Зәулім үй
жеке
блог

Зәулім үй

Жұмыстың терезесінен әдемі зәулім үй көрінеді. Зәулім десе, зәулім! Құдды хан сарайы секілді... Құдды анау бір жарқыраған терезелерінен үлде мен бүлдеге оранған сұлу жанарын жарқ еткізіп, сыланып, таранып өте шығатындай... 

Терезеден қараған сайын қай-қайсымыз да сол бір зәулім үйді сөз қыламыз. Эх... 

"Осындай үйде тұрғыларың келе ме?" деді бір күні бір әріптесім. "Иә, әрине, бірақ бұл мүмкін емес..." деп күмілжіді біреуі. "Жоқ, тұрғым келмес еді!" деп кесіп айтты екіншісі. "Бұндай үйде тұру біз бейбақтың маңдайына жазылмаған шығар" деп күрсінді үшіншісі. "Бірінші қабатында өзім, екінші қабатында әйелім тұрар еді, хехехе" деп әзілге бұрды төртіншісі...

Неге екенін, бұл үй мен жұмыс кеңсесінің арасында әлдебір тылсым байланыс бар сияқты көрінеді де тұрады. Терезе жаққа бұрылып қарасаң болды, қасқайып көз алдыңда тұрады да қояды. Сол бір үй. Сол бір "хан сарайы". Кез келген жағдайда бірінші өзіңді ойлайтын болғандықтан, сол кезде "Мен ше?" деген сұрақ автоматты түрде миыңа келе қалады екен. Иә... Мен ше? Менің тұрып жатқан үйім... Үй болғанда... 

Сол бір үй қай-қайсымыз үшін де мотивация болуы керек секілді...

Алдында шыршалар өсіп тұр. Оны да сөз қыламыз. Байқампаз бір әріптесім: "5 шыршаның бесеуі бес түрлі, байқадыңдар ма?" дейді. Расымен, мұқият көз салсаң, бесеуі шыршаның бес түрі екен. "Арнайы тапсырыспен әкелінген шыршалар сияқты". 

Менің осы бір таныс һәм бейтаныс зәулім үй туралы бірдеңе деуге қақым да жоқ шығар. Тағдырын тереңінен білмеген соң... Бірақ, осы бір зәулім үйден бір рет болса да, бақыттың иісін сезінбеппін. Бриллиант тағынған әп-әдемі қуыршақтар болады ғой. Сөйлемейтін. Сол сияқты. Меңірейіп әдемі, бай қалпымен тұрады да қояды. Жылулық, махаббат атмосферасы сезілмейді... Бұйыққан бір тірлік...

Іші-сыртын ретке келтіріп жүретін қызметшілеріне қарап, "Үй иелері әлі келіп қоныстанып үлгермеген шығар" деп өзімді жұбатып қоям...

көрнекі сурет: dom.proadv.net