сағыну

сағыну
жеке
блог

                                               Сағыну...

          Қалай болғанын өзі де білмейді. Еміс-еміс есінде. Есік алдындағы шарбаққа сүйеніп көңілсіз жылап тұратын. Көше бойында үйлердің шет жағынан орын тепкен кішкене күрке тамнан қысылғандықтан ба, әлде сонау менмұндалап шыңын ақ шаш жапқан таудың мұңымен өзін мұңдас көре ме екен, әйтеуір сыртқа шығып алып, көңілсіз тау жаққа қарайтын. Жүзінде реніштің аздап табы байқалғанымен, ол үйіне қайтатынына сенгендіктен болар, кейде бірден жымиып сала береді. Бала көңіл өзінің үйін мына бір таудың ар жағында, таудан өтсе болды үйіме жете қалам деп ойлаушы еді.Сол үмітпен 10 жыл жүріпті-ау. Есейе келе тауға жетудің өзі мұң екенін білді, сол кезде-ақ оның үйіне қайту жайлы ойы шарт-пұрт жоқ болып, тек жүрегінде қайнаған кектің ұшқыны қалып қойды. Болашағын ойламақ былай тұрсын, кешегісінің қалай құралғанын білмейді, жеңгенің күңкілі, қатыгез ағаның қаттылығы, олардың балаларының мазағы болғаны есіне келсе бойын жиып алып, ойын басқа жаққа бұрғысы келеді. Жаңбырдың тамшысындай болса да қуанған кезі есінде жоқ, жылауға да батылы жетпей ішінен күйініп жүре беріпті-ау...Тағы да темекісін тұтатты. Ендігі мазасын алғаны өткенінің ойына тізбектеле орала беруі. Қанша есіме алмайын десе де болмады, жүрек еңіреп сала берді. Тағы оралды, ойына тағы оралды. Көзінен еріксіз жас өзен тасқынындай ағып барады. Сүртуге дәрмен жоқ. Өзін әлсіз сезінді. Қорғансыз сезінді. Өкініштің өртінен тұншығып, қасіреттің қармағында өткен 10 жыл. Кешір Гүлсая. Кешір...

                              ***************

      Жаздың жайма шуақ кезінің бірі. Алтыншы маусым. Ымырт түскен шақ. Күннің беті қайтып, ала көлеңке үйірілген кез.Бұлбұлдың дауысымен шырылдаған шегіртке қатарласып қояр емес. Жаздың иісі қандай керемет, жүрегің қуанышқа бөленеді, көңілің көтеріліп қалады.Сап-салқын самал бетті сипайды. Үпілеп жатқан сияқтанады. Желге ырғалған жапырақтар да өзінің әуеніне басады. Табиғат барынша адамға саясын төгеді-ақ. Самат мейлінше табиғатқа сұқтанып балқып тұрған. Тыныштықты жұмысынан қайтып келе жатқан анасы бұзды.

-Әй балам-ау, анаңа көмектеспеймісің? Мә мыналарды алсаңшы.

Селт ете қалған Самат аяғын асығыс басып анасына қарай беттеді.

-Кешіктіңіз ғой апа, сізді манадан бері күтіп тұрмын.

     Бұл Саматтың күнделікті әдеті еді. Анасы жұмысынан қайтарда қолына толтырып тәттілер алып келетін.Көшенің бас жағына барып  Самат анасына көмектескен болып тәттіге қарқ болушы еді. Анасы екеуі жолда әңгімелесіп келе жатты. Үйіне жақындаған кезде жалт қарасқан екеуі де  қолындағыларды тастай сала алға ұмтыла берді. Шатырдың жартысы жанып жатыр екен. Есік алдына жеткенше талып жығылған Саматтың анасының тілі күрмеліп қалды. Саматты көршілер қолынан ұстап үйіне жібермей қойды. Жұрт абыр-сабыр, жаппай өртті сөндіруде. Іште қалып қойған 5 жасар қарындасын ойлап Самат қатты қамықты. Анасына қарап қояды. Есінен танып жатыр. Қайда қарап не ойларын білмей дал болып отырғанда ішке кіріп кеткен егделеу келген кісі қарындасын көтеріп алып шықты. Дереу жедел жәрдем шақырылып ана мен қызды ауруханаға алып кетті. Қорқынышқа жүрегі шыдамаған анасы жолда көз жұмыпты. Самат тағы да темекі тұтатты. Көзінен қызыл бу шығып жатқандай. Сол оқиғадан кейін томаға-тұйық болып алған 8 жастағы бала көп ауыратын болып кетті. Қарындасының жағдайын ойласа тағы да бойын үрей басады.

                                   ****

-Сатамыз!-деді. Нағашы атасының інісі болып келетін ағасы.

-Үйді сатамыз. Өртеніп түкке тұрғысыз болып қалған кезде кім жөндетті, сиқы кеткен үйді кім ақтады? Мен. Сол үшін шешімін мен қабылдаймын. Бірдеңе айтқысы келіп оқталып келе жатқан Сакебайды бәйбішесі бүйрінен түйіп тоқтатты.

