«Елім менің» думанының айтылмаған құпиялары...

 
1. Қаракөз, кейінгі кезде  театр cахнасынан көрінбей кеттіңіз. «Бауыржан-шоу» әзіл-сықақ театрының  халық алдында концерт қоймағанына да ұзақ болды. Театрдың жай-күйі қандай? Осының анық-қанығын өз аузыңыздан естісек деп отырмыз..? 

  -     Иә, соңғы кезде театрымыз көрінбей кетті. Өйткені халықтың көңілінен шығатын қойылымдарға сценарий жазатын адамдар жоқ.  Егер де жақсы қойылымдардан құралған  концерттік бағдарлама болса, біз халықтың алдына шығаруға дайынбыз. Бұған дейін  сценарийді Марат Сақатов, Бауыржан ағаларымыз өздері жазды. Одан кейін Қазақстанның түкпір-түкпіріне байқау жариялап, жақсы жазбаларды жинастырып, құрастырып, бардан жоқ жасадық десек те болады.   Сондықтан, ескі әзілдерді қайталай бергенше, сапалы дүние жасау керек деп есептейміз.  Театр үлкен кәсіби мамандардан құралған. Театр көрінбей кеткенмен ұжым бар. Ұжым мүшелері хабарласып, қайтадан шығамыз деген ойымыз жоқ емес. Бірақ, кейбір мәселелер басшыға да байланысты. Басшымыздың соңғы кезде театрға салғырт қарап кеткенінің де әсері осы.

       Ал, дәл қазіргі таңда театр ұжымындағы әртістердің әрқайсысы өздерінің жеке жұмыстарымен айналысып жүр.  Бірі өз театрын құрса, екіншісі оқытушы ретінде қызмет атқаруда. Себебі, театрдағы бір жұмыспен ешкім де жан бағып отыра алмайды. Ал, біз әртістер әрдайым халықтың назарында жүретіндіктен, үнемі әдемі әрі сәнді киініп, «атымызға затымыз сай» болып жүруіміз керек. 

2.     Соңғы естуіміз бойынша, Бауыржан ағамыз Астанада өзінің жеке театрын ашпақ екен. Ол жағынан хабардарсыз ба?
- Ол жағын білмедім. Бірақ, Бауыржан  қазір Астанада  студенттерге сабақ беріп жүр. Соңғы рет хабарласқаны бойынша,  «Бауыржан шоу» жаңа жылдан кейін үлкен концерт беріп, халық алдына шықсақ деп ақылдасқан болатынбыз. Ал жаңа театр ашам деп жатса, бұл жаңалықты алдымен бізбен бөліседі деп ойлаймын.

 3. Халықтың көңілінен шығып жүрген фильмдерде әртүрлі рөлдерді ойнап жүрсіз. Неліктен тек комедия жанрындағы фильмдерде түсесіз. Өзіңізді басқа жанрларда байқап көргіңіз келмей ме?

      -   Иә, соңғы уақытта киноға түсуді де қолға алдым. «Кішкентай рөл болмайды, кішкентай актер болады» - демекші, алғашқы кішігірім рөлімді В.Матухиннің «Ночные ангелы» фильмінде жеңілтек әйелдің рөлін сомдаудан бастадым. Сондай-ақ, басқа да режиссерлардың ұсынысымен «Қызды қалай ұрлаймыз?», «Коктейль для звезды», «Несиеге махаббат» атты кинокартиналарға түстім. Оның біреуінде басты рөлде ойнадым.
        Негізінде, ешқандай рөлді таңдамаймын. Егер де режиссерлерден басқа да жанр    бойынша рөлге ұсыныс түссе, ойнап шығуға дайынмын. 

4. Ән әлеміңізде не жаналық? Үлкен жеке концертімді берем деп дайындалғаныңызға ұзақ болды. Тыңдармандарыңыз ол концертті қашан көре алады?
         . Ал қазір, жеке әнжинағымды жарыққа шығару мақсатында, жергілікті композиторлармен тығыз жұмыс үстіндемін. Ән қоржынымды тағы біраз жаңа әндермен толықтырып жатырмын. Қазірдің өзінде, айтылғаны бар, айтылмағаны бар, өңделгені бар, өңделмегені бар бәрінің басын қосқанда, әндерімнің саны бүгінде - 60-70-тің үстіне келіп жығылады. Екі бейнебаяным бар. Оның бірі - «Алматының түндері», ал екіншісі «Өмірде олай болмайды». Бұл екеуі де Қайрат Жүнісовтың әніне жазылған. Алдағы уақытта тағы екі бейнебаян түсірсем деген ойым бар.  Бірақ, соңғы кездері киноға түсем, гастрольге шығам деп ән жағына көңіл бөлмей кеттім.
            Жеке концертіме дайындық үстіндемін. Шоу бағдарламадан құралған концертімді келер жылы халықтың назарына ұсынамын.

