CҰРАҚ ҚОЙДЫ, ЖАУАП ЖАЗДЫҚ...

CҰРАҚ ҚОЙДЫ, ЖАУАП  ЖАЗДЫҚ...
жеке
блог

Өткенде Анардың жауабын оқыдыңыздар, бүгін Айгүл апайымыздың жауаптарын оқи отырыңыздар. Барлық сұрақтарды жинап, Айгүл апайға жібергенмін. Айгүл Болатханқызы бүгін жауап жазып жіберіпті. Сол жауапты ұсынып отырмын.

«Сұрақтар қоямыз, жауап беруге қалай қарайсыз» деген Жанат бауырыма келісімімді «еріксіз» бердім. «Массагеттің» алдында «қарыздарым» көбейіп қалғандықтан, «жоқ» деп айтуға ұялдым да.  Өйткені  Жанаттың – сыйлық тақырыбына, Қыпшақ қызының туған жер жайлы өзіме қарай бағытталған таяқшасы «басыма» тисе де, «көзімді шығара қоймады»... ))))) Уақыты келгенде жалғаса жатар... Ол үшін «массагеттіктерден» де, оқырмандардан да кешірім сұраймын... Енді шамам келгенше сұрақтардың жауабын беріп көрейін... Сұрақ иелері мен үшін белгісіз болды...

      1.   Жалпы, шығармашылық адамдарын қалай сынау керек? Қазіргі қоғамда қалыптасқан сындар орынды ма? Мысалы, әншілер сахнаға костюм-шалбармен шығады ылғи, режиссерлер тек трагедиялық сюжетте клип түсіреді, ақындар тек мұңды өлеңдер жазады дегенге ұқсас сындар қаншалықты орынды сіздің ойыңызша? Бұл сындарды адам қабылдайтын болса, сахнада өзіне жараспаса да қызыл-жасыл киінген әншілер, ән мұңнан сыр шертіп тұрса да «билеп-секірген» клиптер, жанарынан мұң боп тамған өлеңді параққа бақытты етіп түсіретін «жасанды ақындар» көбеймей ме? ЖАЛПЫ, менің мысалдарыммен шектелмей, ӨЗ ОЙЫҢЫЗША ТАРҚАТЫП АЙТЫҢЫЗШЫ, СЫН ДЕГЕН ҚАНДАЙ БОЛУЫ КЕРЕК, СЫНШЫ ДЕГЕН ҚАНДАЙ БОЛУЫ КЕРЕК?

        – Мен сыншы емеспін, бірақ сыни мақалалар жаздым. Өз басым, сөзге шешен қазақтың ұрпағы ана тілінде сауатты сөйлесе, сауатты жазса екен деп тілеймін. Ал ән жайлы, әнші жайлы, сахна мәдениеті, бейнебаян жайлы досым Сәкен Сыбанбай кезінде жиі сынап жазып жүрді. Қазақ өнеріне қатысты «Бабалар аманатында» да (З.Ахметова) өте орынды сыни көзқарас, ой-пікір жақсы айтылған. Орынды сынды оқығанды, орынды сынай білгенді мен де жақсы көремін. Әншілер, жалпы өнер адамдарының өте сауатты сөйлеп әрі сыртқы келбетіне, жүріс-тұрысына, киген киіміне аса талғаммен қарағанын оқырман, көрермен, тыңдаушы әрі-беріден соң сол қоғамның мүшесі ретінде талап етуге кез келген адамның құқы бар деп ойлаймын. Сахнада жүрген адамдарға жастар еліктейді, оларға ұқсағысы келеді.  Өнер адамдары бір есептен жастарды тәрбиелеуші болып саналады. Сол себепті де олардың эстетикалық талғамының жоғары болғанын қалаймын. Қалай десе де,  олар – халықтың алдында көпшіліктің көзайымына айналған,  жастардың сүйікті кумирлері. Танымал адамдар да өздері тас санаса, халықтың құм санайтынын әр кез естерінен шығармаса екен деймін. Шеңберден шыққанмен шектен шықпағанды кім қаламайды? Ал БАҚ төңірегінде жүрген әріптестерімнің қателіктеріне, сауатсыздықтарына сын айтқым келмейді. Керісінше мазақтауға «аңсарым» ауып тұрады.  Жалпы, әкесі, көкесі, тәтесі, т.с.с «тіреуіштері» барлар осындай қателікке жиі ұрынатындай көрінеді... «Өз сөзім – өзімдікі». «Бүйрегімді сатамын» деген жарнамалар көздің жауын алады»  («Еларна») деген сияқты «шедеврлерді» естігенде әлгідей «біртүрлі» ойлар жыландай ирелеңдеп жетіп келе ме, қайдам... «Кесірінен» мен «арқасында» деген сөздердің аражігін ажырата алмайтын журналистерді тіпті сыйлағым да келмейді. Сын жайлы көзқарасым  – осы...   