-Нең бар тыныш отыр. Молдекемнің қаһарын білмеуші ме едің? Кейін маған қарсы уәж айттың деп үлестен айырып жүрер. Бала-шағаны несібесінен айырып не пәтуа таппақшысың?

Сәкебай енді есін жиды да жанында жылап отырған жас жетімге көзі түсті. Баланы басынан сипап, маңдайынан сүйді.

Сол шешімнен кейін үй кімге кеткенін де анық білмейді. Әйтеуір, қарындасы екеуі құшақтасып жылағаны бар. Екі жетімді екі нағашы бөліп алды. Сол кезде көзінен аққан жас - үстіндегі киімін сулап еді-ау. Кешір Гүлсая...

Жадыраған жаз кетіп, артынан қызыл шақа күз келді. Қандай көңілсіз. Жапырақтар мұңайып жерге түсіп жатыр. Ағаштар жалаңаштана бастады. Бұрынғыдай бұлбұл ән салмайды, шегіртке шырылдамайды. Үйді-үйдің мұржасынан түтін шыға бастайды. Адамдар  асығыс. Үстілеріне қалың киіп алып тез-тез жүреді. Тоңса қолдарын ысқылайды. Күзді жек көрем деді Самат. Адамдар күзде мейірімсіз бола түседі. Өз бастарын ғана ойлап, ыстық сүт ішуге құмар. Пештің түбіне көрпе салып жылынып жатуды қалайды.Барлық қиыншылық пен өкініштің өрті осы бір күз мезгілінен басталды. Жеңгесі төркінінен келе жатқан беті еді. Сыртта балалармен ойнап жүрген Саматты көріп айқайға басты

-Әй жүгермек! Пеш жағылды ма? Не мына мұржадан түтін шықпай тұр а?

 Сұрақ қоя айқайлаған жеңгесі Саматтың үрейін ұшырды. Көзі атыздай болып түнеріп келе жатқан жеңгесі оңдырмасын білгендей-ақ үйге қарай лып берді. Барып кереуеттің астына жатып алды. Үйді дүрліктіре Саматты іздеп жүрген жеңгесі былапыт сөздерін жаңбырша жаудырып жатыр. Ол сөздің кейбірін түсінсе кейбірін түсінбей Самат іштей үрейленіп қимылдамай жатты. Сол кездегі қорқыныш. Самат темекісін ортасынан сындырып лақтыра салды. Сол кездегі қорқыныш. Саматтың әлі есінде. Сол күні таяқтың астында қалғаны ойына орала беріп еді Самат ойын басқа жақа бұрып әкетті. Қарындасым... Тағы да көзіне жас келді. Гүлсая...Балдырған жасында балалықтың дәмін татып үлгермей жатып ерте есейген кіп-кішкене қарындасы сол бойда алыс ауылда тұратын үлкен нағашысының үйінде қалған еді.Менен алыста болғаны жақсы болды. Оның қайғырып жүрген жүрісін көре алмаймын. Алыста болғаны дұрыс, мен оған аға бола алмаймын. Бұл ойды Самат 15 жасында ойлаған. Содан бері қарындасын бір көруе зар. Үй тірлігін қыздай меңгеріп алған Самат оқу оқи алмады. Бар ауыртпалық осының мойнында.Таңның атысы күннің батысы үй шаруасы. Пеш жағып, күл шығару, нан ашыту, малға қарау-бәрі де Саматтың үйреншікті істері. Үйге өзімен шамалас қыздар келе қалса өзінше ұялып екі беті нарттай болатын. Жығылғанға жұдырық етіп жеңгесі де олардың көзінше іс бұйырып қалушы еді. Бозбалалықтың не екенін енді ғана сезініп келе жатқан ұлға бұл  әрине, ауыр тиетін. Көпшілікпен сөйлеспейтін момын балаға біреулер жаны аши қараса, енді бірі жирене қарайтын. Аяқ-қолы күс-күс болып жүретін жас жеткіншек Саматтың түрі расында адам мүсіркей қарарлық. Қарындасым 15 ке келген болар, әдемі қыз болып өссе екен. Мен сияқты жаман киінбей әдемі киініп жүрсе екен деп ойлайтын. Түнде арманмен ұйықтап арманмен оянатын бала болашақтан үмітін үзбей жүрді. Ең бірінші арманы - қарындасын көру-тін. Оны құшақтап, оны қалай сағынғанын айтқысы келетін. Оның бет-жүзін еш елестете алмады, ойына 5 жастағы кішкене қыз келе береді. Өмірде біреуді аңсап, сол адам үшін өмір сүру қандай бақыт деп ойлады, тағы бір кезекті темекісін тұтатып жатып. Сен үшін өмір сүрген екем,әр көктем келген сайын саған арнап қыр гүлін жинаған екем. Оны суарып қуратпай сақтаған екем. Бірақ, ол гүлдерім бір жетіден аспай солып қала беретін. Сол кезде саған берем дегенше жетпегеніне еңіреп жылаушы ем. Сен үшін өмір сүріппін. Сен үшін мына азапқа шыдаппын. Екі бұрымыңды кестелеп өріп, артыңа тастап қыр гүлін жинап жүр ме екенсің? Сұп-сұлу қарындасым менің. Сағындым сені.

                                  Бір күні түсінен шошып оянды...