Мен тыңдармандарымды мақтан тұтамын!

Мен тыңдармандарымды мақтан тұтамын!
жеке
блог

  Қайырлы күн, Сәкен Қордабайұлы! Алғашқы сұрағымызды жақсы жаңалықтан бастасақ. Жаңа жылды жаңа шаңырақта қарсы алып жатыр екенсіз. Қонысыңыз құтты болсын. 2012 жыл сіз үшін сәтті жыл болған сияқты...

-          Рахмет! Енді жұрт қатарлы пәтерімізді кеңейтіп, қоныс аудардық. Біз үшін, әсіресе өнер адамдары үшін халықтың ықыласына, махаббатына бөленуден артық бақыт жоқ. Ең бастысы Қазақстанның түпкір-түпкірін аралап Музарттың ән кештерін өткізіп қайттық. Қуантарлығы жылма-жыл тыңдармандарымыздың көбейіп жатқаны. Еңбегіміз еленіп жатқанына шүкір дейміз.

 

  Алда 8-наурыз халықаралық қыз-келіншектер күні, жаңа жылымыз Әз-Наурыз  мейрамы келе жатыр. Мейрам қарсаңында сіздің немесе Музарттың атынан тыңдармандарға қандай сыйлықтар болмақ?

-          Әншілердің сыйлығы әрине әсем ән сыйлау ғой. Жаңа әндер жаздырдық. «Тамшылар», «Еркеле» деген.  Жаңа жылдық түсірілімдерге түсіп жатырмыз. Алдағы уақытта телеарналардан көретін боласыздар.

  Мейрамда жұбайыңызға арнап жасаған тосынсыйлар болды ма, қандай сыйлықтар алғанды ұнатады жеңгеміз?

-          Есте қаларлықтай тосынсый болмапты әлі. Мен сыйлықты қаржылай берем, кейін жеңгелерің өзі қалағанын алады)). 3-4 жыл жыл бұрын анама тосынсый демей-ақ қояйын, ерекше сыйым болды.  Мейрам қарсаңында Пекин қаласында жүрген болатынмын. Өзіме шуба алайын деп кірген бір дүкеннен  анама, енеме, жұбайыма, әпкеме, жеңгеме бес шуба алып қайтқанмын. Қызығы, барлығы өздерінің размерлеріне де, стильдеріне де тура келді. Әлі күнге дейін тастамай киеді. Осындай кішігірім сыйлықтар көп болып тұрады. Аналарымызға біздің аман жүргеніміз, бақытты жүргеніміз ғана керек қой. Одан артық сыйлық болмас.

  Біздің журналымыз Бақыт сыры деп аталғандықтан сұрамасақ болмас, сіз үшін Бақыттың сыры неде?

-          Бықыттың сыры, өмірдің мәні мен сәні – ұрпақ жалғастыру деп ойлаймын. Саналы, салиқалы ұрпақ тәрбиелеу.

 

 Парасат, До-мажор топтарына қолдау көрсетіп,  эстрадамыздағы продюсерлердің қатарын толықтырып жүрсіз. Қандай продюсерсіз?

-          Жоқ, мен өзімді продюсермін деп айта алмаймын. ‘Парасат’ болсын, ‘До-мажор’ болсын, тағы да басқа өнер деп жүрген азаматтарға ағалық ақылымды беруге әрдайым дайынмын. Өнер жолы ауыр жол ғой. Өзім көрген қиыншылықтарды қайталамауға кеңес беріп жүремін. До-мажор тобы құрамы жаңарғалы бері біраз жұмыстар атқарып тастадық. Жақында  Қ. Жүнісовтің сөзіне жазылған Қ. Баекеновтың “Қайран күндер-ай” әнін бірге жаздырып, орындап шықтық. Алдағы уақытта осы әнге бейнебаян түсірмекпіз.

 

   Тыңдармандардың қалауымен 2012-жылдың үздік әншісі атандыңыз, Қазақстанның мәдениет қайраткерісіз тағы бірнеше атағыңыз бар. Өз-өзіңізді мақтан тұтасыз ба?

 

-          Мен өзімнен бұрын жанкуйерлерімді, тыңдармандарымды мақтан тұтамын. Біздің Музарт боп жүргеніміз, менің Сәкен боп жүргенім барлығы сіздердің арқаларыңызда. Әсіріесе фанклуб мүшелерінің үлесі зор. Ғаламторда болсын, ақпарат құралдарында болсын атсалысып жүреді. Бұл да бір қазақ өнерін бағалағандығы шығар. Үлкен алғысымды білдіремін.

  Музарт ансамблінің шығармашылығында қандай жаңалықтар бар?

-          Жақында тобымыздың кенжесі Кенжебектің «Сағыныш тамшылары» деген атпен жеке альбомы шықты. Музарттың да 4-ші әнжинағына  музыкалық продюсеріміз Арман Бексұлтан жұмыстар  жасап жатыр. Бұйыртса, көктемде шығып қалады. Сосын Алматы қаласында да концерт беруді жоспарлап жатырмыз. Әртүрлі себептермен кеш өткізбегенімізге де 5 – жылдай уақыт болып қалыпты.

 

 Қазағымыздың қыз-келіншектеріне деген ақ тілегіңізді арнасаңыз...

-          Аяулы аналарымыз еш жамандық көрмей, денсаулықтары мықты болып жүрсе екен, ұл-қыздары сенімдерін ақтап, төбесін көкке жеткізіп жүрсе, аналарымыздың ақ тілегінің орындалғаны сол деп есептеймін. Аналарымыздың ұйқысына тыныштық тілеймін. Аруларымызға, қарындастарымызға келсек,біздің осындай әсем әндер айтып жүргенімізге себепкер болып, жарқырап-жайнап, музамыз болып жүре беріңіздер. Ақындарымыздың өлең шығарып жатқаны, сазгерлеріміздің ән шығарып, біздің орындап жатқанымыздың барлығы қыздарға деген сұлулықты бағалау деп біліңіздер. Біз сіздерді жақсы көреміз!

 

                                                                                                        Cұхбаттасқан: Алпамысова Перизат