Оқи отырыңыз

Өзіңе ұнаған кәсібіңмен шұғылдансаң, өз ұлтыңның туын көкке көтере алсаң – бақыт деген осы!

Автор: Асқар Жұмаділдаев

— Редактор бағаны —

Массагетте қалай блог жазамын?
Массагетте қалай блог жазамын?

Автор: Ербол Жұмабайұлы

Статус: Massaget.kz порталының Бас редакторы

Материал жіберу БЛОГ ЖАЗУ
Негізгі / Қазақ сахнасының бұлбұлы

Қазақ сахнасының бұлбұлы

Қазақ сахнасының бұлбұлы

Күләш

Күлтөбе сайты

 Өнер қашанда адамды өрге сүйрейді, қанаттандырады. Бұның ішінде қазақ халқы үшін әншілік өнердің алар орны зор. Кешегі өткен Біржан сал, Ақан серілердің арқасында рухани қазынамыз молайып, рухани байлығымыз артып отыр.Ұрпақтар сабақтастығының салдарынан болар қазақ өнері өшпей, керісінше нағыз дарын иелерінің арқасында өз жолын тауып келе жатқан сыңайы бар. Алдыңғы аға буын жалғасы, осы өнердің өрені атақты әнші Күләш Байсейітова апамыз расында биік сахнаның гүлі, сол асылдардың сынығы болды десек артық айтпағанымыз. Ол өзінің әуезді де әсем дауысымен тек қазақ халқын ғана емес, сонымен қатар бүкіл Еуропаны тамсандырып, қазақ өнерін барша жұртшылыққа  мойындатты. Операны керемет жоғары деңгейде орындайтын грузиндердің өзі кезінде Күләш Байсейітованың өнеріне тәнті болған. Оның өнерінің қарыштауы әйгілі «Қыз Жібек» операсындағы Жібек ариясын орындаудан бастау алады. Бұл көрініс 1936 жылы қазақ өнерінің Москвада өткен онкүндігінде байқалды. «Қыз Жібек» музыкалы пьеса деп қана аталған, шындығында, нағыз музыкалық поэзия. Оның авторы - қазақ халқы, оның өнерлі өкілдері – жыраулар, дала симфониясы. Сол образды сол табиғи қалпында көрерменге жеткізу екінің бірінің қолынан келмейді. Күләш апамыз халық дәстүрін терең бойына сіңіргендіктен де, осы құпияны тыңдарман құлағына құя білді. Ол елден ерек, тума талант болатын. Байсейітованың сахнадағы ойыны мен салған әндерінің әсері өте күшті, тіпті, тыңдаушы өзге ұлт өкілдері қазақ тілін білмесе де, оқиғаның бәрін орындаушының шеберлілігінен ұғынып отырған. «Қыз Жібектің» биік деңгейге көтерілгендігін Городинскийдің сол кездеі Кеңестер одағындағы №1 басылым «Правда» газетінде жазған мақаладағы мына үзіндіден аңғаруға болады: «Қыз Жібектің ең жақсы көріп салатын әні «Гәккудің» өзі тамаша ән, ал енді соны Күләш айтқанда, тіпті керемет жандандырып жібереді...». Міне, ол кездерде қазақтарды бұратана халық санаған орыстардың өзінің осындай жоғары баға беруі өте таңданарлық жағдай. Яғни, бұдан көретініміз талант ел мен жерді талғамайды, керісінше барлық өнер сүйер қауым сол талант иесін өзі таңдап, талғап, тауып алатындығын көрсетеді.

қазақ бұлбұлы

1937 жылдың мамыр айында Қазақтың музыкалық театры Ленинградқа гастрольге баратын болып, репертуарында орындалатын «Қыз Жібек» пен «Жалбырға» қоса сол сапарға «Ер Тарғын» әзірленеді. Бұл ауқымы жағынан қазақ өнерінің Мәскеуде өткен Онкүндігінен бір саты төмен болғанымен,  жауапкершілігі жағынан соған барабар сапар еді. Ленинград – ең алдымен – революция бесігі. Онан кейін өнердің шарықтап дамып, құлаш жайған ордасы. Дәл осы кезде Ақжүністі қолға алған Күләштің табиғатындағы өнерпаздығы, суреткерлігі жаңа шешіммен бас көтерді. Бұл қойылымдағы кейіпкердің өзгелерден ерекшелігі, негізі, образдың басқа қазақи биязы қыздардай емес, қатал, сұсты, енді бір жерінде екіжүзді, сайқал болып көрінуінде. Қойылым біткеннен кейін-ақ, ертеңгі басылымдар осы жағдайға байланысты түрлі мақалалар жазып жатты. Соның бірі, «Красная газетада» жарық көрген мына бір мақала: «...Ақжүніс партиясын халық артисі Күләш Байсейітова орындады.Кеше ғана біз жағымды,тіпті аянышты Қыз Жібек рөлінде тыңдаған актрисамыз, бүгін мүлде қарама-қарсы, айлалы да аяусыз, өзімшіл де сұм, өз дегені үшін небір залымдыққа бара алатын хан қызының бейнесін жасады. Бұл өзінің күші мен әсер етуі жөнінен ғаламат образ. Дауыс ырғағын еркін меңгеруімен қоса, Байсейітова өзінің қайталанбас драмалық актриса ретіндегі мол мүмкіндігін барлық асыл қырынан ашып көрсетті». Бұл әрине сол кездегі идеологияға байланысты залым байдың қызы туралы айтылған, өңі өзгерген образ болатын. Бүгінгі көзбен қарағанда, Күләш Ақжүністі шынайы да, табиғи ойнай білді, оның жан дүниесін ашты. 

