ТӘТТІ КӘМПИТ...

Қолымдағы кәмпиттің қағазына зер сала қарадым. Енді ше, кішкентай кезімнен жеп келе жатқан таңдайымда дәмі сақталып қалған кәмпит! Бір жағынан, өзіміздің «Рахаттікі». Қағазына қарап отырмын. «Мәре» деп жазылыпты. Содан кейін астындағы «старт» деген жазуға көзім түсті. Біз білетін мәренің орысшасы – финиш… Сонда «старты» несі? Ал «старт» дегеніміз – сөре. «Сөреден шығып, мәреге жетті» дейміз ғой әдетте. «Старттың» сөре екенін білмеген ғой...» деп қоя салдым… Әлде мәренің  финиш екенін бе екен...

Бұл - бұрынғы жазбам. Жаңа жылдан кейін тура сол шоколад қолыма түссін... Әдетте Жаңа жылдың өзі тәтті кәмпиттердің мерекесі сияқты ғой... Әлгі шоколадтың қағазын ұза-а-ақ қарадым... Тек "старт" деп жазылыпты... Сірә, мәреге солай жетеміз деп тапса керек...

ПыСы: Күні кеше ғана Зейнеп апамның үйінде болдым. Дастарқанның үстіндегі қағазына АБАЙ бейнеленген шоколадты қолына алып:"Осы конфетке қараған сайын жүрегім ауырады... Абайдай ақынымызды аяғымызбен таптап жататынымыз үшін... Өз басым, шоколадты жеп біткен соң, қағазын өте майда қылып ұсақтап жыртып тастаймын, Абай бейнесі қоқыста аяқасты болып жатқанша... Осы дұрыс сияқты көрінеді... Жер үйде тұрсам өртеп отырар ма едім... Қалай десек те, алып ақынымыздың бейнесін аяқасты етіп жүргеніміз "РАХАТТЫ" ойландыруы керек..." - деді.

          Апаның мұңайған келбеті "мәре" деген жазуын алып тастаған "Стартты" есіме салып өтті...




Бөлісу: