Өзіңсіз өткен көктемім...
жеке
блог

Өзіңсіз өткен көктемім...

Ойлап отырсам,  әр жыл сайынғы 8-наурыз мерекесі ерекше есімде қалыпты. Бәлкім, бәрі өзіңмен байланысты болғандықтан шығар... Әсіресе, оқушы кезіміздегі мына бір оқиға есімде. Ол кезде мен 10, ал сен 11-сыныпта оқитынсың. Көктем деген аты болмаса біз жақта алты ай қыс қой. Нурыздың өзінде қыс қаһарын төгіп тұратын еді. Сол жылы 8-наурызда сен маған бір тал қып-қызыл роза гүлін сыйлағансың. Күн суықта ауылда тірі  гүл қайдан болсын?  Сен сыйлаған жасанды гүл еді. ))  «Шіркі-і-ін, тірі гүл болғанда ғой» деп қиялдаған да шығарсың, бәлкім...  Әйтеуір сол күні гүлден тәп-тәтті әтірдің  иісі шығып тұрған еді. Жүрек тұсыңдағы төс қалтаңнан бір тал розаны ұсынып тұрып, «иіскеші» деп мұрныма тақағаның да есімде қалыпты))).

Бәлкім, мені де, бұл оқиғаны да мүлдем ұмытқан шығарсың? Ал мен сол гүлді қанша жыл сақтағанымды білсең ғой(((...  Сені сағынғанда теледидар үстіндегі құмыра толы жасанды ал-қызыл гүлдердің ішінен (сен сыйлаған)  әтірлі қып-қызыл гүлді құмарлана иіскейтінмін. Бір қызығы, сол гүл қанша жыл өтсе де иісін жоғалтпайтын еді.  

***

Осыдан төрт жыл бұрын ғой деймін. 23-ақпан күні әсем қаланы екеуміз армансыз аралаған едік. Кенет көлігіңді аяқ асты жол шетіне тоқтаттың. «Не үшін тоқтадың?» дедім көлігіне бірдеңе болып қалды ма деп есім шығып. «Саған әдемі гүл алып берсем деймін» дейсің гүл сататын дүңгіршекті көрсетіп. «Охо! Бұл күтпеген сыйлық болды ғой» деймін  қуанып. «Гүлді өзің таңда» дедің дүңгіршекке кіре беріп. Көздің жауын алатын ал-қызыл гүлдердің ортасында ойланып ұзақ тұрып қалдым.  «Туған күнге ме?» деді сатушы апай шыдамсызданып. «Жоқ, 8-наурызға деймін» күліп. «Ойбай-ау, 8-наурызға әлі ерте емес пе?» дейді  аң-таң болып. Сол күні апайлар да бізге қызыға қараған еді.  

***

Бір қызығы екеуміздің туған күніміз бір айда. Онікі 20-желтоқсанда, менікі 22-желтоқсанда. Алғашқы танысқан күннен-ақ туған күнімізді есімізде сақтап қалуымыз да содан болар. Әйтеуір мен сенің, сен менің туған күнімді еш ұмытқан емеспіз.

Соңғы жылы туған күнімде бұрынғыдан да әдемі болып келіпсің. Үстіңде қызыл жейде. Көлігіңнің артында бір құшақ қызыл роза  гүл. «О, мына гүлдер маған ба?» деймін біліп тұрсам да. Сен: «Қасымда болғаның қандай жақсы» дейсің күрсініп. «Не дейсің?» деймін қайталап, естімеген сыңай танытып. Иә, сол күні тағы да әсем Алматыны армансыз аралаған едік. Сосын бір құшақ гүлмен күлімдеп үйге келгенмін. Қарапайым ғана аядай бөлмем де әсем гүлдермен жайнап сала берген. Үйдегілерге «Гүлім қурап кетсе де ешқайсысың тимеңдер!» деп қатаң ескерткенмін жұмысқа кетіп бара жатып. Айтқаным айтқандай-ақ, қурап, солып бара жатса да гүліме ешкім қол тигізген жоқ. Өзім де тастауға қимай, біраз күн сақтағанмын.

***

Біздің қарым-қатынасымыз әлдеқашан аяқталған. Екеуміз де бұрынғыдай емес, бөтенбіз. Сенімен қыдырған әсем Алматының көшелері де, жиі баратын Медеу де мені жатырқайтын секілді. Бәрі сені ғана есіме салып, мені кінәлайтындай. Тіпті, кейде Алматыны тастап, басқа жаққа қашып кеткім келетін.

Бірақ, міне, бүгін тағы кездестік. Бәлкім, соңғы кездесуіміз болар... Көлігіңмен көңілсіз үйге келе жатырмыз. Әр нені айтып, әңгімелескен-сымақ боламыз. Сонда да жүрек түкпірімізде айтылмаған сыр бардай. Жанарымыз да мұңға толы. Қимастық сезім бар ма?..  Әйтеуір, жаңа көрген адамдай  тесіле қарайсың.

Түн ортасы. Телефонның дауысынан ояндым. Сен екенсің. Қуанып кеттім. Өзімнің де мазам кетіп, ұйқым қашып жатыр еді. Бәлкім, сенімен кездескеннен кейінгі әсер болар. Түнгі сағат төртте хабарласқаныңа қарағанда сенде де сондай беймазалық болыпты-ау. Бақандай екі сағаттай әңгімелестік. Қылаң беріп, таң да атып келеді екен. «Таңым әрдайым осылай жарық болса екен» деп тілеп жатып ұйықтап кетіппін. Түс көріппін. Жанымда сен бар екенсің. Қалың нөпір адамдардың ортасында жүрміз.  Бірақ, көп ұзамай қалың адамдардың ішіне мені жалғыз тастап, тұңғиыққа сіңіп кеттің.  Мен саған қол созамын. Атыңды айтып, айқайлайымын... Артыңнан жүгірмекші боламын...  Бірақ, ештеңеге шамам жетер емес. Шарасыздықтан жалғыз қала бердім. Сенен адасып қалғаныма қатты өкініп жатып, оянып кеттім.  «Түсім болғаны қандай жақсы?!» деймін өзімді жұбатып.

***

 Өткен жолғы соңғы кездесуіміз емес екен. Ойламаған жерден сені көшеде көргенде, түс көргендей аңтарылып қалдым.  «Ананы-мынаны сұрап әурелейсің. Сонда да үнсізбін. Не сұрасаң да жауап беруге шамам жоқ. Есімнен адасып қалғандай, үнсіз көлікке мініп кете бергем. Артымнан айқайлайсың. Бұрылуға да шамам жоқ. Тек артымнан қадалып қарап тұрғаныңды ғана жүрегім сезді.  

***

Міне, өзіңсіз төртінші көктемді қарсы алдым. Биыл көктемнің алғашқы күнінен-ақ күн жыл болды. Бірақ, бәрі бекер екен. 8-наурыз күні жаңбыр құйып, арты қарға айналды. Ал мен сол күні ару Алматымен біржола қоштасқан едім.

Сәуле АБЫЛАЙ