журфак неге жүдеді?

журфак неге жүдеді?
жеке
блог

    сұрақ

Класс тайм 17.10.12

Талай көсемдер мен шешендерді тәрбиелеп шығарған қасиетті қара шаңырақтың «журфагы» бүгінде әттең, бұрынғы қауқарынан айырылған ба дерсің. Қарап отырсақ, бұл расымен де, ойлантарлық мәселе. 78 жылдық тарихы бар біздің факультетіміздің өз мәртебесінен біртіндеп айырылып жатқаны қынжылтады.

 1934 жылдан бері журналистер дайындап, үлкен білім мектебіне айналған оқу нышаны ең алғашқы уақытта Қазақ Коммунистік журналистика институты болып құрылған. Сол кездердің өзінде-ақ, ТМД елдерінің ең үздік факультеттерінің біріне айнала білген бұл журфак еліміздегі журналистика ұғымының биікте екенін және журналистердің мәртебесінің баршамызға жоғары екендігін ұғындыра білген. Өз ұясынан талай нарқасқа тұлғаларды ұшырып, мықты педагог-ұстаздардың қанатының қатаюына себепші болған ұжым мүшелерінің мәртебесі өз алдына бір төбе. Осы тұста әсіресе, факультетті басқарған декандардың жасаған жақсылықтарын айтпай кету үлкен айып. Өйткені нақ сол басшылардың уақытында факультеттің тынысы кеңге жайылып, білімнің оты жанданды. Тауман Амандосов, Темірбек Қожакеев, Тұрсын Жұртбай сынды профессорларды ерекше айту қажет. Әсіресе, филологиядан журналистиканы жеке ғылым, жеке мамандық деп дара алып шыққан Таубай Амандосовтың ерлігін бүгінгі журналистер еш ұмытпауға тиіс. Сондай кемеңгерлерден сақталып, ұлықталып келе жатқан факультет бүгінде неге әлсіреді?

 Бұл жағдайға себеп көп. Оның бірі өсіп келе жатқан ұрпақтың журналистика ұғымын, осы күнде ақша табу мен жұртшылыққа тез танымал болу жолымен шатастырып алуында. Алайда оған әрине, өзіміз кінәліміз. Себебі бүгінде көпшілік басшы қауым адамның біліміне емес, оның қалтасының қалыңдығы және көкелері мен танысына көбірек мән береді. Бұрынғыдай сұрыптау деген түсініктің қалып бара жатқан түрі де бар. Екіншіден, журфактағы оқу бағдарламасының енжарлығы. Бұлай дегеніміз, журналистке нағыз керектен гөрі шетелдік «былапытты» жеке бір пән ретінде енгізулері. Жас журналистер бүгінде грамматикадан ақсап жатады дегенді жиі естиміз. Мұның сыры арнайы қазақ тілі грамматикасының оқытылмайтындығынан. Оның үстіне, жанрларды жілікше шағатын ұстаздар да азайды. Бұл үшінші жеке бір себеп шығар.

 Неге десеңіз, қазір журналистикадан хабары аз оқытушылар журфакта қаптап кеткен. Тарихшылар да журналистикадан сабақ беретін болып алған. Жай сабақ емес, журналистиканың күрделі бір тармағы саналатын айғақтамалық бағытта дәріс оқиды. Бұл осындай «әмбебеп оқытушылардың» болашақ жасқа үйретері бар ма деген ойға алып келеді. Оның үстіне, мына заман қыран бүркіттің балапанын құздан итергеніндей өмірге ерте бейімделіп, қалың топтан суырылып алға шыққандарды қолдайтынға айналды. Осыны ұғынған студенттер бүгінде оқуды емес, алдыңғы қатарға жұмысты қояды. Оның себебі де түсінікті, өйткені бос жұмыс орын сені мәңгілік күтіп тұра алмайды. Содан болар, студенттің көпшілігі кітапхана емес, жұмыс іздеп интернет жағалайды дейтін орынды наз бар.

 Соңғы уақытта журфакта декандар да тұрақтамайтын болды. Айта берсең таусылмайды, кім көрінгеннің қолына журналист деген диплом ұстата бергенше, алдымен істі әлі студент атанбаған түлектерден бастауды естен шығармау керек сыңайлы. Факультетке түсерде тапсыратын шығармашылық емтиханнан бұл күндері, шығармашылық ізденіске талпынысы барлар да, жоқтар да сүрінбей өте беретін болған. Шындығына келгенде, ешкімнің шаруасы жоқ сенде, шамаң келсе ақысыз, яғни грантқа ілігесің, шамаң келмесе, ақылы бөлімге келіп, біздің қалтамызды толтыра бер. Талап пен таланттың орнын теңге басқан. Осы жайтқа байланысты жастар арасында «оқудың оңайы — журналистика былдырлап, тоқтаусыз сөйлей берсең болғаны, жазуы мен мазуында нең бар, әйтеуір теледидардан бір көрінсең, жұлдызға айналасың» деген әзіл-шыны аралас әңгіме естиміз. Бүгінгі журфактың күйі осындай. Асанәлі Әшімов сияқты аталарымыздың журналистерге тағар сыны осыдан болар, мүмкін. Оқуды ермекке айналдырған жастар көп қазір. Оны әсіресе, ауылдың топырағында аунап өскендерден емес, қаланың саябағында сайраңдап өскендерден толық байқауға әбден болады. Сондықтан қалталы журналист боламын деушілерден емес, қаламы қарымды журналист болуды мақсат тұтқандардан көбірек үміт күткен жөн сияқты. Олай болу үшін «баланы жастан» демекші, қабылдау кезеңінде-ақ оның ойының ұтқырлығын, санасының тереңдігін байқағанымыз дұрыс болар.

     Гүлжан Серік