Мал соя білесіз бе?
жеке
блог

Мал соя білесіз бе?

 

    Адам айнала алмайтын аядай жерде Рүстем қасапшы алдына келген марқаларды бірінен соң бірін жайратып тастады. Мал союдағы «тәжірибесінің молдығы» соншалық, көзді ашып-жұмғанша сойған малын жұлым-жұлым етіп, иесіне табыс етуде. Мақсаты — жылдам сойып, көбірек ақша табу шығар, сірә. Тіпті, малдың қанын толық ағызып, жаны шығуын күтпей, басын кесіп, терісін сыпырып жатыр…
   Сөзге  тартқанымызда ұлтының өзбек екенін  айтып қалды. Қасапшылық қызметте жүргеніне бес жылдың жүзі болыпты. Жүзі қанға боялған нан табар пышағын үстіне сүртіп-сүртіп жіберіп, келесі қойды бауыздады. Қарап тұрып, «биссмилла» дегенін де естімедік. Ал, Қасиетті Құран Кәрімде «Имандарың болса, Алланың атымен сойылған жануарлардың етін ғана жеңдер» деген жолдар бар. Жә, пайданың көзін іздеп, әп-сәтте алдына келген малдың етін бұтарлаған қасапшың оны қайдан білсін…

   Міне, бұл алып шаһар Алматыдағы бір әмбебеп базардың жанындағы қасапханадан тамашалаған көрініс. Керегіңнің барлығын табатын базардың қасапханасында аяқ алып жүретін жер тапшы. Мал сойғызуға жиналған халықтың кезегінде шек жоқ. Қалың қауымның уақытын оздырмай осы қасапханаға  ағылуы, күніне 40-50 ұсақ малдың терісін сыпыратын қасапшылардың  кезекті көп күттірмеуінде ғана шығар. Әйтпесе, бұл қасапхананың тазалығы мен  қатаң сақталуға тиісті тәртібі кезектегі тұтынушылардың көңілдерін көншітер емес. Сөзімізге қой сойғызуға келген мына бір азаматтардың  «Осы қасапхананың сізге жасаған қызметі ұнай ма?» деген сауалға берген жауаптары  дәлел бола алады ««Биссмилламды» өзім айттым, жақын маңда қасапхана болмаған соң осы жерге келуге мәжбүрмін. Бұл жерде қасапшылар халал ұғымын жете түсінбейтін тәрізді. Ішіп отырған асың адал болуы үшін де тазалық керек емес пе? Осыдан кейін қасапшының бой дәреті туралы әңгіме қайдан қозғамақсың», — дейді қынжыла. Кезек күтуші Айдар Кәрібаев та осындай пікірде, «20 мың теңгеге қой алып сойдырмақпын. Тазалықтың сиқын көріп, әрине, өкініп тұрмын. Амал нешік?! Мал негізі қанды көрмеуі керек делінеді ғой, ал мына жерде бірінен соң бірін бауыздауда, мал сою орындарының іші мен құралдары таза, қасапшылардың алжапқышпен жүруі және медициналық кітапшалары болуы міндеттеледі, ал бұл жерде талаптарға сай болмақ түгілі тіпті тазалық деген атымен жоқ»-дейді. Бұл бір қасапханаға айтылған сын ғана, ал осындай жолмен, осындай тазалықпен жұмыс атқарып келе жатқан қасапханалар қаншама?!

Тәртбі сақталмайтын қасапханаға, тәртіпке бағынбайтын қасапшыларға арнап үкімет мал союдың ережесін жасап қаулы жариялаған болатын. Бұл жаңадан шыққан ереже емес. Үкiметтiң 2009 жылғы қарашаның 4-iндегi қабылдаған «Ауыл шаруашылығы малын союды ұйымдастыру ережесi туралы» қаулысына сәйкес жеке тұлға ауласында мал соя алмайды екен. Яғни, сойылатын мал арнайы алаңшаға апарылып, мамандардың жан-жақты тексерулерiнен өткеннен соң барып, пышаққа iлiнедi. Ал, мұндай талапты құп көрмегендердi тиiстi заң негiзiнде қатаң жазалаудың күтiп тұрғаны жасырын емес. Осы секiлдi талапты ұғынғанынан ба, әлде жұмыстарына кедергi болмасын ойлаған қасапшылар өз ерiктерiмен жыл сайын мал сою алаңшаларын  ашуды дәстүрге айналдырып келедi. Әрине, мұнысы құптарлық. Бірақ  «нантабар ордасын» таза ұстамай,  келген тұтынушының көңіліне күдік ұялатып жіберсе, аты ғана қалып, заттай қадірі қалмасына кім кепіл?!

    Қарап отырсаңыз, «осы қасапшыларға босқа кінә артып жатқан жоқпыз ба?»- деген ойға келесіз. Олардың бар жазығы бала-шаға қамын ойлап, нан табу үшін  мал соя білмейтіндердің және соя білетін бірақ «союға қолдары тимей жүрген» азаматтардың ауқаттарын арқалатып жіберіп жүргендігі. Ал, қасапхана есігінің алдында кезекте тұрған бірнеше ер-азаматты  мал союдан хабарының бар жоғын білуге сөзге тарттық, олардың бірі жауап беруден бас тартса, бірі қалалы жерде, көпқабатты үйде тұрған соң ол жағын құнттамағанын айтты. Ал, енді бірі соя алатындығын, бірақ әлгінде айтқан үкімет қаулысының көп қиындық туғызатындығын желеу етті.