Ақша мен адам

Ақша мен адам
жеке
блог

Пойызбен келе жатқам. Қасыма бір жас келіншек түсті. Екеуміз ішіміз пыспасын деп бір-бірімізден жөн сұрастық. Бір кезде жолсерікке кешкі тамаққа тапсырыс бердік. Телефонға жауап берейін деп купеден шығып кеткем. Келсем, жолсерік тамағымызды әкеліп қойыпты. "Мен қанша беруім керек?" деп әмияныма қол соза бергенімде, әлгі келіншек: "Жоқ, қажеті жоқ, сіздің тамағыңызға мен төлей салдым" деді. "Енді сізге қанша берейін?" дедім іштей риза боп. "Керек емес" деді келіншек. "Төлемей-ақ қойыңыз".

Аңтарылып қалдым. Рас айтам. Жүз теңге үшін жағадан алысқан қоғамның өкілі ретінде мына бір көрініске расымен таң қалдым. Әлгі келіншек жөн сұрасып, әңгімелескеніміз болмаса, атымды да білмейді. Ақшасы қалтасына сыймай бара жатқан бай деп те айта алмайсың. 

Сонша ойланудың қажеті де жоқ-ау. Жай ғана жақсылық жасағысы келген. Жай ғана жақсы адам. Болды. 

Универде бірге оқыған бір группаласым үнемі өзінің философиялық ойларымен арпалысып жүретін. Қатты құлазып кеткенінде себепсізден-себепсіз келіп, өзінің ойларын ақтарып-ақтарып сап, кете баратын. Сол группаласым тамағына есептемегенде мүлдем ақшасыз бір ай өмір сүріп көрмекке бекінді. Ақшасы жоқтықтан емес. Тек осы әрекеті арқылы өмірдің мәні ақшада емес екенін тым құрығанда өзіне дәлелдегісі келді. Сабаққа жаяу барып, жаяу келді. Ештеңе сатып алмады. Қыдырмады. Бір ай өткен соң, ақшасыз да қызықты өмір сүргенін айтты. Бәлкім, олай емес шығар? Кім білген...

Ақша мен адамгершілікті бір-біріне қарама-қайшы қоятын пікірлер көп. Ақшасы көптер адамгершіліктен жұрдай деген түсінік стереотип болып кеткелі қашан?! 

Меніңше ақша ұйықтау, тамақ ішу деген сияқты адамның қажеттілігі. Ал оны адамгершілікке қатыстырудың қажеті жоқ. Адам жаратылғанда жүрегінде адамшылығы болса, ақшалы болып та өз бет-бейнесін сақтайды. 

Сіз қалай ойлайсыз? 

Сурет: strategybasedprofits.com