Күләш бұлбұл

Ал 1944 жылғы қазақ өнерінің Онкүндігінде, Күләштің жұлдызы тіпті жанып, әлемдегі өз орнын тапты десек артық айтпағанымыз. Неге десеңіз, жаны бейтаныс ұлттың мәдениетіне тереңдей еніп, солардың дәстүріндегі әйгілі арияларды орындау кез келгеннің қолынан келе бермейді. Тек қана орындап қана қоймай бар жан дүниесімен сол ролдің ішіне еніп, әртістік қыр-сырлардың бәрін игеріп, ең бастысы сол кейіпкердің ішкі сырын ұғыну бұл өнердің өнері. Қалай десек те, туған жерде салған ән тым бөлек. Себебі көзге үйренген үйреншікті туған жер, ал өзге елде ән салу бұл бүкіл қазақ халқының намысын жинап солардың алдында емтихан тапсырғанмен пара-пар. Сол Онкүндікте Байсейітова атақты Пуччинидің «Чио-чио-сан» операсынының Баттерфляйі мен П.Чайковскийдің «Евгений Онегин» операсын орындау барысында халықтың ыстық ықыласына бөленіп, әуезді әнімен әлем жұртшылығын аузына қаратты. «Чио-чио-сан» бірде бір ұлттың шекарасымен шектелетін әйел емес, бұл ардақты ананың, аяулы жардың бар құдіретті қасиеттерінің жиынтығын бейнелейтін әйел болуға керек. Дәл осы премьера 1944 жылдың 14 мамырында болды. Залда ине шаншар орын болмады. Тіпті, есік-терезеге дейін, түгелдей, адамға айналып кеткендей көрінді. Операның өн бойындағы Күләш - Баттерфляйдың өсуі, түлеуі ғажап еді. Баттерфляй бұл кезге дейін өзінің кім екеніне, жалпы әйелдің бұл өмірдегі орнына ой жіберіп көрген емес-ті. Әлдеқалай өмірге келген нәп-нәзік тіршілік иесін қатал тағдыр өзі сияқты жүздеген, мыңдаған мүсәпірлердің қатарында қатігез ортаға лақтыра салды. Күн көрудің небір сиықсыз, намысқа тиерлік азғындық жолдары да бұлар үшін пәлендей жаңалық емес-ті. Тигенін алып, табылғанын ішіп жүре беретін. Басқа адамның көзімен қарағанда, соншалық сұрықсыз осы өмір, дәл осы Баттерфляй сияқтыларды оншалықты жиіркендірмейтін. Себебі олар бұдан басқа өмірді көрген емес, білмейді. Бұлардың бар мақсаты, ой-арманы бүгінгі ішетін тамақ, ұйықтап шығатын орын. Ол қалай табылады - бәрібір. Міне, сол тіршілікке өзгеріс енді. Тағдырдың әлдеқандай бір толқыны мұны Пинкертонның төсегіне тап қылды. Ия, ия азғантай өмірінде талай еркектің құшағын көрген бейшара, ағылшын офицеріне де сол кезекті өткіншілердің бірі деп келді. Пинкертонның бұған басқалардан гөрі тартымды, жұпар иісті гүлді қызықтағандай ғана әуестікпен қарағанын аңғаратын мүмкіндік қызда жоқ-ты. Басындағы жасқаншақ әуестік жүре келе елігуге, одан сенімге, одан да өтіп махаббатқа ұласқан шақтардағы Баттерфляй  - Күләштің түлеуі өзі түгіл өзгені таң қалдырғандай ғаламат құбылыс еді. Дәл осындай өзіне жат, бейтаныс бейнені сомдау Күләш үшін қаншалықты қиын әрі оңай болды. Қиындығы Баттерфляйдай бейненің Күләштің кіршіксіз жанына жат болғанында. Оңайлығы Күләштің сол көбелек кейіпкердің жан дүниесін сезініп, жан түршігерліктей етіп көрерменге жеткізе білуінде. Осы операны қойған режиссер Наталья Сацтың : «Бүгінгі күнді Пуччинидің көрмегені өкінішті», деуі тегін емес. Қазақ бұлбұлының өнерге сонша берілгендігі ол мейлі кішкене ғана, мейлі үлкен сахна болсын бәріне бірдей ұзақ дайындықпен,ерекше көзқараспен шығатын. Күләшті бүкіл ел сүйетін, ал осындай көпшіліктің бірдей сүйіспеншілігі мен талғамынан шығу әрбір өнер адамы үшін баға жетпес бақыт.

