Тілді бұзатын тележурналистер
жеке
блог

Тілді бұзатын тележурналистер

                                                                                                                                Көптен күткен кездесу

Дулат Исабеков

Класс тайм

   Өмірімде тұңғыш рет өзім сүйіп оқыған автор иесін алғаш рет өз даусымен тыңдап, шынайы бейнесін көргенім осы. Әрине, алған әсер мол, түйген түйін көп. Бұрындары осындай кездесулер болса деуші едім, іштей. Бірақ оның жүзеге асарына көп үміт артпайтынмын. Өйткені бала кезде ауыл топырағында біздерге арман болған ақын-жазушылар мәңгілік қиалға теңелуші еді. Ал Алматы шаһары бала армандардыңорындалар мекені іспетті. Міне, сол бала арман бүгін орындалды десек болады.

   Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университетінің №5 жатақханасына Дулат Исабеков келді. Қалың қауым әдеттегідей арнайы радио хабарлауынсыз-ақ ағыла, өздігімен жиналды мұнда. Өйткені, шынайы талант сүйсінтпей қоймасы анық. Айтылған әңгімелері болашақ өмірге сабақ болды десем, артық айтпағаным. Ол неге десек, Дулат ағаның ерешелеп тырнақша ішіне ала отырып айтқан мына кеңесі шындық әрі сұмдық. «Болашақ журналист болғандықтан сендерге айтайын, тілді бұзатындардың бірі - тележурналистер» -дейді ол кісі.

   -«Мұның себебі, қазақтың мақал-мәтелдерін орынсыз, бұрмалап қолданатын солар. Тіпті көбі «әділ-қазылар алқасы» деп жүр, бірақ олардың әділ, әділетсіз екенін кім біледі? Орыста «честные жюри» деген тіркес бар ма?- деп күліп айтқан әзіл-шыны аралас әңгімесі қоғамдағы өз шешімін таба алмай жүрген тіл мәселесінің тағы да бір көрінісін көрсеткендей болды. Расымен, көгілдір экранға көз жіберте қарасақ, қазақтың сөздерінің орынды-орынсыз, тура және бұрмалана қолданылып жатқандығын көреміз.

   Талай туындылары театр сахнасында қойылып жүрген Дулат Исабековтің театр саласына да айтқан өкпе-назы мен сыны да айтылмай кетпеді бұл кездесуде. Театр көрермендерінің мәдениеті мен талғамы төмендеп, театр сахнасында арзанқол дүниелер қаптап кетті дейді ол. Айтылған сөздің жаны бар, өйткені театр көрермендерінің мәдениеті төмендеп кеткені рас. «Ұялы телефондарыңызды өшіріп қойыңыздар» - деген тіркесті жазып та, радиохабарлағыш арқылы хабаралап айтса да көрермендер құлағына ілер емес. Тіпті жастардың көбі қойылым үстінде «агентте» отырады. Бұл жағдайды әлде ақиқат, әлде лақап дерсіздер. Алайда көрген көз бұған да куә. Мәдениеттің жоғары орны саналатын театр табалдырығында мұндай келеңсіздіктер орын алып жатқанда, өзге өңірлерде не болмақ?

   Дулат Исабековтің бұл жайтқа көңілі толмауы өте орынды, өйткені әр жазушыға өз туындысы ішінен шыққан баласындай болмақ. Ал оның өзгеге ойыншық болғанын ешкім қаламайды, әрине. Ия, Дулат ағаның айтқандары – шындық. Шындық селт еткізеді талайды, өйткені ол – ащы әрдайым. Міне, ірі тұлғамен өткен бұл кездесуден менің түйгенім осы болды.

                                                                                                                                                Гүлжан Серік