып жатыр. Көрнекі құралдарын суретші жігітке дайындатқан. Інжу тілдер апталығына тікелей жауапты болғандықтан, суретші жігітпен жиі ұшырасатын болды. Әңгімелері де жарасып кетті. 
Жұмыстан шаршап шығатын жастар кешке сауық іздеп, көңіл көтеретін жер іздейтін. Бір күні колледждің жас мамандары жиналып кеш ұйымдастыратын болды. Ыңғайлы орын іздеп табу, суретші жігіт Дәулет пен Інжуге жүктелді. Қала орталығындағы «Әсел» кафесін межелеп, кешқұрым екеуі қайтып келе жатқан. Кенет тәтті тағамдар сататын дүкеннің алдына тоқтай салды да, Дәулет: «Ішке кірсек қайтеді?», - деді. «Кеш болып қалды ғой», - деп жауап қатқан Інжудің жігіт қолынан ұстай алды. Сөйтті де тартыңқырай дүкенге ертіп кірді. Екеуі берген тапсырыс жуық арада келе қоймады. Үнсіз отырған Інжуге Дәулет әдемі көздерімен қиыла қарап қызды әңгімеге тартты.
- Сен қайда тұрасың?
- Жоғарғы Отырар мөлтекауданында.
- Алыс емес екен ғой.
- Иә.
- Ата-анаң бірге тұрады ма?
- Жоқ, олар ауылда.
- А-а-а... ал мен әйеліммен тұрамын...
Інжу жігітке аңтарыла қарады. «Онда неғып отырсың? Жұбайың уайымдайды ғой. Менің де отырғаным ұят болды-ау» деп айтқысы келіп, аузын аша бергені сол еді, жігіт:
- Ол мені күтпейді, - деді. Одан әрі:
- Таңертең мені шығарып салмаған. Өзінің қырсық мінезі бар, өркөкіректігі де жоқ емес. Құдай қосқан жарым ғой. Білем, жамандауға әсте болмайды. Бірақ, амал не? Солайы солай.
- Сіз түсінбей жүрген шығарсыз оны? – деді ыңғайсызданып қалған Інжу.
- Мүмкін, бірақ мен әйел баласын барынша түсінуге тырысамын.
Тағы да үнсіздік орнап қалып еді, осы сәтте даяшы қыз да тапсырыстарын әкеле қойды. Тәтті тағам адамның шаршағанын басады екен. Інжу аздап еңсесін көтерді. Жігіт тағы да:
- Мен неге сені соншалықты кеш кездестірдім? – деп салды.
Інжу қақалып қала жаздады. Алдында тұрған ыстық кофені ішіп жіберіп еді, көзінен жас ыршып кетті. Дәулет байыпты үнмен:
- Иә, шын айтам. Сенің жібектей мінезің неге менің Гүлзатымнан табылмайды екен? – деді.
Інжу жағдайды ушықтырмай, әңгімені тез әзілге айналдырып жібергісі келіп:
- Мен мінезімнің осал тұстарын тек үйде көрсетемін ғой. «Қызым - үйде, қылығы түзде» дегенді естімегенсің бе? – деді.
- Осы айтып отырған өтірігің де, сенің ізгі қасиетіңді танытып отыр ғой, - дегенде аңтарыла қараған Інжуге жігіт: – Білем, мен әңгімені дұрыс бастамадым. Сыртымыздан Гүлзат екеумізге қызыға қарайтын жұрт көп. Анамның айтуымен асығыс отау құрған мен де барып тұрған болбырмын ғой. Жанұя бақыты деген салғырт қарайтын нәрсе емес екеніне енді ғана көзім жетті. Береке мен байлық, тыныштық пен табыс екі жүрек қана емес, екі рух жұптасқанда ғана отбасының шаңырағына байланатынын кеш түсіндім.
Інжу терезе мен сағатына қайта-қайта қарап түн қараңғысы түскенін білдіргісі келіп отырғанда, Дәулет:
- Сырымды тек саған ғана ашып отырмын. Мұның үлкен себебі бар. Неге екенін білмеймін, Інжу, сен... сен... сен маған қатты ұнайсың, - деді мұңлы көздерін төмен қаратып.
Інжу орнынан көтерілді де, сыртқа шыға салысымен артына қарамастан жүгіре жөнелді. Жүгіріп келе жатыр, оған қоса егіліп жылап келе жатыр...
Қоштаспастан такси тоқтатып, үйге қалай тез жеткенін аңғармай да қалды. Үйдегі құрбысы тәтті ұйқыда жатыр екен. Студенттік өмірдің бар қызығы мен қиындығын бірге көрген ақын құрбысы Меңтай Інжуден әлі де ажырамаған. Бөлменің іші ай сәулесімен жап-жарық болып тұр. Жастығын жас жуған құрбысының ентіге шыққан өксігін естіген Меңтай жарықты жақты. 
