Біз шаншу

Біз шаншу
жеке
блог

Ертеректе қазақта қонақ үй, асхана, транстпорт, үй салу т.б. дегендеріңіз тегін болды ғой. Тегінді қойып қонағын күте алмағандар сөгіс естіп, айып төлеп жататын. Табақтағы еттен без шығып, немесе сыйлы қонаққа салынатын мүшеден (бұрын қонақтың беделіне қарай жамбас, жал-жая, т.б. мүшелер таңдалып салынатын) жас келін жаңылып жатса тегін бергені аз болғандай үй иесі айыбын төлеп, қалжыңдасып, қауқылдасып жатады. Бұл енді кең заманның үлесі. Қазір ет асу шамаға байланысты. Дегенмен де берген палаудан тас шығып жатса, көжеден қыл-қыбыр табылып жатса үй иесі масқара ұятқа қалады.

Хош, сонымен біз шаншу деген былай болады. Түс әлетінде үйге қонақ түседі. Қазақта танымайтын адам да емін-еркін қонақ болып түсе береді. Өйткені, халқымызда «бөлінбеген енші» деген түсінік бар. Яғни, бір қазақтың дастарханындағы ырыздық бар қазақтың еншісі. Бұл да бір бауыр болу үшін шығарылған әдет. Қазір бұл «бір қазақтың дастарханындағы ырыздық Қазақстандағы барлық ұлттың еншісі» деп өзгерді. Қазақ басқаның үйіне қонақ болып кіре алмаса да, оның үйіне орыс та, қырғыз да, ұйғыр да қонақ болып түсе беруі шарт. Қай қазақ болсын қабылдауға міндетті, түсірмесе салттан аттаған ел бұзар болып шығады. Әлқисса, түс кезінде бір топ адам түседі үйге. Үйдегі келін қазан көтереді. Біз шаншуға келгендер сөзге сараң отырады. Өйткені, басқа уақытта келген қазақ қауқылдасып, тіпті кейде түн баласы ұзақ сонар әңгімеге басатын. Сөйтіп, олар қонып аттанады. Бұлардың тегін келмегені қазақ үшін түсінікті. Кете салысымен сыр-жұмбақты шешкісі келіп үйдегілер қонақтың астына төселген сырмақ-көрпелерді қағады. Сол кезде сырмаққа, көрпеге шаншылған бізді көреді. Үйдегі қайрақтың жоқтығын біледі. Бұл - ұл ержетті, қыз бойжетті. Қасқұлақ бала бізде бар, хаса сұлу сізде бар, құда болайық дегенді білдіреді. Қайрақ - көбіне қылыш қайрайтын жігіттің қолданатын құралы, қыздардың құралы - ине. Қызды сұрап біз шаншитыны осыдан. Осы күннен кейін бір жеті ішінде қыздың үйі қайрақты сұратып, бізді қайтарып кісі жібермесе онда құдандалы болуға кет ары емеспіз дегені. Қарттар келіп енді шындап құда түседі. Ал, егер қайрақты сұратып жіберсе қазақ оған ренжімейді. Қайта, кешірім сұрап, жік-жапар болады да қалады. Құдаласу дегеніміз Алланы ауызға алып серттесу. Қазақта ажырасу жоқ. Өйткені, істі Алланың атымен бастайды ғой. Сөйтіп, құдалық бекіген соң, ас соңында құда түскен ақсақал асқа бата береді.

Әуелі Құдай оңдасын

Әулиелер қолдасын

Малың менен басыңа

Еш жамандық болмасын

Жаратушы Құдірет

Жарылқаудың қамын ет

Қосылған екі жастарды

Зылиқа мен Жүсіптей

Бір біріне ғашық ет

Ғайып Ерен қырық шілтен

Назарыңды салып өт

Тар жол тайғақ кешуде

Жәрдемдесіп алып өт

Бақыт, дәулет перзентте

Еш болмасын қасірет

Ықылспен тілеген

Тілекті Алла қабыл ет!