Әкеге деген сағыныш

Асқар тауым, жан әкешім, мен өзіңді сағындым

Еркелеткен сөзіңменен, ақылыңды аңсадым.

Сенің бейнең көз алдымнан еш кетпейді, жасыдым

Бұл өмірден түңілгендей ойлай-ойлай шаршадым.

Білем маған бақыт енді оралмайды ешқашан

Жабырқаулы, жүзім солғын болады енді әрқашан.

Жүрек жарты, ауыр ойлап күрсінеді, жасыған

Өйткені сен болатынсың бақыт құсын сыйлаған.

Жан әкешім сенсіз өмір сүру қиын тым маған

Үй ішінде жетіспейді сенің орның жайнаған

Жүрегімде орны толмас өкініш бар сарнаған

Көре алмадым өзіңді мен ең соңғы рет жанардан.

Сен екеуміз армандаған арман қалды жайында

Орындалмай қала береді сен кеткен соң арадан.

Талай сөздер қалып қойды бірақ менің санамда

Мен оларды сақтамақпын мәңгілікке жадымда.

Жан әкешім, сені ойлаймын, сағыныштан сарғаям

Тірлік кешкен қу дүниенің мәнісі де жоқ маған

Ештеңенің керегі жоқ, жалғыз сені сағынам

Жанарымда толған жас та көмек болмайды маған.

Әкетайым, бар арманым бір өзіңсің аңсаған

Сағыныштан мен жыр жазам тек өзіңе арналған.

Жайдарлы кез, бірге өткізген күндерімді сағынам

Елеспенен жүрегімде үлкен орын қалдырған...

                                                                     Гүлжан Серік



Бөлісу: