Бір қарасаңыз, 50 теңге көп ақша емес. Елдегі ақша мәселесін қарастыратын болсақ, 50 теңге түк те емес. Оған ештеңе да ала алмайсың. Ал бірақ, «Тамшы тама беріп, теңізге айналуы мүмкін» дегенді ескерсек, 50 теңге біраз мәселені шеше алады. Henkel және Magnum компанияларының ұйымдастыруымен өткен өте жақсы сауда акциясының арқасында еліміздегі Балалар хосписіне 2 000 000 теңге жиналды. Сауда акциясының шарты бойынша Henkel өнімдерін сатып алған жағдайда әр сатылымнан 50 теңге «Здоровая Азия» қорының «Мен сенімен біргемін» балалар хосписіне аударылып отырды. Нәтижесінде қомақты қаражат жиналды.
2015 жылы өткен акция нәтижесінде екі бірдей балалар үйінің тәрбиеленушілеріне мектеп формасы сатып алынды. 2016 жылы 170 балаға спорт киімдері сыйланды. 2017 жылы онкологиялық дертке шалдыққан кішкентай қыздың шетелдегі отасына 2 000 000 теңге аударылды. Бұл жолы да қаражат игі іске жұмсалғалы отыр.
«Мен сенімен біргемін» балалар хосписінде 238 бала бар. Оның 12-сі орталықта жатыр. Күнделікті хоспис қызметкерлері балаларға тек медициналық емес, сондай-ақ, психологиялық, материалдық, әлеуметтік көмек көрсетіп жатады.
Атам қазақ «Теңге тиыннан, ынтымақ ұйымнан» деп бекер айтпаса керек. Осы жағдайға қарап-ақ, бұл сөздің қаншалықты маңызды екенін білуге болатындай. 50 теңге көп ақша емес, әрине, ал оны біртіндеп жинай бастасаң, кәдімгідей жиналып қалатынын көресің.