Оқи отырыңыз

Өзіңе ұнаған кәсібіңмен шұғылдансаң, өз ұлтыңның туын көкке көтере алсаң – бақыт деген осы!

Автор: Асқар Жұмаділдаев

— Редактор бағаны —

Массагетте қалай блог жазамын?
Массагетте қалай блог жазамын?

Автор: Ербол Жұмабайұлы

Статус: Massaget.kz порталының Экс-бас редакторы

Материал жіберу БЛОГ ЖАЗУ
Негізгі / БЕЙМЕЗГІЛ АЖАЛДАН ҚОРҚАМЫН

БЕЙМЕЗГІЛ АЖАЛДАН ҚОРҚАМЫН

БЕЙМЕЗГІЛ АЖАЛДАН ҚОРҚАМЫН

Беймезгіл ажалдан қорқамын

 


21.02.2013



Илхам ИБРАГИМ, 
«Ел арна» телеарнасы «Фобия» бағдарламасының жүргізушісі


– Илхам, «Фобия» реалити-шоуы кө­рерменмен қауышқалы бері ғаламторда бағдарламаға қатысты сан түрлі пікірлер жазылады. Шоудың жүргізушісі ретінде сынға қандай уәж айтасыз? Жалпы, ешкіні еміп, ер-азаматтардың орынды, орынсыз дауыстап айқайлауы эфирдің этикасына қаншалықты сай?

– Иә, шын мәнінде, "Фобия" реалити шоуы интернетті бұрқыратып жіберді. Бұл аз ғана уақыттың ішінде жобаның танылып үлгергенін көрсетсе керек. Олай дейтінім, «Фобияның» эфирге шыққанына әлі бір ай да болған жоқ. Бірақ айтылып жатқан пікірлер өте көп. Әрине, пікір болған соң, ол тек мақтау немесе тек даттау болмайды. Бірақ сіздің сыни пікірлерге көзқарасымды білгіңіз келіп тұрғаны анық. Олай болса айтайын. Қол қусырып отырмай, еңбек­тенген адам ғана сынға ұшырайды. Егер бізге сын айтылып жатса, онда еңбегіміздің көзге көрінгені. Қандай пікір айтылса да, бұл телевизия саласы өкілдері үшін саф алтыннан да қымбат. Қатысушылардың орынды, орынсыз айқайлауы деп қалдыңыз жаңа. «Орынсыз» деген сөзбен мен ке­ліс­пес едім. Өйткені шоудың қатысушылары қан­дай сыннан өтетіні туралы білмейді. Шығармашылық топ бәрін де жасырын ұстайды. Түрі-тұрпайы жәндіктерді алғаш көрген кезде сіз қандай күйде болар едіңіз? Шошып, қорқатыныңыз белгілі ғой. Жа­сыратын түгі жоқ, мен де әу баста «кей қатысушыларымыз асыра сілтеп жатқан болар» деп ойладым. Өйткені «олар ұстаған жыланды мен де ұстаймын, онда тұрған түк жоқ» деген ой келді. Бірақ мен де қаты­сушылардың рөлінде болып, түсірілімге түсер кезде, басқа біреу жыланды әкеліп мойныма іліп қойғанда денем түршігіп, не істерімді білмей қалдым. Қорыққан сәтте шынайы эмоция шығады. Өйткені жал­мауызға да жан керек. Қанша жерден шақ­пайды, тістемейді дегенмен, ішкі түй­сігің оған сенбейді екен. 

– Мойындауымыз керек, «Фобия» отандық телеарналарда бұрын-соңды бол­маған құбылыс. Әйткенмен жоба бары­сында асыра сілтеп, Батысқа еліктейтін тұстар да кездесетін сияқты... 

– Расымен, "Фобия" сияқты жоба отандық телевизияда болған емес. Сон­дықтан бірден көрерменді баурап алды. Бұған шоудың рейтингтік көрсеткіштері дәлел. Әрине, тіл-көзіміз тасқа, бірақ отан­дық телеарналардан көрсетілген шоу­лар дәл "Фобия" сияқты рейтинг жинаған емес. Батысқа еліктеген түгіміз жоқ. Ба­рынша қазақы менталитетке сай етіп, шариғат талаптарын бұзбауға тырысып-бағудамыз. Бір нәрсені айтайын, әр тап­сырманы ойластыру барысында біздің продюсеріміз бірінші кезекте имамдар кеңесіне жүгінеді. Дін өкілдері «болады» десе, біз оны жүзеге асырамыз. Егер «бұл харам тірлік» десе, бірден тоқтаты­лады. Яғни «ойбай-ау, жат дүниені ен­гі­зіп сана­ны улап жатыр, еліктеп жатыр, үйтіп жатыр, бүйтіп жатыр» деп байбалам салу­-ға негіз жоқ. Сыни пікір айтатын кө­рер­мендер "Фобияны" көрмесе, жобада не болып жатқанын қайдан біледі?! Яғни көрермен бағдарламаны көреді, көрген соң жоба оны аз да болса қызықтырады, назарын аудартады деген сөз. Бұл – біздің жеңіс! 

