5 күн жалғандағы 5 күнім. 1-күн: Ақшаның қадірі

5 күн жалғандағы 5 күнім. 1-күн: Ақшаның қадірі
жеке
блог

Отбасымда ақшаның қадірін түсінесе анам түсінетін болар, әкем екеуіміз ақша жинау дегеннен гөрі шашу дегенге жақынбыз. Бірақ қазір әкеміз басқа мен басқа. «Шашу» деген әдетті қоя алмай жүрген мен. Жинасам сізге өтірік маған шын 3-4 жылдың ішінде білдей жақсы екі көліктің ақшасын жинар едім. Әттең...! 

Соңғы бес күн ішінде бес түрлі дүниенің қадірін жақсы түсіндім. Басыма сабақ болып тимесе біреудің ақылын тыңдап отыра алмаймын. Бұл бір принцп. Соның біріншісі ақшаның қадірі. Әрбір 5 теңге мен 10 теңгенің керек екендігі. Екі жерде жұмыс жасау қуантарлық жағдай. Табысыңда жақсы. Бірақ тапқан табысыңды не жинай алмасаң, не дұрыс жұмсай алмасаң онда ондай жұмыстан садаға. Себебі бір ай бойына төккен теріңді бір-ақ күнде құйрық сүрткен қағаз секілді жоқ қыла салу ақымақтық қой. Ендеше таң қалатын ештеңесі жоқ сол ақымақтық бірі ол – мен! 

Андре Боннардың мынандай сөзі бар екен: «Только поэты и женщины умеют обращаться с деньгами так, как деньги того заслуживают». Осы сөзді бір жерден оқып алғанымды қайтейін, ақын екенімді сезініп кетіп, ал бір шашсам дейсің. Нені болсын, ақшаны. Айына табысым орташа есеппен алған кезде үш адамның жалақысын құрайды екен. (65 мың теңге деп есептесеңіз). Ал енді бір қызық айтайын, осы жарықтық айлық жетпей-ақ қойды. Таң қалам. Кезінде студент болып жүргенімде 1 жылдай 15 000 теңге шәкіртақыны қалай жеткіздім екен. Еш уайым жоқ а?! 2 курстан бастап жұмысқа кіріп, ішкенім алдымда, ішпегенім артымда өмір сүрдім. Қуанатын бір-ақ нәрсем, үйден ақша алған емеспін. Алған күннің өзінде қиналып, өліп бара жатсам. Сондай кезде өзің таптың, маңдай терің, жұмса, демал, шаш деген бір жалған айғай іштен ұлиды да тұрады. 

Жастық шақ шіркін, бәрін көргісі келеді. Көргіңіз келмесе де аласұрып тұрған жүрек тартып тұрады. Түнгі клуб, кафелер, барлар не керек сол секілді шағын демалатын орындардың шаңын бір қағып алдық. Әйтпесе миллионердің баласы емеспін. Бәлкім іштей жақсы өмір сүргім келген болар, әйтпесе аяқ асты аспаннан түскен бай-манап секілді ақшаны оңды-солды шашуды үйде ешкім үйреткен емес. 

Бір аптаның ішінде 7 күн бар болса, соның төрт күні жұмыста болсам, қалған 3 күнімді қыдыру, демалумен өткіздім. Жексенбі күні келіп кешке үйде ойланып жатам: «не таптым?» деген сұрақты өзіме мың рет қойып. Ештеңе тапқан жоқпын, тек шығын көрдім. Ал сол сұрақты мен өзімен 3-4 жыл бойы әр жексенбі сайын қойып келдім. Енді өзіңіз мен айтпай-ақ есептей беріңіз, әр аптаның үш күні демалсам, қанша шығын екенін. 

Шашылдық. Оймен алысып шашырап кеттік. Ал ақшаның қадірін неге соңғы 5 күн ішінде түсіне қалдым деген сұраққа жауапты сіздерге кеңес ретінде бергім келіп отыр. 

– Ақша деген қолдың кірі. Иә! Ол шынымен-ақ қолдың кірі. Бірақ сол кірге кіріптар болып отырмыз. Себебі уақыты келген кезде қолыңда сол кір тұрмаса, қашан жуып қойып едім деп есіңе аласың. Воооо, мәселе қайда жатыр! 

– Қарыз ала салам. Ала саласың-ау, бере салатын адам болса. Бере салатын адам бере салса да оған қайтару керек қой. Ал оған қайтару үшін тағы біреуден аласың. Ең соңы «сұрамшақ», «сүйкімсіз» бір мақұлыққа айналасың. Абырой мен атақты, тегің мен атыңды, арыңды жинап тастауға тура келеді. Көкірек керіп қарыз сұрағанды кімнен көрдіңіз. 

