Үйленбеймін-үйім жоқ!

Үйленбеймін-үйім жоқ!
жеке
блог

    «Елу жылда ел жаңа» демекші, заманның ағымына қарай жұртшылықтың  тұрмысы да мың құбылуда. Жаһандану, интернет, озық технология дегендер халықтың санасына сіңіп, тіршілігімен біте қайнасып кеткелі де біршама уақыт болды. Көпшілік  қауым  қазіргі таңда электронды нұсқаға жаппай көшуде. Бұған қарап өкініп жүрген ешкім жоқ, қайта дамып жатқандығымызға қол соғып қуанамыз. Дұрыс-ақ. Дегенмен, аталмыш жаңалықтардың жағымсыз жайттары бар екендігін біле бермейміз. Озық технологиялардың экономикаға, әлеуметке, психологияға, физиологияға, тіпті демографияға әсер ететінін шартты түрде білуіміз керек. Елдің қорғаны - ерімен екендігін, халық санының көптігімен бағаланатынын, адам күшінің арқасында елдігі сақталатынын ескерсек, осы заманымыз интернетте уақытты "үнемдегендей", отбасында баланы "үнемдегенмен" пара-пар болып бара жатыр. Қазіргі таңда уақыт мыңдықпен немесе ондықпен емес, бірлікпен жүретін болды. Бір минут ішінде жаңа ақпарат, жаңа хабар, жаңа өзгерістер.  Сағаттың сараң болып бара жатқандығы сонша адамдар уақыт ұттырмай жұмыс істегенді жөн көреді. Артық дүниеге жол бермейді, бір жағынан жөн дейсің, қазір заман солай. Бірі тоқтап тұрғанда екіншісі 3 қадам басатын дәуір. Сол үшін де бір орында тұрғанды дұрыс көрмей, жатпай қимылдайсың, еңбек етесің. Оның үстіне жұмыстың да жоқ екендігі, екі қолға бір күрек табылмай сенделіп жүргендер тағы бар. Ал жұмыссыздық - тұрмысты қиындатушы, отбасы бола алатын ахуалдан мүлдем ада етуші фактор. Сол себепті де қоғам арасында бойдақтар мен отырған қыздардың саны көбеюде.

Абай кз сайтында мынадай ақпарат беріліпті: /Елімізде жасы 25-тен жоғары бойдақтар саны - 3 миллион. 14-тен 29 жасқа дейінгілер 4 миллион 616 мың адамды құрайды.Оның ішінде 2 миллион 337 мыңы - ер балалар, 2 миллион 279 мыңы - қыздар.«Айқын» газетінің бүгінгі санында шыққан ақпаратқа сүйенсек, Қазақстандағы нәзік жандылардың 28,2 пайызы, ал ер-азаматтардың 39,6 пайызы - бойдақ екен.Орташа есеппен қыз балалар 24 жасында тұрмыс құрса, ер-азаматтар 27-28 жасында үйленеді. Демограф-ғалым Мақаш Тәтімовтың мәліметтері бойынша, елімізде 500 мыңнан астам сүрбойдақ һәм кәрі қыз бар/. Еліміздің 16 миллион халқының 18 пайызы бойдақтар болып тұрғаны, өте үлкен көрсеткіш.