– Арзан күлкіге, ойын-сауыққа бағыт­талған толассыз шоулар қазақ телеви­зия­сының, тележурналистердің дамуына қан­шалықты үлес қосады. Шоу-бағдарламаның салдарынан журналист те, телевизия да, көрерменнің өресі де тоқырауға ұшырайды деп ойламайсыз ба? 

– Жоқ. Егер көрермен тарапынан сұ­раныс болмаса, көрермен соны қалама­-
са, сіз айтқан шоулар ешқашан эфирге шықпайды. Шығып жатыр ма, сұраныс бар деген сөз! Бұл жайт қазақ теле­ви­зия­сын, көрерменнің өресін тоқыратып жі­береді деген жансақ пікір. Міне, көрші елдерді алыңыз. Шоу бағдарламасы жоқ арна көрдіңіз бе? Жоқ әрине. Бәлкім, заманның талабы сол болар?! Бәлкім, бұл да өтпелі кезең шығар. Оны уақыт көр­сетеді. Дегенмен қазір сұраныс бар, оны қанағаттандыра білу де – өнер. Мәселен, тоқырауға ұшырайды дейтіндей телеар­налар халыққа тек шоу, ойын-сауықтық бағдарламалар ұсынып, қалғанын тоқтатып тастаған жоқ қой. Таңдау көп, кім нені қалайды соған көңіл бөліп жатыр және солай жалғаса береді. Мұның тележур­налистердің дамуына да кесірі тимейді. Мысалы, мен шоу жүргізушісімін, бірақ сараптамалық бағдарламаларға назар аудармаймын демеймін. Маған ресейлік журналистердің сараптамасы ұнайды. Қолым қалт етсе көремін, өзіме керек жерін түртіп қоямын. Кім біледі, бәлкім, араға уақыт салып, салмақты жобаға да шақырту болар. Сондықтан үйренуді, із­денуді тоқтатпау керек. 

– Көрерменге шоу-бағдарлама қажет шығар, дегенмен «шоу-бизнес өкілдері реа­лити-шоудың кейіпкері атанып, халықты қызықтыруға әлі де дайын емес пе?!» деген ойға қаласың... 

– Мұныңызбен келісемін. Ар­тис­тері­міз әлі шоу-бағдарламаларға қа­тысуға дайын емес. «Ойпырым-ай, көршім не айтады, туған-туыс қарап отыр. Тіпті құ­даларға қай бетіммен қараймын...» деген сансыз сұрақтар жалғаса береді. Артық айтсам кешірім сұраймын, біз қашанғы Алла Пугачеваның жеке өміріне қызыға береміз? Неге Роза Рымбаеваның өмірі туралы айтпасқа? Отандық шоу-бизнес өкіл­дері әлі де ашылып сөйлегісі келмей­ді. Неге? Өйткені ашық әңгімені қабылдауға көрерменіміз де дайын емес. Мысалы, Роза Рымбаева Ресейдің примадоннасы секілді өмірін жайып салсыншы, «ойбай-ау мынаған не болған?» дейміз жаға ұстап. Бұдан соң тағы кей арналар өзге елдің бағдарламасын қазақша аударып бере беретін болды деп ренжиміз. Меніңше, бітпейтін комплекстен арылатын уақыт жетті. 

– Жалпы, «Фобия» АҚШ-тың «Фактор страха» сынды бағдарламасынан бастау алады. Америкалық тележүргізушілердің бағдарламаны жүргізу стиліне еріксіз таң­ғаласың. Мұндай қорқынышты һәм жан­түршігерлік бағдарламаны жүргізу үшін адамның ішкі дайындығы да болу керек сияқты. Өзіңізді әр түсірілімнің алдында қалай дайындайсыз?