– Мен ақша жинай алмаймын. Бұл ендігі жерде сылтаудың ең сәтсіз түрі. Әйтпесе артылып тұрған ақшаны көрінген нәрсеге жұмсай бермей, бір жерге тыға берсең, жиналады ғой. «Тай құлыннан, теңге тиыннан» деп қазақ айтып-ақ кеткен, жарықтық сол мақалдардың, мәтелдердің, асыл сөздердің қадірін уақытында неге аңғармайды екенбіз. 

– Оңай келген ақша, бәрін оңай қылады десеңіз... бұл үлкен қателік. Себебі қарызға алған ақша, бір жерден шығарған ақша, маңдай термен тапқан ақша болмаған соң, қалай тез келсе, солай тез кетеді. Ал артында не қалатынын білесіз бе, артында өсімі қалады, шығыны қалады. Оны төлейтін сіз. 

– 200 теңге... бір қызық айтайын, жұмыс істеп жүргелі бері қапшығымда 5-10 мың теңгеден кем ақша болса, өмір сүре алмайтындай хәлде болам. Әдет болып кеткен. Соңғы бес күнде мына бір жағдай басымнан өтті. Кешкілік демалу сәтінен үйге келіп, ұйықтап қалдым. Таңертең тұрып, жұмысқа жиналып, такси ұстай салармын деп қапшығыма қарасам 200 теңге тұр. Автобусқа отырсам кешігем. Сомен ұзақ отырдым. Ойландым. Соңғы 200 теңгем қалғанша артымды ойламай шашылғаныма жөн болсын, маған не болды? Сұрақ көп, жауап қайдан табам. Бір-ақ нәрсе жұбатты: құдай маған есіңді жи деп сол 200 теңгені қалдырса керек, ойлансын деп. Мүлде ақша болмай қалса ше, депрессияға түсіп, қан қысым көтеріліп кетер ме еді ә? 
Қанша ақша болмасын керегіңізге жарап тұрса пайдаланыңыз, бірақ далаға шашпаңыз. 

– Ертең тауып берем. Жоқ сіз ертең тауып бере алмайсыз. Сіз солай мида қалыптастырасыз. Сіз ертең таба алмайсыз, себебі сіз бүгін алаңдап тұрған кештің қызығын қыздырып қайтуды ойлап қана тұрсыз. Сіз ертеңгі беру керек ақшаны ойлап тұрған жоқсыз. Сондықтан не сөзде тұрыңыз, не ұзақ уақытқа сұраңыз. «Ертең қайтарып беремін» деп алған ақшаны қайтару үшін, қанша адамға ертеңмен берешек болып кетесіз. 

Бірінші күнге түйін. Ақша – ешқашан жетпейтін қағаз. Байлардың өзіне ақша жетпейді. Ойлай беріңіз енді, сіздің тауып жүргеніңіз сонда неге жетеді. Ал жеткізем десеңіз, ең алдымен ұқыпты болыңыз. Қарыз алған ақшаны қайтаруға келіп тұрған айлықты басқа бір дүниеге жұмсап жібермеңіз. Қарызды беріп тастаңыз. Қолыңызға ақша түссе ең бірінші берекше болған адамдарыңызды ойлаңыз. Ал асып жатса қалғанын көресіз. Себебі жағдайыңыз одан әрі қиындап кетпесе, бір күн үшін әлі бір ай өкінетін боласыз. 

Тақырыпты «5 күн жалғандағы 5 күн» деп алған себебім, мен осы 5 күн ішінде өткен 5 жылым мен алдағы 50 жылымның есебін шығардым және сабақ алдым. Болашаққа қалай өңілу керектігін, өткеннен қалай сабақ алу керектігін түсіндім. Неге дейсіз бе? Себебі таяқтың ұшы басыма тиіп қана қойған жоқ, өзімнің ысырапшыл әрі ақ көңілдігімнен кеткен қателіктерім бір орында отырып ойлануға мүмкіндік бермеді. 

Құрметті оқырман, соңына дейін оқып шыққан болсаңыз, сәл де болса ойланыңыз! Бұл ешқандай хикая не ертегі емес. Шынайы басымнан өткен, өмірде көрген ақшаның қадірі турасындағы бір күндік байқағаным. Әлі де кеш емес, өкінбей тұрып өкінішке апаратын барлық қателіктерден бас тартыңыз. Бастысы ақшаңызды есептеңіз. Шашуға, демалуға кететін ақшаны ең соңына қалдырыңыз. Алдымен қарызды беруді одан қала берді қажеттіліктер мен материалдық құндылықтарға кететін жағын қарастырыңыз. Осылардан ақшаңыз аспай қалса, үйде жатыңыз. Демалудың қажеті жоқ. Себебі сіз әлі дайын емессіз! Ал жастық шағым демалумен өтпесе, оның несі жастық шақ деп кейімеңіз. Құдай сізге жастық шақ берген болса, оны көресіз. Оны сезінесіз. Тек сәл ақылды болыңыз. 

2-ші күннің қадірі сезім туралы. Күтіңіздер! 

(с) Марғұлан Ақан