5.                 Кино, театр, әннен бөлек сізді «Қазақстан» ұлттық арнасында «Елім менің» жобасында топбасшы, жүргізуші ретінде танып жатырмыз. Бұл бағдарламада қатысу арқылы өзіңізге не алдыңыз? Бұрын соңды естімеген  ел тарихы туралы қандай ақпарат алдыңыз?
         «ADAM Media Group» компаниясының қолға алған әрбір жобасы халықтың көңілінен шығуда. Әсіресе, Динара Адам өзі жүргізушілікке ұсыныс білдіргенде қуана-қуана келістім.
      «Елім менің» бағдарламасын жүргізу арқылы патриоттық сезімім өсті. Өз елім туралы ақпарат білген сайын, денеме күш-қуат дарып, осындай салт дәстүрі бар, байлығы бар, тарихы бар елдің азаматшасы болғанымды мақтан тұтамын. Топбасшы ретінде халыққа елтану бойынша ақпарат бергеніме қуаныштымын.
            Бағдарламаның уақыты шектеулі болғандықтан, үлкен шапшаңдылықты қажет етеді. Сондықтан, біз ойыншылардан тапқырлықтарымен қатар, жылдамдық пен ширақтық талап етеміз.
         «Елім менің» жобасын жүргізу арқылы өзіме көптеген жаңалықтар аштым. Топты басқарып, оларға бағыт-бағдар көрсетіп тұру үшін жан-жақты болу керек. Міне, сол үшін біз көп дайындалдық.   Сырттай көріп отырғанда, оңай сұрақтардың  жауабын айта алмаған қатысушыларға қарап сын айтамыз. Бірақ, тура қатысуға келгенде адам сасады, қобалжиды екен.  


7.     Мұрат Қожаның қарсыласы болған қалай екен?
       Мұрат Қожамен бәсекелес болу, мен үшін, оңай болған жоқ.  Ол маған осал емес қарсылас болды. Екеумізде көңілді, тартысты ойын көрсеттік деп ойлаймын.
       Алғашқы бағдарламада мақсатымыз бағдарламаны әдемі жүргізе білу еді. Өзімізді басқа қырымыздан таныту болатын. Бірақ, келе-келе ойын жүргізу арқылы қыза түсіп, басты мақсат тек жеңіс болды. Мұрат екеуміз бәсекелесе бастадық. Түсірілім кезінде қарсыласқанымызбен, ойын соңында барлығын ұмытып кететінбіз.
      Туған елдің өткеніне саяхат жасап, бүгінгі тынысын танығыңыз келсе, «Елім менің» бағдарламасымен бірге болыңыздар.

        5.     Ал сахнада сіз көбінесе өжет, қайсар мінезді, немесе шолжаң ерке қыздардың образын жиі әрі сәтті сомдайсыз. Мұндай рөлдер жаныңызға қалай жақын? 

- Театр арқылы таныған халық мені шынайы өмірде де көбінесе сондай қайратты, өжет қыз деп ойлайды. Шын мәнісінде, шынайы өмірде менің қаталдығыммен қоса, жұмсақ мінезім де баршылық. Ал, сахнадағы рөлдерімді кейде өзім таңдап аламын, кейде басшылық арнайы бөліп береді. Әртіс болған соң, тіпті жағымсыз кейіпкерлерді ойна десе де, ойнайсың. Өзім жағымсыз рөлдерді ойнағанды жақсы көремін. Бірақ, әртіс сахнада жаман образды сомдай тұрып, көрерменге оның жақсы қасиетін де көрсете білу керек. Мүмкін, сондықтан болар, менің қайсібір жағымсыз кейіпкерлерімнің барлығын да, көрермендерім өте ыстық қабылдайды.

6. Болашақта жеке театр құру ойыңызда бар ма? 
       Басқаша, өзге қырынан театр ашсам деген ойым бар. Бірақ, бұл қиын әрі жауапты іс. Сондықтан өте қатты жауапкершілікпен қарау керек. Екі үш адамның басын құрып, аша салуға да болады. Бірақ, халықты алдай алмайсың. Халықтың және өзіңнің көңіліңнен шығатын өнім жасау керек. Сапасы жоқ болса, ғұмыры ұзақ болмайды.