Інжу баяндап жатыр, баяндап жатыр...
- Еһ, жан құрбым-ай! Сен ғашық болуға жаралған жансың ғой! – деді де, Меңтай құрбысын құшақтай алды.
Ертеңіне жұмысқа баруға құлқы болмай Інжу оқу бөліміне қоңырау шалды. Ауырып қалғандығын айтып, сабақтарын басқа күнге ауыстыруын өтінді.
Дәулет келіншегінің кіржіңкі қабағын елеместен жатып қалған. Жұмысқа келе сала оқытушылар бөлмесінен Інжуді іздеді. Сырқаттанып қалыпты дегенді естіп мазасы кетті. Қыз ұялы телефонын сөндіріп тастаған.
Інжу үйде жатып ұзақ ойланды. Құрбысының дайындап кеткен ыстық сорпасын ішкен соң қайта жатып қалды. Басы да ауыр ойлардан мезі болса керек, мең-зең. Түске дейін төсектен тұрмаған мұның жатысына Меңтай алаңдап жұмыстан қайта-қайта қоңырау шалды. Дос осындай-ақ болсыншы. Қатты әбіржіп жүр. Жұмыстан келген соң екеуі шәй ішіп, ұзақ әңгімелесті. Меңтайдың түк болмағандай сыңай таныт деген ақылын дұрыс көріп, Інжу келесі күні жұмысқа барды. Студенттері сағынып қалыпты. Жағдайын сұрап жатыр. Дәулет есіктен басын сұқты да:
- Інжу, кешіріңіз, сізді бір минутқа бола ма? – деді.
Жымия қараған Інжу түк болмағандай сыртқа шығып кетті. Дәлізде күтіп тұрған Дәулет мұны құшақтай алғысы келді, бірақ қызметте жүргендігін есіне алып:
- Кешірші, мен сырымды қалай ашқаныма таң қалып, ыңғайсызданып жүрмін. Кеше сырқаттанып қалды дегенді естіп, қатты уайымдадым. Менің кесірім болды ма деп. Бірақ, ұнайтыныңды қайталап айтам. Және де маған ұнайтындығың үшін, түк те кінәлі емессің,  - деді сыпайы ғана.
- Жә, оқасы жоқ. Ұмытып кеттім, - деді бұл да. Сөйтті де, аудиторияға кіріп кетті. Жіңішке даусымен тақылдай дәрісті жалғастыра берді.
Мерекеге тура келген демалыс күндерінде ғимараттағы кезекшілік кестесі шықты деген соң Інжу қабырғадағы ілулі жазуларға үңілді. Он алтыншы желтоқсандағы кезекшілік мұның еншісіне тиіпті. Қасындағы кезекші серігінің кім екендігіне аса мән берместен үйге қайтып кетті.
Көптен күткен мереке де таяды. Колледжде ұйымдастырылған барлық іс-шаралардың басы-қасында болған оқытушылар ертең демалады. Ал Інжуге – жұмыс.
Ерте оянған қыз ұялы телефонда кезек күтіп тұрған құттықтау хабарламаларын ашып жатыр. Дәулеттің де нөмірі бар. Асығыс ашып қарады: «Бұл мереке саған тек жақсылық әкелсін, көпке ұнайтын қасиеттерің мен әдемі күлкің мәңгілік болсын! Сәлеммен саған ғашық жүрек». Күлді де, таңғы асын ішіп колледжге жиналды. Мерекелік көңіл-күймен ыңылдап отырып, автобустың колледж аялдамасына тоқтағанын да аңғармапты.
Вахтада отырған ағаймен амандасты да, оқытушылар бөлмесіне көтерілді. Ішке кіргенде көзі шарасынан шығып кете жаздады. Теріс қарап плакатқа сурет салып отырған Дәулетті көрді. Артына бұрыла қараған жігіт:
- Кезекші серігіңе таңырқап тұрсың ба? – деп әзілдей тіл қатты. Інжу кірер-кірмесін білмей табалдырықта тұрып қалды. Жігіт орнынан тұрып, жақындап келді де қыздың қолынан сүйреді. Орындыққа өзі жайғастырып: - Мен қандай бақытты адаммын! Кезекшілікті өзіңмен бірге атқаратын болдым ғой! – деді. Сонан соң:
- Біле білсең, мен сенің суретіңді салып жатқам. Тіпті жақсы болды, өзің де келіп қалдың. Енді қарап отырып салатын болдым, - деп қарындашын қолына қайта ұстады.
- Жұрт көрсе не дейді, керегі жоқ! – деп шыр-пыр болған қыздың қолынан ұстаған күйі Дәулет оң қолымен жұмысын жалғастыра берді...
ЖАЛГАСЫ БАР