 Әншілік, актрисалық өнерімен қатар, Күләш апамыз қоғамдық жұмыстарды да қатар алып жүрді. Күләш Байсейітова халық сенімін арқалаған депутат атанды, мемлекет, ел істерін шешуге араласты. Бірақ өнердің аты өнер. Оны тастап кетсең қайтіп келе алмайсың. Апамыз соңғысын қалады. Өнердің құдіреттілігі сонша, кейде тіпті, ойнаған образ кейіпкеріңнің болмысына тереңдей еніп, соның өмірін қайталауың да мүмкін. Нақ осындай көріністі Күләш Байсейітова мен оның кейіпкері арасынан аңғара көреміз. «Баттерфляй» бейнесіндегідей, яғни жеңіл жүрісті әйелге ғашық еркек  образы Күләш апамыздың да жар таңдаудағы өміріне өте ұқсас келеді. Өйткені Күләштың да Баттерфляйдай махаббатта жолы болмады. Сахна бұлбұлын  әрдайым жалғыш сүйеніші – әкесінің жағдайы мазалатты. Әкесі жай-күйсіз жүргенде қызының бақытқа кенелуі мүмкін бе? Бұл тек өкініштің бер жағы ғана, өйткені тағдыр тауқыметі тұрмыс құрған уақыттан кейін шынайы басталды. Күләштің ең алғашқы отау тігуі сәтсіз болды. Мұның сыры жұбайының өнерге шек қоюында еді. Не отбасы, не өнер ордасы? Міне, дәл осы екі жолдың бірін, яғни сахнаны таңдаған бұлбұл, өнерге, тылсым бір сезіммен ғашық болды. Құдай сәтін салғандай-ақ Күләш өнер саласында да, өмір жолында да өзімен серік болатын өмірлік жарын тапты. Әрине, тағдыр екеуіне бірден бақытты да баянды ғұмыр сыйлады деу қиын. Арада біраз түсініспеушіліктер де болды. Бірақ уақыт өте келе бұл жағдай оңалды. Ана үшін ең басты қасірет құрсағынан шыққан баласынан айрылу. Түсінген жанға бұл үлкен – қасірет. Осындай традегедия сахна бұлбұлының басынан өтті. Өмір есігін енді ашып келе жатқан құлындарынан айырылған Күләш Байсейітова қайғыдан қан жұтып, дертке шалдықты. Оның үстіне тұңғыш қызының отбасын құрудағы сәтсіздігі де жанын жегідей жеді. Әншейінде Күләшті жақсы көретін халық, бұл жолы оның артынан жала, өтірік қауесеттер таратты. Кезінде халықтан пана іздейтін ол, бұл жағдайда іштей қиналып, тіпті болған оқиғалардың бәріне тек өзін кінәләді. Осындай сауалдар мен жағдайлар толғандырғанда Күләштың жүзі жабырқап, бейтаныс бір сезімге елігіп кететін. Оның жанын тек - өнер ғана сақтап тұрды. Расында, қанша жерден халқы оған кей кездерде теріс бұрылып қараса да, ол –қазақты, қазақтың өнерін жан-тәнімен сүйді. Сұм соғыс жылдарында да ол өнермен қоштаспады, керісінше майданды аралап солдаттарға рух берді. Қолына қару алып айқаспаса да, сол алаңда жүрген жауынгерлерге өзінің дауысы мен әні арқылы шабыт пен намыс сыйлап халқының алдында аянбады. Күй табаққа жазылған әндерін қойып талай солдаттар жауға қарсы аттанды. Аттанғанда ерекше ұранмен : «Қазақ қыздары үшін! Қазақ өнері үшін!» - деп атой салды. Ия, расында осыншама қадір-қасиеттің бәрін өн бойына сыдырған Күләш апамыз адам емес, нағыз идеял, нағыз періште. Оның сұлулығы мен бұлбұл үні нағыз өнер мен махаббаттың символы. Күләш Байсейітова өмірден озған күні қазақ даласы тума таланттан айырылғанын сезініп күңіренді, онымен бірге зар иледі. Алтынның қолда барда қадірі жоқ демекші, ол өмірден өткен күні ғана әншінің жары да, халқы да оның өмірдегі, өнердегі образына шынайы тәнті болды

