"Қазақтың мейрамы емес! Неге сонша дайындалады! Неліктен сонша күтеді?! Наурызды осылай күтіп, осылай тойласа, шіркін! Қаншама шығын! Қаншама ысырап! Жаңа жылдың бізге керегі не?! Қайдағы бір қазаққа жат ақсақалдыны добрасымен бірге сонша күтетін балаларды айтсаңшы! Осы мереке не керек бізге?!"... Иә, тағысын тағы не айтсақ та, айтпасақ та, әдет қалған емес. Оның көнеден қалып қойған ескі әдеттей болған мереке, ешқандай да Аяз атаның жоқ екенін білсек те, Атам Қазақ кимеген сан алуан киімдерді киіп, айналмаған шыршаны шыр айналып, қайдағы бір "бөтен" атадан сыйлық күтетін Жаңа жыл мерекесінде кішкентайлардың көңілі үшін айтқандарын жасайтынмыз тағы рас. Оларды мұның бәрінің алдамшы екеніне сендіре алмайтындығымыздан және "көршінің" балаларынан қалмас үшін "барымызды саламыз".
Сонымен, балабақшаға баратын бес жасар баланың Жаңа жылдық көңіл-күйі ата анасының қалтасына қанша салмақ екенін есептеп көрсек.
1.Жаңа жылдың белгісі - жасыл шырша. Таудан әкеле алмасымыз анық. Демек, базар жағалайық. Алматы қаласы бойынша "арзандау" базар Барахолка болғандықтан, бірден сол жерге тарттық. Ендеше, шыршалардың бағасына көз салсақ.
Жарқырауықтары бар кішкентай шырша да, жарқырауығы жоқ үлкен шырша да 7500 теңге. Сатып алсақ, 7000 теңгеге түсіруге болады екен. Айырмашылық бойында емес, "ойында", яғни, жарқырауында.
Биіктігі бір метрдей төмендегі күлгін түсті, "ерекше" шырша да 7000 теңгеден екен.
Ал, мына "сұлу" биіктігі, ерекшелігіне орай, 25 000 (жиырма бес) мың теңгені "ысқыртады" екен.
Бұл жерде 25 сантиметрден бастап, шаңырағының биіктігіне, қалтаңыздың тереңдігіне, көңіліңіздің жомарттығына орай биіктей беретін сан алуан түрлі де, түсті де шыршалар бар екен. Бағалары 1000 теңгеден басталады... Біз бойы бір метр, "семіздігі" қалыпты, шын-өтірігі поляк елінен жеткізілген жасанды жасылдың бірін 2500 теңгеге қанжығаға байладық.
Шыршамызды сәндеудің өзі бір дәстүрдей. Енді оған әшекейлер алу қалды. Сапасына, санына, сұлулығына қарай сан құбылатын ойыншықтардың бағасы да "ұшып" тұр. Біздің кезімізде шыны, әйнек ойыншықтар ілуші едік. Жерге түссе, қайта жарамайтын. Қазіргі шырша сәндері жақсы. Пластмассадан, не басқа жұмсақ материалдан. Лақтырып жіберсең де, сынбас, тек жылтыры түсіп, сәні кетер. Сонымен, кептердің жұмыртқаларындай майда елу шақты ойыншықты 600 теңгеге, дождиктерін 600 теңгеге, гирляндасын 300 теңгеге сатып алдық. Енді үйге апарып, безендіру ісі қалды.
Сонымен, орта есеппен, жаңа жылдық "көркіміз" 4000 теңгеге "соқты".
Үйдегісі бір басқа, балабақшада да осы тектес шыршаның және оны айналатын балалардың көп болатынын, ол мерекеге арнайы "кісілер" шақырылатынын білеміз. Және өз баламызға сыйлықты өзіміз білдіртей саттырып алатынымыз тағы бар. Ал, ондай алып шыршаны әртүрлі мультфильм, ертегі кейіпкерлеріндей киініп алып, айналатын балалармен бірге біздің де бес жасар баламыз әдеттегі киіммен айнала салмасы анық. Ендігі кезек жаңа жылдық киімі. Біздің бала биыл Аяз ата болады екен. Солай бөліпті.
Барахолкада қыз балаларға арналған осы тектес ханшайым кәстөмдері 4000 теңгеден басталады екен.
Ханшайым тәжсіз болмас! Сапасына, көзінің "мөлдірлігіне" қарай тәждер 1000 теңгеден басталады.
Бетпердесіз, арнайы көзілдіріксіз ханшайым ешбір ханзадаға "қызықты" болмас. Ханшайымдар құпиялы, сырлы, жұмбақ болуы керек емес пе? Олай болса бетперде керек. Ал олар 500 теңгеден басталады.
Ал жалпы жаңа жылдық кәстөмдер Барахолка базарында 2500 теңгеден басталады екен. Никольский базарында дәл осы кәстөмдер 4000 теңге тұратынын да естіп, біз Аяз атаның киімін Алтын Орда базарынан 2000 теңгеге, сақалын 200 теңгеге алдық. Уақытыңыз болса арзанын іздесеңіз, табады екенсіз.
Сонымен, баланың жаңа жылдық киімі 2200 теңгеге айналды.
Мінеки, біздің шыршамыз да, баламыз да мерекеге дайын.
Енді, бәрін қосып есептелік. Бұл есепке балабақшада өтетін мерекелік кешке, баланың сыйлығына, тәрбиешісінің сыйлығына бас-аяғы 3000 теңгені қосамыз. Сонымен, шыршамыз - 4000 теңге, киімі - 2200 теңге, сыйлығы, мерекелік кеші - 3000 теңге. Сонда бес жасар баланың биылғы жаңа жылдық көңілі - 8200 теңгеге болды. Былайынша, "түк емес". Дегенмен де... Ал, мектеп жасындағыларды есептемей-ақ қоялық.
Ал, біздің бала кезімізде жаңа жыл дегенді қалай өткізуші ек? Естеріңізде ме? Киімді өзіміз ойдан шығарамыз, тігеміз. Бастысы - бағасы емес, бастысы - кеш біткенше бізді ешкім танымаса болғаны. Ал сыйлыққа ары кетсе 500 теңге. Ол кезде қазіргідей Рахаттың қымбат мәмпәзилері емес, біздің сыйлықта он теңгелік вафли, бір мандарин, әлдебір шоколад, сағыз, ұлдарға машина, қыздарға қуыршақ. Болды. Соған көңіліміз дархандай болушы еді, ә? Ал, қазір ше...