Қазақ даласында «он үште отау иесі» деп ұрандатқан керемет нақыл бар. Мағынасы ауқымды-ақ. Неге десеңіз, бағзы замандарда ұлдарымыз он жастан асқан соң-ақ қолғанат болып қана қоймай, өз бетінше өмір сүруге бейімделіп, 13- тің өзінде-ақ ұрпақ сүйген. Содан да болар «жеті атасын білмеген жетесіз» болмай, ата, арғы аталарына немере, шөбере, шөпшек сүйгізіп әулетін ерте кеңейткен. Қазіргі таңда арғы атасы тұрмақ өз атасының атын ежелеп айтатын ұрпақтарымыз жетерлік. Оған себеп-отбасының өте кеш құрылуы, балалардың тіпті, ата-әжесінің өсиетін тыңдап, олардың мейіріміне қанбауы. Ата-әжесін қайдан танысын, әке-шешесінің өзі ата-әжесінің жасына жетіп тұрса. Бәз бір сайттарда қыздардың санынан ерлердің саны 58 мыңға артық деген мәлімет беріліп жүр.Бұл ақпараттың рас-өтірігін кім білсін? Интернет сайтының бірінен   еліміздің  демографтары – Мақаш Тәтімов пен Әзімбай Ғали табиғат заңдылығы бойынша қыздардан ұлдардың саны артық туылатындығын айтады. «Қыз баладан ұлдың саны 6-7 пайызға артық туылады. Бірақ та, ер балалардың өлім-жітім көрсеткіші әлдеқайда жоғары. Дәл үйленетін жаста жігіттер жұмыс істейді, әскерде болады, түрмеге түседі. Қазақстан ТМД елдері бойынша түрмедегі азаматтар санымен бірінші орында тұр. Сондықтан қыздар тұрмысқа шығатын жаста өз теңдерін таппай, кәрі қыздар санын еселей түседі. Оның үстіне қазіргі кезде елімізде санда бар, санатта жоқ жігіттер көп, яғни, ер-азаматтарымыздың 30 пайызы бала туғызуға қабілетсіз»,– деген пікірін оқып қалдым.

Жоғарыда айтып кеткендей елімізде бала тудыруға қабілетсіз еркектер 30 %  құрап отырғандығы жаға ұстатарлық жәйт. Одан кейінгі кезекте, қазақтың бәрі қылмыскер емес қой, 10% түрмеге түседі деп, одан соң 10% нашақорлыққа үйір азаматтар деп белгілесек, 15% жұмыс істеп, карьера қуып жүргендер, кейінгі кезекте 35 %  үйленуді өзіне жүк санап, қалтасын қағатындар. Алысқа кетпей өзіміздің Алматы қаласынан мысал келтіретін болсақ, қаламызда жасы келсе де, үйленбей жүрген жігіттеріміз көп.

Қазіргі таңда жастарға «Неге үйленбейсіз?» деген сауал қойып көріңіз: «Қыз жоқ, жігіт жоқ, үй жоқ» – деген жауап аласыз. Ерінбей еңбек етсе, кез-келген еркек бір отбасын асырай алатын жағдайы бар. Есепшіл болып кеткен жастарымыздың тұрмыс құруға келгенде қолдарына есепшотты алып үйленуге кететін қаражат пен тойдың ақшасын есептей жөнелетіні. Әрине, бұл мәселеге сыни тұрғыдан қарағанда жағдайды жақсартып, тұрмыстың жайын реттеп барып, саналы түрде шаңырақ көтерген әбден дұрыс. дегенмен, 25 жастан асқанша еліміздің бойдақтар санын арттырып бейғам жүруге болмайтынын ескеру керек. себебі, 25 жасқа дейін кез келген адам тұрмысын реттеп алады. Ол уақытқа дейін тұрмысын жөндемеген жігіт, отызында да жинала қоймас. Хадистің өзінде «жағдайға қарап үйленбей жүргендерге ауыр күнә жазылады» делінген. Яғни, жағдайға қарап емес, болашағын ойлап, артына ұрпақ қалдыру мақсатында үйлену керек. Бір қозы дүниеге келсе бір тал жусан артық шығады емес пе? Әркімнің өз несібесі бар. Өзінің ұрпағын өзіне жүк санайтын жастарда қазір жігер жоқ па деген ойға қаламыз. Биологиялық тұрғыда аруларымыз 25 жасқа дейін 1 баланы босануы керек, сондай-ақ ер адамдарда жасы келген сайын ұрық бездері семіп, бала тудыру қабілеті төмендей бастайды екен. бір күндік бұл жалғанда адамзат баласы  артынан ұрпақ қалдырып, тұяқ жалғастыру үшін өмір сүрмесе, еткен еңбегінің еш кеткені, шамшырағының сөнгені-дағы!Осыған қарап-ақ шынында да жастарымыздың ертерек ойланып түтін түтететін уақытын босқа жіберіп алмағандары жөн. Ойға ала жүрейік, ойланайық жастар!