Бала неге елу теңге сұрады?

Бала неге елу теңге сұрады?
жеке
блог

Бала неге елу теңге сұрады?

 

Кешқұрым құрбым Ажар екеуміз қаладағы әсем демалыс орындарының бірі – «Қиял әлемі» саябағында демалып отырғанбыз. Қалықтаған әсем әнге тербеліп көктемнің сұлулығына тәнті болған көңілімізді «Көмектесіңіздерші!» деген сәбидің жалынышты үні су сепкендей басты. Көздері тостағандай, өзі сүп-сүйкімді балақай жанары жәутеңдеп, шүлдірлеп ақша сұрап тұр. Баланың тілін қызықтап, әңгімеге тарта бастадық. Мектепте оқимын деп жауап берген балақай енді шын жалына бастады. Үсті-басына қарасақ, біз ойлағандай кәнігі қайыршы емес. Ақша сұрауының себебі саябақтағы балаларға арналған түрлі әткеншек, басқа да ойын түрлерін қызықтағысы келеді екен, ал ол елу теңге болса керек.

- Қайыршылықпен ақша сұрағанша, мамаңнан неге алмадың? – деген бізге:

- Мамам өзің тап та, ойнай бер деген, - деп жыламсырай қарады.

Құрбым қалтасындағы ұсақ теңгелік тиынды қолына ұстатты да:

- Қалған отыз теңгені қайдан аласың? – дегені сол еді:

- Тағы да өзге адамдардан сұраймын ғой, - деді.

Сыртынан бақылап отырдық. Басымызға неше алуан ойлар кіріп жатыр. Балақай шынында да ойын баласы, оның үстіне каникул кезі – нағыз ойнайтын шағы. Ал бүгінде ойын сатылып жатқан заман. Иә, ол нарық талабы шығар. Дегенмен, анасы сәбиге неге ақшаны өзің тап деді екен? Қызық, 7-8 жасар балаға ақшаны өзің тап деп, біз ертеңгі қылмыскерлерді даярлап жатқан жоқпыз ба?! Балақай бүгін дәрменсіз, ол жалынып сұрайды, ертең табынып сұрайды. Сәл есейе келе, қажеттілік қатты қысып тұрса «қағынып» сұрайды.

Жастарымыз ұры, қылмыскер, қатыгез боп барады дегенде аузымыз аузымызға жұқпайды. Дәл солар өзіміздің тәрбиемізден, өзіміздің қанатымыздың астынан шығып жатқанын тіпті байқамағандаймыз.

Ауыр ойлардың жетегінде отырғанда, елден жиған елу теңгесін көрсетіп балақай ойын алаңына құлдыраңдап жүгіріп бара жатты.