 Күләш апамыздың сахнадағы биязылығы шынайы өмірде де орын алды. Бүкіл қазақ қызына идеял болатын өзіндік стильді қалыптастырған ол, адал да, ақылды жар, аяулы да, жанашыр ана рөлін де қатар алып жүрді. Тіпті, омырауының ауыратынана қарамастан құшағындағы сәбиіне аналық махаббат пен бірге жылуын да бере алды. Дәрігерлердің наразылығына қарамастан, сәбиін жанды шыдатпастай етіп ауырған омырауы арқылы тамақтандырып, аналық мейірімді аямады. Мұндай аналық бейне мен асыл жардың, сондай-ақ халықтың бұлбұл қызы деген үйлесілімділікті алып жүру үшін қазіргі қоғамда үлкен күш пен жігер керек. Сондықтан ақылды да, парасатты Күләштан үлгі алмау мүмкін емес.

 Алайда дәл қазіргі қоғамда ол кісінің өнерлік дәрежесі қаншалықты айқындалып жүр? Міне, осы сауал бүгінгі күннің еншісінде. Күләш Байсейітованың атына ұйымдастырылатын Республикалық ән-байқауы конкурсының дәрежесі қаншалықты? Ол өз деңгейінде өтіп жүр ме?

 Менің ойымша, осы Күләш Байсейітованың атындағы ән байқауын өте үлкен дәрежеде және сапалы түрде өткізу қажет. Осы сайыстың жеңімпаздарына арнайы қолдаулар көрсетіліп,үлкен сахнаға жол ашуды ұйымдастыруымыз қажет. Өйткені, қайдағы жоқ шет елдерден көшірме түрінде келіп жатқан конкурстарға халық өзінің ақшасын кетіріп, сол жеңімпаздарға түрлі қолдаулар көрсетіліп жатқаны баршамызға мәлім. Осы тұрғыда Күләштің атына ұйымдастырылған байқаудың нәтижесі төмен бе деген ой келеді. Тіпті біз осы Күләш апамыздың атындағы байқаудың жеңімпаздарына шет елге қазақ елін паш етудің мақсатында жол ашсақ та артықтық етпес еді. Өйткені кезінде қазақтың өнерін әлемге мойындатқан Күләштай тұлғаның салған сара жолын ары қарай дамыту біздің, яғни осы кездің еншісінде, келер ұрпақтың қолында.  

 Қазіргі қазақ сахнасында не көп, әнші көп. Әнші деген олардың жамылып жүрген аттары ғана, ал шынайы болмыстары әншінің маңына да жоламайды. Оларды Күләштай нағыз өнер иесімен салыстырған болсақ, біздің қазақ сахнасында саусақтың санына жетер-жетпес сан қалар еді.

 Күләштың өнерде қалдырған ізін ешкім де қайталай алмасы анық. Өйткені ол қайталанбас тұлға, нағыз – тума талант.

Гүлжан Серік 

4
Рейтинг: +0

Жазылған уақыты: 02 ақпан 2013, 18:25
Тегтер: Күләш Бейсейітова. қазақ сахнасының бұлбұлы. Қыз Жібек операсы. ария. тума талант. Гүлжан Серік. Күлтөбе кз. Москва. опера. Чио-чио-сан. Евгений Онегин.

Соңғы аудармалар

Қайсар До Бон Сун  #7
Қайсар До Бон Сун #7

До Бон Сун – ерекше қыз. Өйткені, оның бойында тұқымқуалайтын қасиет алпауыт күшке ие. Ол тек қыздаға беріледі. Бұл қасиеті үшін өзінен ұялатын қыз қалайша барлық қиындыққа қарсы тұра білді? Оған қолдау көрсеткен кім? 

BTS - Go Go
BTS - Go Go

Топ: BTS немесе Beyond The Scene  Дебют: 2013 жыл,...

VROMANCE feat. Obroject -
VROMANCE feat. Obroject - "Ғашықпын" (Fall In Love)

Массагет сайтында жарық көріп жүрген "Қайсар До Бон Сунның" сезімге толы саундтрегін назарларыңызға ұсынамыз.