– Әрине, дайындық болу керек. Одан бұрын өзіңізді еркін ұстай білуіңіз керек. Өзімді еркін ұстайтындықтан шығар,"Ел Арнаға" мені дәл осы «Фобия» үшін ар­найы шақырды. Продюсеріміз Толқын Сейдоллақызы «қатал, сұсты сөйлейтін, бірақ өзіңді еркін сезінетін жүргізуші боласың» деп талап қойды. Сол үдеден шығуға тырысып-бағудамыз. Мақтан­ға­ным емес, мұның барлығы менде бар. Сон­дықтан бағдарлама жүргізу стилiмнен қандайда бір жасандылық іздеп қажеті жоқ. Өйткені болмысым сондай. Мен жүргізуші ретінде еркін сөйлеп, қажет кезде "сойып-сойып" пікір айтуды жақсы көремін. Бірінші бағдарламадан соң про­дюсерге көптеген телефон қоңыраулары түсіпті. Пікір білдіргендер "жүргізуші таң­дауда қателеспепсіз" десе керек. Мұны Толқын ханымның өзі қуанып маған жет­кізеді. «Бұл Илхам Ибрагим ашылды, оны көрермен қабылдады дегенді білдіреді» деймін өзіме (күлді) . 

– «Фобия» басталғалы бері сіз туралы түрлі анекдоттар, қызықты әңгімелерді құлағымыз шалатын болды. Мұндай қа­ғытпа сөздер шамыңызға тимейді ме?

– Неге шамыма тисін? Егер мен туралы анекдот шығып жатса онда таны­мал­ды­ғымның артқаны. Газет бетінде мен туралы анекдот шыққанда ішек-сілем қатып күл­генім бар. Бұл қуантты. Тіпті сәті түссе соны жазған адаммен кездесіп, алғыс айтпақ ойым бар. Телевизия саласында жас кезінде өз имиджің үшін жұмыс істеуің керек. Одан кейін сол имидж саған жұмыс істейді деген қағида бар. Сондық­тан мен туралы айтылған пікір ешқашан артық етпейді. 

– Сізді халық «7 арнаның» жаңалық­тарынан, «Нысана» бағдарламасының «Ілмек» сынды айтары бар айдарынан жақсы таниды. Алайда арнадан көрінбей кеттіңіз. Ғаламтордағы блогыңызда «ар­надан кетуімнің өз себебі бар» депсіз. Ар­надан кетуіңізге «Ілмектің» жабылуы сеп болды ма? Жалпы, жоба неліктен жабылып қалды?

– Рас, "Ел арна" телеарнасына дейін "Жетінші арнада" еңбектендік. Алғашында жаңалықтар қызметінде арнаулы тілші, сосын "Таң" ақпараттық бағдарламасы­-ның жүргізуші болдым. Сосын "Нысана" бағдарламасында азды- көпті еңбек еттім. Арнадан кетуімнің бірнеше себебі бар. Басты себеп – отбасын құрып, ауылда жал­ғыз қалған ата-анамның жанында бо­лайын дедім. Тағы бір себеп – "Ілмек" айдары көрермен тарапынан қолдауға ие болғанымен, басшылық тарапынан қолдау таппаған сияқты. «Ілмек» соңғы кездері бірнеше рет тексеріліп, қиылып, кесіліп жүні жұлынған тауық секілді эфирге жол тартатын болды. Мені «жүргізуші екен-ау» деп қолдаған жан болмады. Солай болса да, «Ілмек» сұранысқа ие болатын. Әйтсе де, сені қолдамаса шабыт қайдан бол­сын? Сөйтіп, арнадан кеттім, бірақ "Іл­мекті" эфирде қалдырғысы келді. Деген­мен көп ұзамай айдар жабылып қа­лыпты. Негізі, көрермені көп, айтары мол айдар еді. «7 арнаға» артар өкпем жоқ. Бұл ұжым журналист ретінде шыңдалуыма ық­пал етті әрі мен үшін үлкен мектеп болды. 

– Тележүргізушілерге көрермен тарапы біраз наразы сияқты. Ызалы, кекті үнмен сөйлейтін әріптестеріңізді де байқап қала­мыз кейде. Сіздіңше, бүгінгі қазақ теле­жүр­гізушілеріне не жетіспейді? 

