Кейіпкер

Кейіпкер
жеке
блог

                                          Кейіпкер

Гүл сияқты нәп-нәзік жаның бөлек,

Өзің барда жанады бағым, демек.

Тал бойыңнан табылған көркемділік,

Оятады мендегі сағымды ерек.

 

Қайда жүрсем тұрасың сен есімде,

Кейіпкерім, құлақ сал келесі үнге.

Мен көшірер ойлар бар келбетіңде,

Сендік сезім-қиялым...Сенесің бе?!

 

Сағынышқа куәгер аспандағы Ай,

Жанардағы құтылам жастан қалай?

Санамдағы сандалған  үрей мен ой,

Айналатын түрі бар дастанға оңай.

 

Миымдағы ойларға сөзің үлгі,

Тауып берген өзіңсің төзімімді.

Өлең болар Түнімнің кейіпкері,

Жүрегіме тәп-тәтті сезім ілді.

 

Жанарыңнан нұр шашып, тұрсың күліп,

Көздеріме  балауса  мұң сіңдіріп.

Қымбаттым, көрінбейтін кейіпке еніп,

Кетпегейсің жанымды күрсіндіріп.

 

 Еңлік болсаң, онда мен болдым  Кебек,

Ерекшесің...Басқадан орның  бөлек.

Сен қасымда жүрген кез-мәңгі естелік,

Сол күн-шипа, мен үшін, сол күн-көмек.

 

Қарай  берем ,көріктім, келбетіңе,

Шуақ  алар көзіңнен  жер беті де.

Жұдырықтай жұректен бердім уәде,

Біздің жолдар бөлінбес енді екіге.

 

Үміттерім секілді үзік тұмар,

Махаббаттың  заңдарын  жүз ұқтырар.

Төріндегі қиялдың сен кейіпкер,

Мені өзіне шақырып, қызықтырар.