 

         2. Сіз жүріп-тұрудың көптеген ережелерін жазасыз, былайынша айтқанда, әдебін. Сіздің ойыңызша, адам әдептіліктің барлық тарауын орындап, бақытты бола ала ма?

      – Мен бала кезімнен қазақтың салтына құштар болдым. Тәрбие, өнеге, кеңес – барлығы қазақтың салтында қамтылған. Адам өз жасына лайық «қылық» танытса... Өнеге көрсетсе... «Үлкеннен ұлағат кетсе, кішіден кісілік жоғалады»,  адам адамша өмір сүре білсе, бақытты. Бауыржан ата Момышұлы айтпақшы, кетеріңде өзгелер жылап, өзің риза болатындай етуге ұмтыла білген дұрыс шығар... Айтпақшы, тек апамның айтқандарын авторын көрсетіп жариялап жүремін...

 

            3. Өмірде неге қол жеткізе алмай қалдыңыз және «әттең-ай» деп өкінген кезіңіз болса, айтып берсеңіз.

         – «Келмеске кейіме, өткенге өкінбе» деген жолдар бар менің апамның кітабында... Өкінген кезім жоқ. Аллаға мың қайтара шүкір! Бір «әттеген-айым» – өлеңін сүйіп оқып, өзін қатты сыйлайтын бауырым Қалқаманның (А) кешіне бара алмай қалғаным,ақынның тұңғыш кешін өз көзіммен көрмегенім, кешіне қатысып қуанышын бөлісе алмағаным...

         

            4.  Жас кезде достарымыз көп болады ғой, ал есейген сайын неге сол достардың қатары сирей бастайды, сіздіңше? Жалпы, өзіңіздің сырларыңызбен бөлісіп, өкпе-назыңызды айтатын жақын құрбыңыз бар ма? 

        – Ең жақын досымнан қапияда айырылып қалдым. 2001 жылы... Он жыл бірге жүрдік... Одан кейін тек сол Фирузамды танитындарды жақын тарттым. Сағынышымды сейілту үшін шығар, бәлкім... Әрине, қиналғанда қол ұшын созар, қуанышымды бөлісер жақын досым бар. Ол – бала кезден көрші болып бірге тұрған Меруерт деген кластасым, таяуда ғана келіп кетті. Іздеп жүреді мені. Хабарласпағаныма менімен жасты болса да, ұрсады... Ал мен ұрысатынын сағынам, әдейі хабарласпаймын кейде. Еркелік қой. Айналамдағылардан өзіме көп көңіл бөлінгенін қалаймын. Өзімнің де жік-жапар болып, іздеп жүрер аяулы жандарым бар. Оларды өзім іздеймін. Күнде. Сағат сайын...

 

           5.  Жастар және жасөспірімдер арасында қылмыс көп. Жастардың қылмысқа жиі баруы, жалпы, қазақ жастарының қатігезденуі неден деп ойлайсыз? Біз осы мәселеде қай жерде қателестік? Бұл мәселенің қалай алдын алуға болады?

           – Білмеймін, отбасындағы тәрбие тізгінін босатып алғаннан болар. Мейірім көрмеген соң қатігездік  болмай қайтсін...

          

             6.  Оn.kz сайтында Айгүл апай пікір жазып, белсенділік көрсетіп жүруші еді... Қазір неге «Массагетте»  белсенділік жоқ?

            – ФБ деген «бәлеге» шырмалдым ғой )))))... Әзілім, әрине... Оn.kz сайтын басында аздау адам пайдаланған соң ба, жылылық есіп тұратындай көрінетін. Қателесетін де шығармын... Ол кезде уақытым  болды. Қазір жұмысым көбейгендіктен әрі  жазуғы құлықсыздығымнан.  Шынымен, солай... «Не керегі бар», «кім оқиды» деген ой басым...  Өз жазғанымнан да пікір күтпейтін болыппын... Жалпы, аз әрі кіршіксіз дүние жазғым келеді... Жазуға келгенде тым кірпиязбын. Ақымақтық шығар...

 

            7. «Ауылымыздың» үлкені ретінде кейінгі жас қолданушыларға айтар кеңесіңіз?

        – Жазғандарын «суытып» алмай бірден «былш» еткізбесе... Шала дүниені жариялауға асықпаса... Қатесіз жазса... Өз басым қате көрсем оқымаймын, оқығым келмейді...

 

Міне осылай, біраз сұрақ қолданушылардан, біразы менің сұрақтарым.

Айгүл апайға уақытын бөліп сұрақтарға жауап бергені үшін, алғыс айтамын. Ауылымыздың үлкені болып ауырмай, әзіліңізді жаза отырып, ұлыңыздың қызығын көріңіз.

Кешкісін Айқаракөздің жауабын оқитын боласыздар.

Келесі сұхбат беруші Айкона және Алшын Матай. сұрақтарыңызды мына жерге қоюларыңызға болады