8.     Гүлбаушан апаңыз өз театрына шақыра ма? 
Апам қай кезде де қолдау көрсетеді. Олар «Аққу Гәкку» боп өз аттарына сай жүргенде, мен қаз боп барсам артық болады. Данагүл мен Гүлбаушанның орталарына ешкім түсе алмайды. Олар жеке үлкен театр.

7.  Қаракөз, әдемі әңгімеміздің ендігі бағытын, сіздің жеке отбасыңызға қарай бұрсақ. Кіндік қаныңыз тамған туған жеріңіз жайлы да біраз сыр бөліссеңіз..?

- Мен Алматы облысы, Талғар ауданы, Тұздыбастау ауылында туылғанмын. Менің әкем де, анам да осы Алматы қаласында туып өскен жандар. Екеуі де өнерге бір табан жақын адамдар. Әкемнің есімі -Байжұма, ауылда гараж меңгерушісі болып қызмет атқарған. Ал, анам - Ақжолтай, ауылда шарап шығаратын зауытта қызмет істеген. Қазіргі таңда - зейнеткер, немерелерінің қызығын қызықтап ауылда тұрып жатыр. Отбасында жеті ағайындымыз. Мен егіздің сыңарымын. Дәл қазір, өнер сахнасында жүрген өздеріңіз білетін Гүлбаушан әпкем екеуміз ғана. Ал, менің егізім, сыңарым - Ботагөз өнерге жан-тәнімен жақын жан. Балалық шағым қызықты өтті десем де болады. Үйдің кенжесі болғандықтан, Ботагөз екеуміз еркелеп өстік. Үйдің тірлігін де бізге істетпейтін. Мінезіміз де ұқсайтын. Мектепте де ерке, тентек мінезіміз болды. Ылғида жұбымыз жазылмай бірге жүретінбіз.     Екеуіміз де Т.Жүргенов атындағы өнер академиясының театр факультетіне бірге барып, Кәукен Кенжетаевтың қолына түстік. Гүлбаушан апамыз оқуға түсер алдында «Өнер жолы қиын. Басқа жолды таңдаңдар» деп айтқанда, оның сөзіне құлақ түрмей, атақ, даңқты қызғанып, өзі ғана әртіс болғысы келеді деп ойлайтынбыз. Әрине, ол кезде барлығы балалықпен болған іс. Қазір түсіндім өнер жолының қандай ауыр екенін. Бірақ, бәрібір де осы жолды таңдағаныма өкінбеймін.  Ботагөз бірінші кезекке - отбасын қойды да, өнерден кішкене алшақтап қалды. Әрине, қыз бала үшін, бірінші кезекте - отбасы тұруы шарт. Дегенмен, «отбасы, отбасы»- деп, бойыңдағы Аллаһ берген талантты өлтіріп тастауға да болмайды. Меніңше, отбасы мен өнерді қатар алып жүруге де болатын сияқты… 

8. Жеке өміріңізді неге құпия ұстайсыз?

             Менің жеке өмірім жайлы, көпшілік  менен жиі сұрайды. Бірақ, мен шығармашылық пен жеке өмірімді араластырғым келмейді. Әрине, оқырмандарға әртістердің жеке өмірі қызығырақ. Бүгінде бір үйдің отын маздатып отырған бақытты әйелмін!  Тағдыр табыстырған қосағымның  қолдауының арқасында, бала шағамның арқасында өнерде жүрмін. Жарым мені сыйлайтын, мені қадір тұтатын жан. Өнерде де, өмірде де менің демеушім. Қазіргі таңда өзіміздің жеке отбасылық бизнесіміз бар. Сол бизнесті отағасы өзі басқаруда.

9.     «Жұлдыздар құпиясы» журналының оқырмандарына мерекелік тілегіңіз?
 
        -  Халқымызға амандық тілеймін. Қай-қайсымыз болсақ та осы мерекелік кештен келесі Жаңа жылға дейін жүрегімізге есте қалатындай бір сезімді себелейміз, ол сезім бізді келесі жылға дейін үмітпен жетелеп  отырады. Жаңа жыл әрбір шаңыраққа құт, береке, ырыс алып келсін!
          Сұхбатыңызға рахмет!


 Торғын Әбушахман



Бөлісу: