Бақыт дегенің
жеке
блог

Бақыт дегенің

Мектепте оқып жүргенде "Бақыт деген не?!" деген тақырыпқа шығарма жазғаным есімде. "Бақыт деген елімнің тыныштығы, ата-ана, бауырларымның амандығы" деп ойымды тарқатқанмын. Кейін мұғалім өзгелердің шығармаларынан үзінді оқып бергенде барлығымыз күлкінің астында қалғанбыз. Себебі, бірі "бақыт деген сүйікті футбол командаңның жеңісі" десе, бірі "Мия мен Мануэльдің қосылуы" ("Мятежный дух" телехикаясы) деп жазған. Әй, балалық қой!

Бірақ, "Бақыт" дегенді әркім өзінше түсінеді. Ол сөз әркімге әрқалай жағады. Кейбіреу "Бақыттымын ба?!" деген сұраққа "жоқ" деп жауап беріп, өмірге өкпесін айтып, еңіреп кетеді. Ал кейбіреу керісінше, өмірден таяқ жесе де "Иә" деп жауап береді. Демек, әркімнің бақыты өз санасында, өз қолында.

Бүгін, 20-наурыз БҰҰ шешімімен "Халықаралық Бақыт күні" деп жарияланған екен. Сондықтан, достар, мен барлықтарыңызды осы күнмен құттықтап, үлкен бақыт тілеймін! Мейлі, бақыт біреуге қымбат көлік, біреуге алтын сырға, біреуге мансап, біреуге дүниеқоңыздық, біреуге ұлт саулығы болсын, бәрібірде әрқайсысыңыз бақытты болыңыздар!

Осы орайда өзімнің қандай бақытты екенімді айтқым келеді! Мен - Бақыттымын! Себебі, менің аяқ-қолым сау, көзім көреді, құлағым естиді. Себебі, менің ата-анам, ағайын-тумаларым дін аман! Себебі, менің абзал достарым жанымда! Себебі, менің әрбір күнім ерекшеліктер мен қызықтарға толы! Себебі, мен өсер елдің азаматымын! 


Сүйікті қызметім бар. Қаншалықты қиын болса да, өз кәсібімді мақтан етемін, қызметімді абыроймен атқаруға тырысамын. Біреудің ала жібін аттап, өзгені өзімнің мақсат-мүддем үшін пайдаланбаймын. Қызмет жолында әрі қарай өз күшіммен өскім келеді.

Шүкір, мен өз қызметімнің арқасында көптеген жандармен танысып, достасып жүрмін. Мен осындай жандармен таныс болғаныма, осындай жандардың жанымда жүргеніне қуанамын. 

Жамбыл өңірінің жайдарлы мінезді аруы Нұрзияштың орны мен үшін қашан да ерекше. Жайсаң мінезімен бірден баурап алатын, өжет әрі ақпейілді қыз. Оны жаман алдасам да, маған өкпе артпай, жынданса да, оны сыртқа көрсетпеген әйбәт адам ғой. "Депутат болсаң, 1 гектар жер бересің ғой" дегенмін. Бермесе де, оның келешекте үлкен қызметтегі адам болуына тілекшімін. Ал өмірлік серігін кездестіріп, тойға шақырып жатса, тойында ән айтып беремін.


Жалғыз айтпаймын. Қасымда дуэт болатын Маржан апам бар. Ол кісі бұл ауылда Алтайдың арғы жағынан келген кемпір атымен белгілі. Өте қарапайым, өмірлік тәжірибесі мол, көңілді кісі. Ішінде түтін болса да, сыр білдірмей, күліп ойнап жүретін өте мықты әйел заты. Ол кісіні өте қатты сыйлаймын және оның да күндері қызықтар мен қуаныштарға толуына тілекшімін. 


Апамның қара баласы бар. Осы ауылдың тұрғыны емес. Әйтсе де, блог тұғырда өзіндік орны бар мықты адам. Өткен жылы редакцияға қол бұлғап кетіп еді, енді қайта келіп, барлығымен қол алысып жатыр. Есімі оның Жарқын Түсіпбекұлы! "Алаштың баласы" деген өлеңім осы кісіге арналған. Қатты сыйлайтын жандардың бірі осы ағам. Небәрі үш үлкен болса да "аға" дегеніме еш реніш артпаған жан. Елге сыйлы, мінезі тамаша азамат. Анда-санда ақымақтық жасап, елді шулататыны болмаса,  так супер адам ғой!!! Осы супер қалпынан таймаса екен деймін!


Ал ол сияқты менің "аға, көке" дегенімді құп көрмеген Болатбек (сол баяғы Ботик қой) деген братан өте-мөте тамаша жан. Ел-жұрт бетке айтады, тәкаппар, анау-мынау деп жатады оны. Олай дейтіндерге айтарым. Олай деп айту үшін қайта өмірге келу керек. Себебі, Болатбектің қандай азамат екенін оның әріптестері, жанында жүрген Назерке, Әзиз, Сәкен тсс достары ғана толық айта алады. Рас, оның бір қағары бар. Бірақ, соның өзі оның үлкен азамат екендігін дәлелдей алады. Жақында оның өмірінде үлкен қуаныш орын алды. Лайым келешекте де мұндай қуаныштардың өрісі кеңейсін дегім келеді.

Болатбектің бауыры бар. Ол бауырын случайно "Қағанатта" кездестіріп қалғанда дереу маған өзі смс жіберген. Ол әлі де сақтаулы. Екеуі бір ауылдың тумасы. "Алдаспан" тобының мүшесі, небір музыканы дүниеге әкелген жан, Болатбектің туыс інісі Шамшаддин Омаров. Ол бүгінде "Тенгри ФМ" радиосында "Рок-н-роллдың жырын айт" деген бағдарлама жүргізіп жүр. Шама да өте ақкөңіл жан. Сырт көзге салмақты көрінгенменен, онымен уақыттың қалай өткенін білмей қаласың. Өзгенің дауысын салып, күлкіге баттыратын әзілқой жігіт. Жүзінен күлкі кетпесін деп тілеймін.


Оның әзілінен ішегі түйіле жаздаған бір ару бар. Өмірде де өзі көп күлетін жан. Мақтаншақтығы тағы бар. Еркелігі өз алдында. Бір сөзбен айтқанда қазақтың көркем мінезді, әсем қыздарының бірі - Қазына. Ол қызбен ақырындап өздеріңіз-ақ танысып келе жатырсыздар ғой. Алда да ол туралы кеңінен біле жатарсыздар деп тілеймін. Көк көз Қазынама ғұмыры шаттыққа толсын деймін!



Жақында ғана елге оралған астаналық Сәниямен кездесіп, танысып, дос болғаныма мың шүкір! Сәниядай қарапайым, адал, жауапты, иманды жандар өте аз өмірде. Сондықтан Сәнияға осы мінезінен таймай, алға қойған мақсат-мүдделеріне еш қиналмастан жетуіне тілекшімін! (Өкінішке орай, Сәнияның суреттері қол астымда жоқ. Және де сурет салуға өзінен рұқсат алайын)

Негізі, уақыт тығыз. Назерке, Әзиз, Сәкен, Роза, Мариям т.б, туралы кеңінен кейінірек айтармын. Ал негізі, жазбам арқылы, аты аталған және аты аталмаған достарыма үлкен алғысымды айта отырып, "Бақытты болыңдар!" дегім келеді!