– Мәселен, пәлен шенеунік миллион­даған долларды жеп қойыпты, парамен ұсталыпты деген мәтінді күлімдеп оқыған дұрыс емес. Бірақ бастан-аяқ кектеніп, ызаланып оқыған оғаш көрінеді. Өйткені жұмыстан шаршап келген көрермен тіс­теніп, ызаланып отырған жүргізушіге қа­рамасы анық. Оны да естен шығармаған азбал. Менің ойымша, бүгінгі тележүр­гі­зушілерге кадрда еркіндік жетіспейді. Еркін сөйлеп, ақпаратты қысылмай жет­кізу жағы жетпейтін сияқты көрінеді.Жаңалықтарды екі жүргізуші жүргізіп отырады. Бірақ бір-бірінің сөзін жалғап әкетпейді, бір-бірімен қажет кезде сөй­леспейді. Суфлерда не жазылса соны зы­рылдатып оқып береді. Сосын «неге жа­ңалықтарды екі адам жүргізу керек? Те­леарна басшылығы неге екі адамға ақша төлеп шығындалады?» деген сұрақ туын­дайды. Мәселен, «НТВ» телеарнасында жүргізушілердің бір-біріне сөз берген сәті­нің өзі қызық. Соны көру үшін күтесіз. Бізде өкінішке қарай, робот-жүргізуші­-лер көбейіп барады. 

– Илхам, біреу журналистикаға арман қуып келеді, біреу кездейсоқ келеді. Ал сіз қалай келдіңіз? 

– Мен де көпшілік секілді арман қуып келдім. Мектепте оқып жүрген кезім. Те­леарналардан жаңалықтарды өткізбей қараймын. Кім не айтады, қалай сөйлейді, қалай киінеді, бәрін білуге құштар ем. Қымбат Досжан, Бейсен Құранбек, Жай­-на Сламбек сынды жүргізушілердің аман­дасу, қоштасу сөздерін жаттап алатынмын. Содан 10-сыныпта «журналист болғым келеді» деп телеарнаға бардым. Ешкім бетімнен қаққан жоқ, қайта жазу-сызуды үйренуіме жол ашты. Бірде жаңалықтар жүргізіп отырып, Дана Нұржігіт сияқты "мал-жан аман, жұрт тынышта қауы­шайық" дегенім есімде. Сонда редактор­дың «әр­кімнің өз стилі болады, біреудің сөзін қай­таламау керек эфирден» деп сын айтқаны бар (күліп). Қысқасы, мені көк сандық жур­налист етіп тәрбиеледі. Әлі де тәрбие­леп жатыр. 

– Жұрттың үрейін ұшырған «Фобия» жүргізушісі – Илхам Ибрагимнің қандай фобиясы бар? Жоба барысында сол фобия­ңызды жеңіп, үрейден арыла алдыңыз ба?

– Илхам Ибрагимнің фобиясы көп. Жоба барысында оның біршамасын жеңдім. Мәселен, өмірі жылан ұстап көрген жан емеспін, тіпті жақындаудан қорқатынмын. Оны да көрдік, бірақ бір аптадан соң ол қорқыныш қайта оралып, келесі бағдарламада ұстауға қорқып, ұзақ ойланамын. Жеңе алмайтын қорқыны­шым да аз емес. Ата-анамның арманын орын­дай алмай қалудан қорқамын. Әри­не, әркімнің өз дәм-тұзы болады. Бірақ мен беймезгіл ажалдан қорқамын. Бір жағынан бұл жақсы да шығар. Өйткені Пайғам­барымыз (оған Алланың сәлемі болсын) өз хадисінде "өлімнің бар екенін ұмытпаңдар" деген ғой. Оған қоса, хадис шәрифтерде өлімнің хақ екені жиі айтылды. Мұны бір сәтке ұмытқан емеспін және ол менің бас­ты қорқынышым. 

– Әңгімеңізге рақмет! 

Сұхбаттасқан 
Әйгерім БАҚЫТҚЫЗЫ
22
Рейтинг: +2

Жазылған уақыты: 21 ақпан 2013, 11:47
Тегтер: "хабар" "ел арна"

Соңғы аудармалар

Қайсар До Бон Сун  #7
Қайсар До Бон Сун #7

До Бон Сун – ерекше қыз. Өйткені, оның бойында тұқымқуалайтын қасиет алпауыт күшке ие. Ол тек қыздаға беріледі. Бұл қасиеті үшін өзінен ұялатын қыз қалайша барлық қиындыққа қарсы тұра білді? Оған қолдау көрсеткен кім? 

BTS - Go Go
BTS - Go Go

Топ: BTS немесе Beyond The Scene  Дебют: 2013 жыл,...

VROMANCE feat. Obroject -
VROMANCE feat. Obroject - "Ғашықпын" (Fall In Love)

Массагет сайтында жарық көріп жүрген "Қайсар До Бон Сунның" сезімге толы саундтрегін назарларыңызға ұсынамыз.