Адам үнсіздікте не айтады?

          Бала күнімде мен өзімді ғана сезіне аламын, ал қалғандары мен үшін рөлдерін сомдап жүрген әртістер сияқты көрінетін.                         

      Қазір ойласам бұл пікірім өзіме күлкілі. Қызық, басқа балалар дәл мендей күйді бастан кешті ме екен? Мұны, әрине мен ешкімге айтқаным жоқ. Бұл менің бала күнімдегі, үнсіздіктегі ішкі ақымақ ойым.

      Мен өстім, құрбы құрдастарыммен, ата-анаммен үлкендерше сыр шертісіп, олардың да сезіне алатындығын, оңашада өзіндік ойлармен арпалысып жүретін адамдар екенін ұқтым. Қазірде олардың өзімдей жандар болғаны, «адамның күні адаммен» екендігі жігер береді.

«Адамды сүй, Алланың хикметін сүй,

Не қызық бар өмірде одан басқа»,-деген Абай сөзінен өмірдің мәні осы адамды сүю деп білемін. Себебі біз бір-біріміздің тіршілігімізді жылы жүзбен, жақсы сөзбен, көмекпен жеңілдете білеміз.

        Адам үнсіздікте нені ойлайды?  Әрбір қоғам мүшесі, жеке тұлға, азамат, өзгелерге сырт келбетімен, сөйлеген сөзімен, қылығымен әр-түрлі әсер қалдырады. Бірі оны басқа қырынан түсінсе, екіншісі ұнатпауы не жақын тартуы әбден мүмкін. «Киіміне қарап қарсы алады, ақылына қарап шығарып салады» деген. Тіршілік иесінің барлық күш-жігері іштен шығарылады, өйткені ол ішкі ойын өзі бақылауда ұстайды. Жан дүниесі қаншалықты жұмсақ адам болса да, өзге біреуге ол қатыгез болып көрінері бар. Кейде пенде өзін танытып, мойындату үшін өзі қаламаған нәрсені жасайды. Қыран бүркіт өз балапандарын құздан итергенде, тек мықтылары ғана тірі қалады. Оны табиғатта бейімделу деп атайды. Адамдар арасында да мықтылық керек. Мінез керек. Өзіңді дұрыс ұстай білу үшін, дұрыс ойлаған жөн. Адамның не ойлайтындығы өзіне ғана аян. Бұл біріншіден, екіншіден сол жанды жақсы білетін, іс-әрекетін айтқызбай ұғатын жақын адамдар. Үшіншіден, ерекше дарынды, психолог немесе, әулие адамдар шығар.

         «Біздің бар болмысымыз – ол өз ойымыздың жемісі» деген Будданың сөзі бар. Сол сияқты Черчиль: «адамның ойы – заттық күйге ауысады»  деді. Осыдан келіп, кез келген адамның қазіргі тұрмысы оның өз ойының қорытындысы деген тұжырымға келеміз. Табиғаттан келер апаттар мен зілзала да адам ойының кесірі. «Пейіліңе көрінсін» деп жатады.

        Әрбіріміздің ойымыз әр кезде әрқалай болады. Жалғыздықта адамдар көп армандайды. Сүйіктілерін қиялдайды, өзгеден естіген мақтауларды, болмаса жағымсыз пікірлерді сарапқа салады, алдағы уақытқа жоспар құрады. Ал белгілі бір адаммен қарым-қатынасқа түскенде сөйлер сөзін құрастырады, оның сөзін ой қазанына салып қайнатып, қорытады. Бірде ол өзі ойламаған сөзді айтуы мүмкін. Сөйлескенде адам түрлі эмоционалдық күйді бастан кешеді. Кей шақта әңгімешімен өз ойы сәйкес келе қалса, ризашылығын білдіргісі келсе, басқа кезде іштей жекіп, ұрысқысы келіп тұрады. Мұндай кездері ол өз-өзімен аралысып, не сабырға шақырады, не бүкпесіз айтып тастайды.

      Адам іштей ойланатын нәрселер көп. Оның ішкі құпиясы болады. Егер ол ауыр болса, адам қатты тұйықталады, өзін жегіжей жейді. Уайымсыз адам жоқ шығар. Мұқағалиша «сәби болғысы келетіндер» көп-ақ. Абай 5-ші қара сөзінде: «Көкірек толған қайғы кісінің өзіне де билетпей, бойды шымырлатып, буынды құртып, я көзен жас болып ағады, я тілден сөз болып шығады» деп жазды. Адам баласы бір сәт те ойсыз тұра алмайды. Кейде үнсіздікте қалудың өзі зор кемелділіктің өлшемі болып көрінеді. Адам әр сөзін мәнді етіп айтса, өзгелер арасында құрметке бөленеді. «Аңдамай сөйлеген ауырмай өледі» демекші дұрыс ойлап, дұрыс сөйлеген жөн. 

 



Бөлісу: