Эльмира

Эльмира
жеке
блог

                                                 Қолшатыр немесе көктемгі көңіл күй

   Ымыртта салқын самалды кештің кезі. Қала іші абыр-сабыр.  Қабағын түйіп жүріп тұрмыстың тіршілігінен шаршаңқыраған ана баласын жетектеп кетіп барады, сабақтан қайтқан ұл-қыздардың бір-бірін итере-митере жүгіруі, кешкі салқында терең тыныстап болып ыстық сорпасын ішуге асыққан кәрі қариялар, суықтан тоңып аяғын-аяғына соғып екі қолын ысқылап тұрған сатушы әйел, «қиииииық» етіп тоқтап жатқан көлік дауысы, әр жерден сығырая көрінген ғимараттардың шамдары...

Аспан түнеріп, қаһарын төккісі келген сияқтанды. Үзіліссіз көшкен бұлттар ашулы кейіппен маңдайын тыржитып, тісін қайрап тұрған қарт анаға ұқсаса, енді бірде екі бұрымын артқа тастап сылқылдап күліп кетіп бара жатқан қызға ұқсайды. Желдің уілдеп ұлыған дауысы құлақ құрышын жейді, өкпелеген балаға ұқсап иегін суалдырып, аузынан тамған сілекейі жерге ағып жатқандай, жаңбырын құйып кеп берді. «Сырт» еткен дыбыс дыбыс па, жаңағы желдің дауысы өз алдына, мына бір толассыз жауған бұршақ аралас жауынның «тарс-тұрс» шыққан дыбысы алқымыңнан төніп тұрған баяғы ескі трактордың гүрілін есіңе салады. Табиғат бүгін ерекше ашулы, кең құлашын жайып алып еңіреп жылап жатыр, қабағы қатулы емес, бірақ, ол өзінің ішкі жай-күйін әлдебіреулерге өкінішпен айтқысы келгендей ернін бұртитып алыпты. «Бұл жете қоймас, мінекей алыңдар» дегендей жаңбыр аралас бұршағын лақтырып төндіре түсті. Артынан тағы не жауар екен деген ойға қаласың. Бұршағы Алатаудың жабайы алмасындай-ақ үлкен екен, басыңа тисе төбеңді оятындай. Бір қыс бойы қатқылданып, күшін жинап алған сияқты, өзінің мықтылығын көрсеткісі келгендей асфальтқа тосыннан түсіп жатса да бірден беріле қоймай, бойын бекем ұстап, шекесінен жарылған жарықты байқатпайын дегендей, тырп етпей біраз жатып, амалсыз еріп кетуде. Ендігі кезек найзағайда болды. Әр жерден ағараңдап көрінген найзағай оты әлсін семіп барып жоғалуда. Бізге келе қоймас, анау тау жақта болып жатқан сияқты. Әйтпесе мына жер бокс алаңына айналар еді-ау, жаңбыр бір жақта,  бұршақ бір жақта төбелесіп - арасында найзағай төрешілік жасап жатса мұндағы халықтан сау тамтық қалмас. Осының өзі есеңгіретіп тастады. Бұршақ пен жаңбырдың дауысына өзінің шамасы жетпесін білгендей, желдің үні шықпай қалды. Мына бір «тарс-тұрс» еткен дауыс миыңды ақтарып, қайта орнына қоятындай, бұрын соңды табиғаттың мұндай өкпесін көрмеппін, бірдеңе айтқысы келіп тілі күрмеліп жатқандай бұлқынады-ау, жарықтық. Бұл сұмдық жатақханада есінен танып ұйықтап жатқан Біржанды да шошытты, бабымен, қызыл күрең шайын ыстық жаңа сауған сүтке малытып  құйып отырған Гүлжанды да шошытты, есік алдына шығып елітіп, есінеп тұрған Тұржанды да шошытты, далада беймазданып кіріп-шығып  жүрген Құлжанды  да шошытты, қызылды-жасылды бүкіл әлемді шошытқан бұл дүрбелең құран кітабын ысырып қойып, алаңсыз отырған Ұлжанға да ой салып аузына «бісмілдәсін» ала қойып, намазға кірісіп кетуіне себепкер болды. Елдің бәрі «Аллалап» өтірік-шыны аралас «бісмілдәсін» айта бастады. Өмірі құранның не екенін ұқпаған, күндіз түні клубтан шықпаған Сырман да кәрі әжесінің жанына отыра қалып, аузын жыбырлатты. Бесікте бейғам жатқан сәби де шошынып, «шыр» ете қалғанда жаның түршігеді. «О  Жарықтық! Бұл не сұмдық! Енді қайттік? Бұл не болды?»

 Айнала бейберекет күйде. Бір-бірімен соқтығыса жүгіріскен адамдар бет-беттерімен қашуда. Сабақтан қайтқан студенттер аялдамаға жиналып қалды. Бас сауғалаған түрлері. Әйтпесе онда адам лық толы болғаны соншалық, шетінде тұрған адамдарға жаңбыр суы әбден шашырауда. Басқа қылар амал болмағасын жастардың судан қашып бір аялдамаға жиылып алған көрінісі сырттан бақылап тұрған жанға әбден күлкілі көрінеді. Қолында қолшатыры бар адамдар аяғын асықпай басып, айналаға сынай қарап, миығынан бір күліп кете барады. Жүрген жүрістері паң, жанындағыларға барлай қарап қайқаңдайды. Бейне бір қолшатыр астында өздерін өзгелерден асқақ сезінетіндей.

         Сая аялдамаға бас сауғалау мақсатында келе жатқан, жолда өзінің онда сыймайтынын көріп жаны жабырқап қалды. Жаңбыр тоқтар емес, үсті-үстіне сыртылдап жатыр. Өкінішті... қолшатырым жоқ. Не істесем болады екен. Барар жолынан адасып, тура бағытпен жүре берді. Алдынан шыққан бірінші саябаққа кіріп, бір орындыққа отыра кетті.  Айналаға ұзааааақ көз тастады. Саябақ аядай ғана болғанымен орындықтар, тізіле өскен қайыңдар, әсем гүлдердің барлығы ретімен орналасыпты. Қалың, мәңгі жасыл шыршалар да өз орнын айнымай тауыпты. Бір-бірімен бақталаса орналасқан қарағаштар да белгілі бір сызықтық шектен аспайық дегендей еріксіз жинақыланған. Осы жерден саясын тапқандай  сызылта ән салатын бұлбұл да ағаш бұтағының жапырағына тығылып тапжылмай отыр. Аракідік тиындар жаңбырдың сырт еткен дыбысынан сескенгендей әр жерге қашып қонып жүр. Бұтаның түбіне жабысқан құрт құмырсқалар да ізім-қайым жоғалып жатыр. Не деген тамаша көрініс.мына бір жауыны құрғыр себепсіз жауып жатпаса мен де мұнда келмес едім., табиғаттың тың туындысын тамашалап отырмас ем, былай кезде көзге білінбес, назарға ілінбес осынау бір сұлулық жаныңа рахат сыйлайтынын білмеппін. Үсті-басының малмандай су болғанына қарамай Сая өзін керемет сезінді. Осының әсерінен де болар табиғаттың құдіретіне таң-тамаша болып отыр. Қарап отырса осы уақытқа дейін қолшатыр сатып алмапты. Неге екенін өзі де білмейді. Қасындағы құрбылары жаңбыр жауады-ау деген күндері сықитып қолшатырларын қайқаңдатып сөмкесінің үстіне салып әкеледі. Кейде қызыға да қызғана қарайтыны бар. Қолжетімді бағамен алуға болатынын білсе де аса мән бермепті. Бүгінгідей жаңбыр жауатынын білмеген болса керек. Қарап отырса қолшатыр деген не тәйірі? Сырты шытпен қапталған, ұзынды-қысқалы сабы, кейде қиюлана жас қыздың қыпша беліндей майысып келген, түбірінде тықылдақ кнопкасы бар,  түрлі түсті қытайдың бір тауары, ары кетсе бір келі еттің бағасын берер, жоооқ, бір келі етті біз жатақханада айлап көрмейміз. Яғни, қолшатырдың қымбат тұратындығы. Осы бір құралдың адам өмірінде осынша маңызды болғанын көрмеймісің?бағзы замандарда қолшатыр болмаған-ақ қой. Халқым тәйірі немен жауыннан қорғанған? Бірде осылай жаңбыр жауғанда құрбысының қолшатырын сұрағаны бар. Сол кезде құрбысы берер алдында қашан қайтаратынын сұраған. Сол жолы қолшатырын қайтарған жоқ. Себебі жаңбыр артынан жел тұрып сол жолы Сая ұстап келе жатқан қолшатырдың ұшып жоқ болғаны тағы бар. Әәәәәййй сол кезде әлгі құрбысы ит талағандай етіп еді-ау. Оның үстіне әлгі құрбысына қолшатыр алып беруі керек. Оның айтуынша ондай қолшатыр бұл жерде жоқ екен. Қайдан табарын да білмеді, тап сол қолшатырды сатып әпересін деп тыржиып тұрып алғанына сөз бар ма? Содан бері қолшатырдың атын естісе құрбым қай күні сұрап қалар екен деп мазасы қашады. Содан да болар өзіне қолшатыр алуға батпайды. Осылай қанша отырғаны белгісіз, әйтеуір жаңбыр басылып қалыпты, жооооқ жаңбыр басылмаған әлі де жауып жатыр. Бұршақ басылған сияқты, әлде жаңбыр да саябырсыды мекен. неге онда мен жауын суын сезінбей отырмын, бір сәтке осы ойды ойлап болғанынша жөткірінген ер адамның дауысы шықты. Енді байқады, жоғарыдан біреу қолшатыр ұстап тұр екен. Қараса қара домалақ, басы үлкендеу ме қалай, құлағының пішіні басының көлемінен білінбей тұр, мұрны қыр келген, сауыт киген жауынгердей тікесінен орналасыпты, шашын тіксите тараған,  сарғыш жейдесінің ішінен әдемі галстук жылтылдап бір жігіт ағасы тұр.

 -Қарындас қолшатыр алып жүрмейсіз бе?

  Осы сәттен бастап екеуін қауыштырған қолшатыр Сая мен Нұрланның үйінде төрде ілініп тұр. Ескіріп, сиқы кетіп, бояуы ақса да бұл қолшатырдың  Сая мен Нұрлан үшін орны ерекше.  

 

                                                                             Мәтібаева Эльмира