Пікір қалдырушылардың түрлері
жеке
блог

Пікір қалдырушылардың түрлері

Интернеттегі жазбаларда, мақалаларда түрлі адамдар пікір қалдырады. Оның ішінде қыртатындар мен "жыртатындар" да жоқ емес. Менің интернет әлеміне толықтай бас сұққаныма бір жылдан асып жатыр. Осы бір жыл ішінде байқағаным бойынша пікіршілерді жік-жікке бөліп көрейін. Сіз де өзіңізді осылардың ішінен тауып аласыз! Күмәнім жоқ!

Нағыз пікіршілер

Олар жазбаны мұқият оқып барып қана пікір қалдырады. Бұл үшін оған жазба авторы не осы жазбаға қалдырылған басқа да пікірлердің маңызы жоқ. Өзі не түйеді, соны жазып қалдырады. Барды бар деп, жоқты жоқ деп жазатын осындай пікіршілерді сүйемін.

Сағыз пікіршілер

Олар да жазбаны бір адамдай-ақ оқып шығады. Жазбаға сай пікір білдірем деп отырып оны сағызша созып жібереді. Оның пікірі кейде жазбаның да көлемінен асып кетеді. Соңына келгенде не туралы пікір жазып жатқанын ұмытып кетіп, "опшым, осы менің ойым. Бұл менің жеке ойым" деп аяқтайды. Ух!

Ардагер пікіршілер

Ойбоооой, бұл кісілер бұрыннан бері интернете аты жайылып қалған пікіршілер ғой. Олардың пікірін тек өзімен қатарлас блоггерлер жазба жазғанда ғана кездестіріп қаламыз. Біразы бұрынғы ортаны сағынып, арттан шұбырып еріп келе жатқан "майда-пашақтарға" аса көңіл бөле бермейді. Кейбірі тіпті кішілер жазған дүниеге назар да аудармайды. Болмаса, міндетті түрде сен білмейсің дегендей басына күліп кетеді. Іні-қарындастары білмей қалған нәрсені түсінушілікпен үйреткісі келмейді. Еееееенді, өздері бірден осылай топ етіп "бола" салған ғой. Күліп пікір қалдырады да, жазбаның есігін тарс етіп жауып кетіп қалады. Әйтпесе, ардагер пікіршілерден көп нәрсені үйренуге болады. 

Жазбагер пікіршілер

Олар пікір жазуға міндетті. Оқыса да, оқымаса да астына "Күшті екен", "Жегім кеп кетті", "Көруге болады екен", "Әдемі екен" деп жаза салады. Тіпті кейбірі жазбада не туралы жазылғандығын пікірге қарап біліп қояды да, "Қандай жәмән" деген сияқты жылт еткізіп бір пікір тастап көлеңкесімен жоғалады. 

"Типа сыншы" пікіршілер

Олар кез келген жазбадан қате іздеп отырады. Жазбаны оқымайды емес, оқиды олар. Оқып келе жатып, "Мүмкін емес, бір жерден қате шығуы керек қой" деп ойлайды. Олар қатені табады да. Сөйтіп соны бетіңе түкіргендей етіп жазбаңның астына "Американы ашқандай" айқайлатып тұрып пікір етіп жазып қояды. Сен не жазсаң да, ол сені жазу себебіңді білгісі келмейді. Олардың мақсаты - қате табу. Грамматикалық қате болсын... Табады! Мұндайлар көбіне көп білгіш келеді, әрине. Тек білгеніңді білмегенге басқалай үйрет! Сын жазба демеймін! Жазсын! Тек СЫН жазсын! Қуып кетпей!

Тролль пікіршілер

Оларға не дейміз енді? Тролльдар жүрген жерде пікіршілер де көп болады. Өйткені олар жәй жүрмей біреудің арасына от тастап жүреді ғой. Оларға қызық керек. Олар жазбадан біз елемейтін нәрселерді байқап, соны келеке етіп отырады. Бетпердесіне сенген кейбір бетсіз тролльдар автордың адресіне де талай пікір айтып тастайды. Олар не айтқысы келеді, соны айтады, жазады.

Арнайы пікіршілер

Арнайы пікрішілер жазбагер пікіршілерге ұқсайды. Олар "Менің жазбама пікір жазшы" деген танысының, группаласының, досының өтінішімен тап болады. Мұндай шақыртумен келген қонақтар оңдыртып не жазсын?.. Досын мақтап-мақтап "Астына жазып қойдым ғой пікір" деп тайып кетеді.

"Мен... Мен..." пікіршілер. (Мұндағы "Мен... Мен...-нің" менмен/өзімшіл деген сөздермен байланысы жоқ) 

Олар жазбаға байланысты пікір қалдырмайды. Жазбадағы әңгіме қызғаншақтық туралы болса, "Мен негізі қызғаншақ емеспін онша" деп не жазбада жаңа жыл туралы жазылса, "Менің өткен жаңа жылым қызық болып еді. Анау-мынау...." деп кетеді. Айналайын-ау, өзегеге де қызықты болу үшін өзің жайлы айта беруді сәл доғаршы.

Осы! Бәрін қамтыдым деп айта алмаймын. Мүмкін "пікірші" сөзін де дұрыс қолданбаған шығармын. Бірақ айтпағымды түсінген сыңайлысыздар! Сіз осылардың қайсысысыз?)