Құпия хикаялар

«Екеуіміз ештеңе бастамай-ақ қояйық. Менікі қателік болды. Бәрін ұмыттық.»

 

Жұма күні осындай смс келген. Мұндайға етім де үйреніп кеткендей. Әлдекімдер мені жағасы жайлау деп ойлайды. Менің әр күнімнің сәтсіздіктерден тұратынын қайдан білсін?!

 

Бірақ уақыт, көңілдің күйі, ой-пікір - адам үшін ең құбылмалы үштік.

 

«Мен сені ұнаттым. Тұрақты түрде кездесіп тұруды қалаймын» деген келесі бір смс сенбі күні келді.

 

Ұнатпайтын адамың солай десе, мән бермессің. Ал егер ол көңіліңнен шықса ше?! Кішкене ғана болса да, бақыттың өзі.

 

Бұрын жазған «жерасты оқиғаларым» есіме түсті. Бұдан былай олар – «жерүсті оқиғалары».

 

1-хикая:

 

Менімен болдың. Онымен де болғансың...

 

2-хикая:

 

Менімен болдың. Ұнаттың. Ұнаттым. Әлденеден күмәндандың да, жоғалдың. Сендей адамдар сирек.

 

3-хикая:

 

Күтпеген жерден кездестік. Таныстық. Ашылған талай құпияның бірі ғана болдың.

 

4-хикая:

 

Біздің кездесуіміз сәтті бола қоймады. Қашқақтадың. Сен де онымен болыпсың. Сен де сирек адамсың.

 

5-хикая:

 

Ешкімім қалмаған кезде, сені ермек еттім.

 

6-хикая:

 

Достастық. Ренжістік. Табыстық. Бірімізді біріміз қатты сыйлайтын достармыз. Сен екеуімізде де ортақ біреу болған.

 

7-хикая:

 

Мүлдем бейтаныс адам едің. Өзім бастап, тиістім. Дұрыс тиісіппін.

 

8-хикая:

 

Жай ғана ермек, бірақ ерекше адам.

 

9-хикая:

 

Ұнаттым, айта алмадым. Сәті келмеді.

 

10-хикая:

 

Бір көргеннен ұнаттым. Ол да мені. Бірақ бір кедергі болды. Қайтып жолықпадық.

 

11-хикая:

 

Сені ешқашан ұмытпаймын! «Дос болып қалайық» дедің. Жыным келеді осы сөзге!

 

12-хикая:

 

«Егер жабысқақ болсаң, соңғы рет көріскеніміз» дедің. Бірақ артынан өзің жабысатын болдың.

 

13-хикая:

 

Қаладым, бірақ интуицияма сенбедім. Есесіне, сенің әрекетіңе ризамын!

 

14-хикая:

 

Шынайы өмірде көріп ұнаттым. Виртуалды өмірде таныстық. Бірақ сен де бір жолғы кездесудің адамы болдың. Адамнан дұрыстап теріс айналуды да білмейсің.

 

15-хикая:

 

Түн. Мен сені танымаймын, сен де мені танымайсың. Қарым-қатынастың ұзаққа бармағаны қандай жақсы.

 

16-хикая:

 

Жұлдызды тағдыр! Кейде мені біреудің өмірбаянының өзі ғашық етеді! Адамның өмірі кинодан жүз есе қызығырақ болатынына жиі көзім жетеді.

 

Хикаялар жалғаса береді... Мүмкін, тоқтар...



Бөлісу: