«ӨЗІНІКІ ЕМЕС...»
жеке
блог

«ӨЗІНІКІ ЕМЕС...»

...  Шкафтың есігін тарс еткізіп жапты. Селк ете қалдым. Суырманы да жұлқи ашты. Көзіммен бағып отырып байқағаным,  тарс-тұрс еткізеді. Тіпті суды ағызғанда да – сол. Жуынатын бөлме есігінің тұтқасы әрең ілініп тұр. Тоңазтқыштың есігі де жұлқылаған сайын жұлынып қалуға шақ тұр.

              – Біреудің дүниесі ғой, мен қаншама ақша төлеймін тұрып жатқаныма, – деген  Меруерттің сөзін естігенде жағамды ұстадым. Шынымды айтсам, оның түсінігіне менің аз ақылым жетпеді. Алғаш ауылдан келгенде туыс-туған тұрған жоқ, пәтер жалдаған едім. Қазір ғой өзіміздің қаракөздердің пәтеріне жіберіп жүргені. Ол кезде пәтерін жалға беретіндердің дені – орыстар. Мені пәтеріне, пәтер деймін-ау, есігінің алдына үйімен жапсарластырып салған шағын ғана времянкасына  жіберген орыстың кемпірі «қалай жүріп-тұруым керек» екенін тәптіштеп түсіндіріп жатыр. Бөлменің ішінде шағын ғана үстел, төсек, ескі шифоньер, кішкентай ғана электр пеші. Тап-тұйнақтай. Сол кезде қатты қуанған едім. Өзім тұрған жылдарда өзі көне дүниелердің еш жеріне сызат түсірмей, ұқыпты пайдаландым. Тура өзімнің заттарымдай. Сол кемпір дүниесін дұрыс пайдалана білгенім үшін кетерімде табақ сыйлаған еді... Ал мына қыздың түсінігі мынау... Қалай болса, солай ұстауға болады, өйткені ӨЗІНІКІ ЕМЕС…

 

                                                                 ***

Қазір ғана аялдамада жап-жас келіншек мандарин салынған дорбасынан біреуін алып, аршып жеді. Ал қабығын тастай салды. Ол аз болса, сүйегін де тұрған жеріне лақтыра салды. Аларып бір қарадым. Имене қоймады.

         – Жеген жемісіңіздің қабығын неге лақтырасыз? – дедім шыдай алмай. – Үйіңізде де осылай шашып жүре бересіз бе? – деп және бастырмалаттым.

 Үн жоқ. Жан-жағына алақтап қарап алғаннан соң:

          – Қоқыс салатын жәшік жоқ болса, не істеуім керек? – деді. Дауысы жердің астынан шыққандай әрең естілді.

Аялдамадан сәл әрірек тұрған арнайы жәшікті иегіммен нұсқап:

          – Ана-а-ау  жәшікке мына лақтырған қабығыңызды жинап, апарып тастаңыз,     – дедім.

         Жай ғана айттым. Қырсығып тұр. Өзінше арланып тұрғандағысы. Көзінен «шаруаң қанша», «сен кім едің» деген жазуды анық оқыдым.

        – Мен тап осы жерді сыпыратын аула сыпырушымын. Қазір айып  төлеткіземін  (қанша айып төлететінін білсем кәні))))). Сондықтан тып-тыныш ана қабықты алыңыз да, арнайы жәшікке тастаңыз. Ол жәшік болмағанның өзінде сөмкеңізге салуыңыз керек болатын, – дегенімді сол жерде тұрғандар естіді.

Өңі бозарған күйі еңкейіп жатқанын көргенде күткен автобусым да келе қалды. Автобус терезесінен оның қоқыс жәшігіне қарай кетіп бара жатқанын көрдім...

«Алматы қоқысқа толып, қоқыс қалаға айналып барады. Ол қоқысты оңды-солды тастайтындардың көбі – қалаға жан-жақтан келгендер. Олардың Алматыға жандары ашымайды, өйткені туған қаласы емес. Алматы өзінікі емес, түсінесің бе...». Бұл –  менің апамның айтқаны. Жаны бар сөз.   Келісемін де...  Ал қазақтар өзіміз осылай ластайтын болсақ, шырынның құтысын оңды-солды шаша берсек, шемішкенің қабығын уыстап лақтыра салсақ...  Онда өзге ұлт не істемейді? Қазаққа керегі жоқ Алматы өзгеге керек пе? Көшеде кетіп бара жатып түкіре салатын да, босаған бөтелкені лақтыра салатын да – дауласпай-ақ қойыңызар, көбінде біздің қаракөздер. Өзгелері де оңып тұрған жоқ, келісемін, бірақ өздерінің емес, біздің қылығымыз көрініп тұрады ғой... Өйткені жер – БІЗДІКІ. Ал олардың «өздерінің жерін, қаласын сыйлауды білмейді, бізге не керегі бар» деп ойламасына кім кепіл? Қалай ойлайсыз?