"KS Production" продюсерлік орталығының ресми ашылу салтанаты
жеке
блог

"KS Production" продюсерлік орталығының ресми ашылу салтанаты

Бір, екі, үш! Ал, кеттік!

Сәлем, достар!

Эфирде "Массагет тынысы" айдары!

Оййй, өзімді эфирдемін деп қалдым ғой))

Басынан бастаймыз!

Сәлем, достар! Өткен аптада арнайы шақырумен мен және менің құрбыларым тамаша бір кештің қонақтарының бірі болдық. Атап айтсақ, ақ пен қарасы, қызығы мен шыжығы жетерлік шоу-бизнес дейтін үлкен әлемде тағы бір жаңа продюсерлік орталық өз жұмысын бастап, "KS Production" деген атқа ресми түрде ие болды. Бұл продюсерлік орталық ақын-жазушы Карина Сарсенованың бастамасымен құрылған. 

Продюсерлік орталық қалай құрылды?!

Салтанатты кеш БАҚ өкілдерінің қатысуымен өткен баспасөз отырысынан басталды. Карина Сарсенованың айтуы бойынша, осы уақытқа дейін жарық көрген кітаптарының тұсаукесер кешінде оған бір емес, бірнеше рет жас өнерпаздар келіп, өздерінің шығармашылығымен таныстырып, ақын өлеңдеріне әуен жазуға рұқсат алды-мыс. Алайда, рұқсат алып кеткен олар сол кеткеннен мол кетіп, ізім-ғайып жоқ болған. Кезекті бір жиында Карина Сарсеноваға ескертпестен белгілі музыкант, консерватория ұстазы Ғалымжан Берекешев оның өлеңіне жазылған бір әнді күйсандықта орындап береді. Ақын мұндай тосын сыйға қатты таңданып, қуанады. Кейін жолдасымен ақылдаса келе осындай таланттардың басын қосып, олардың өнерлерін қолдауға бел буады.

Продюсер Карина Сарсенова (С) Талгат Галимов

Продюсерлік орталықтың қарамағындағы әншілер қалай іріктелді?

Дәл осы сұрақты баспасөз отырысында мен қойған болатынмын. Карина Сарсенова былай деп жауап қатты: "Әлбетте, біздің әншілер үлкен іріктеуден өтті. Олар тек дарынды ғана емес, өте дарынды болуы тиіс. Іріктеуге келген әрбір орындаушыны Ғалымжан Берекешевпен бірге өзім қабылдап, бірге бір мәмілеге келіп жаттық. Әлі де қатарымыз кеңейеді деген ойдамын"

итальяндық әнші Аугусто Амикуччи (Augusto Amicucci) (С) Талгат Галимов

Продюсерлік орталық әуелі коммерциялық бағытты ұстана ма? 

Карина Сарсенова: "Әрине, әр бастама бизнес-жоспар негізінде құрылады. Алайда, біздің әуелгі мақсатымыз - өнерпаздарды қолдау. Олардың шығармашылығын шыңдау. Қоластымдағы ешбір өнерпазды бөліп жарғым келмейді. Барлығына тең қараймын. Әрқайсысының ертең елге сыйлы жарық жұлдыз болғанын қалаймын"


(С) Талгат Галимов

Продюсерлік орталықтың алға қойған мақсаттары қандай?

Таяуда ғана продюсерлік орталықтың әншілері қайырымдылық шарасын өткізіп, балалар мен қарттар үйінде концерт өткізді. Алдағы күндері осындай игі шаралардың санын көбейтуді мақсат етуде. Сондай-ақ, жаратқан сәтін салса, продюсерлік орталық Лондон қаласында жеке концертін береді. 

Мирас Киньяров (С) Талгат Галимов

Баспасөз отырысы аяқталған бойда концерттік бағдарлама басталды. Кеш шымылдығын Ғалымжан Берекешевтің "Қазына" вокалдық ансамблі ашты. Кейін сахнаға Мирас Киньяров, Расул Жармагамбетов пен Кристина Минисова біртіндеп шығып, әндерін орындап жатты. Барлығы да өте жақсы орындаушылар, әрқайсысының өз ерекшелігі бар. Бірақ...


Меруерт Мүсірәлі (С) Талгат Галимов

Шынымды айтсам, осы сәттерде зерігіп кеттік. Бәлкім, сол баяғы танымал әндерді тыңдағаннан ба, әлде аса қызықты болмаған соң ба, әйтеуір, бір жалығып қалдық. Айтылып жатқан ән де, қойылып жатқан көрініс те, билеп жатқан бишілер де көңілімізді ауламады. 

Бір кезде Карина Сарсенова "Экранға назар аударыңыздар" деп, "ST Brothers" дуэтінің жаңа бейнебаянын тамашалауға шақырды. Әдемі бейнебаян, тамаша саз, жоғары дәрежедегі орындау шеберлігі барлығы да таңдай қақтырарлықтай. Одан қалса, бағанадан бері жалығып кеткен мына бізді бір сілкіндіріп жіберді. Иісі қазаққа жат емес домбыраның қоңыр үні бізді оятты. Көп ұзамай сахнаға ағайындылардан құралған дуэт шықты. Бір билеп алдық, несін жасырайық)))

(С) Karla

Кейін сахнаға Меруерт Мүсірәлі шықты. Дауысы зор, кең тынысты әнші. Бірақ, оның да айтқаны сол баяғы әндер. Меруерттен соң, итальяндық әнші Аугусто Амикуччи (Augusto Amicucci) өнер көрсетті. Баянның сүйемелдеуімен бірнеше әсем әндерді орындады. Одан қалса, ол біздің қазақтың қара жорғасы мен итальяндық тарантелланы біріктіріп, көңіл-күйімізді бір көтерді. Құрбым Арай екеуміз ортаға шығып билеп алдық (ұят-ай, хиттвға түсіп қалдық)

My friends (c) Gaziza

Жалпы айтсам, кеш жақсы өтті. Кешті ұйымдастырған, ұйымдастыруға ат салысқан әр жанның еңбегі көрініп-ақ тұрды. Тек ұнамағаны сол баяғы әндердің қайта шырқалуы. Мен өнерге жанашыр ғана адаммын, кәсіби музыкант, өнертанушы емеспін. Сондықтан да олардың орындаушылық шеберлігін бағалай алмаймын. Менің пікірімше, әр әнші өз әнімен шықса, тіпті қатып кетер еді. Итальяндық әнші мен ағайынды дуэт қана өз репертуарларынан молынан көрсете алды. 


"Ұлт пен ұрпақ" бағдарламасының жүргізушісі Қазына Әбдіғапбар мен Ғазиза Ұзақ (с) Арай

Қалай болғанда да, жарық жұлдыздардың есімін жаңғыртатын жаңа продюсерлік орталықтың ашылғаны жақсы жаңалық. Продюсерлік орталықтың алға қойған мақсат-жоспарлары іске асып, үлкен жетістіктерден көріне берсін деп тілек айтамын. 

Кеш осылай аяқталды (С) Gaziza

Айтпақшы, осы кешке біздің Мажарстаннан келген құрбымыз Индира да келу керек еді. Өкінішке орай, ол келе алмады. Оны кештің соңына дейін, одан қалса, қараңғы көше бойында да күтіп едік, әттең... 

Сондай-ақ, аталмыш кештің қалай өткенін және осы жазбамның телевизиялық нұсқасын 3-наурыз, жексенбі күні сағат 19:30-да СТВ арнасынан болатын "Өмір тынысы" бағдарламасынан тамашалай аласыздар.

Сіздермен болған мен - Ғазиза Ұзақ. Жақсылықта жүздескенше!