Нарынқол… Мәметова көшесі…
жеке
блог

Нарынқол… Мәметова көшесі…

Бәрі де есімде. Күні кеше ғана болған секілді. 5 жасымда ауылдан 12 шақырым қашықтықтағы Қызылшекара ауылына сапарлап қайтқанымды айттым ғой. 7 жасқа аяқ басқан жылы мен ұшқан құстың қанаты талатын кезекті ең ұзақ (сол кездегі өлшеммен) сапарға әжеммен бірге жолға шықтым. Ұзақтығы сондай, таң азанмен ауылдан шыққан автобус 1 сағат дегенде Нарынқолға әзер жетті. 1 сағат жол жүру дегеніңіз сәби көңілді мен үшін әжәптәуір тауқымет болып көрінді. Жолдағы электр бағандарына жан біткендей, артта қалып барады. Жол жиегінде жайылған малдар да көзден жылыстап, туған ауыл, туған жерден жырақ кеткен жандай күйге түсірді. Жолда бойынан Сүмбе мен Қызылшекарадан бөлек Қостөбе деген ауыл бар екенін білдім (Бердібек Соқпақбаев туған ауыл). Батыстың тілімен айтқанда “нән” Нарынқолда ол кезде 10 мыңнан астам халық тұрады. Автовакзалдан (Дейміз-ау, автостанция деуге де келмейді. Алматының шетіндегі елеусіз бір аялдама секілді) шаршап шалдығып түсіп, ең алғаш көзіме шалынғаны “Арқардың” мүсіні. Өмір бойы (7 жылдық) Абай мен Лениннің ғана ескерткішін көрген мен пақыр ой орамына омалып қалдым. “Ой, сұмдық-ай, қошқарға да ескерткіш қояды екен-ау!” Сонымен, әжемнің қызының (негізі жамағайын қызы) үйіне қарай тартып отырдық. Жол-жөнекей Нарынқолдың базарына кірді, әжем… Мұндай үлкен базарды да бірінші рет көруім (сондағым, сауда жасап жатқан 15-ке тарта саудагер). Айналама алақ-жұлақ қараймын, әжемнің етегіне адасып кетпейін дегендей жармасып алғанмын. Жүріп келеміз… Нарынқолдың көшелеріне тас төселген екен. “Мына тақтайдай жолда “өтірік асық” ойнар ма еді?” деп ойлап қоямын. Бір кезде әжем көшеден өткен бір кісіден: “Айналайын, Байынтоқаның үйі қай жерде еді?” деп сұрады. Ал, ана кісі болса: “Байынтоқа аға ма, а ол кісілер Мәметова көшесінде тұрады” деді. Мен үшін тағы бір жаңалық ашылды. Біздің Сүмбедегі үй ол кезде Сәтбаев көшесінде болған. Жатып алып, “Бұл көшеге неге Сәтбаевтің аты берілді екен?” деп бас қатыратынмын. Сөйтсем, біз секілді адасып жүрген адамдар тауып алсын деп атау береді екен ғой. Шын айтам, тура осылай ой топшыладым. (Жалғасы бар)