МҰҚАҒАЛИ РУХЫМЕН СЫРЛАСУ

МҰҚАҒАЛИ РУХЫМЕН СЫРЛАСУ
жеке
блог

Қазақтың поэзиясының ақиығы, Алатаудай алыбы Мұқағали Мақатаевтың туған күні жақындап келеді екен. "Мұқағали рухымен сырласу" атты цикл осыдан 9 жыл бұрын Қытайдың қазақ тілді гәзетінде жарық көріп еді. Енді осында әкеліп, сіздермен бөліскенді жөн көрдім. 9-ақпан қазақ поэзиясының туған күні секілді боп көрінеді маған осы. 

- Қайсар ҚАУЫМБЕК

Өлекселер қашады тірілерше,

Өксіп жүрген өлеңнің пілі келсе.

Жұматай Жақыпбаев

1

Келесің бе сен менің үйіме бір,

Сені аңсап жүр бұл жақта жиі көңіл.

Асыл ғұмыр арқалап өткен ақын,

Басыңды бұр біз жаққа, қиын өмір.

 

Келесің бе бұл менің құзырлы ұям,

Қара өлеңнен сапырып қымыз құям.

Ортаңа кеп өртеніп жыр төгетін,

Жомарт жүрек жігіттің жүзін жиям.

 

Келесің бе сен менің ауылыма,

Көресің бе Үйсіннің тауы мына.

Сені сүйген мұнда да мың жүрек бар,

Амандасып қайт, аға, қауымыңа!

 

Қасиетті тау-далам сені көріп,

Серіленіп кетсін жыр селі көміп.

Әулиешоқы шыңына шығып алып,

Жырыңды оқы жұлқынып, тебіреніп.

 

Жырыңды оқы, күркірет, көшкінді аунат,

Қарасазға құлағын тоссын бау-бақ.

Тәңір таудың жартасы айқай салып,

Тәңір жаққа жырыңды кетсін жалғап.

 

Мұқағали жырына жаны құштар

Сені күтіп жүр мұнда әр ұлыстар.

Алақандай осынау жүректерде,

Алатаудай алапат сағыныш бар!

 

2  

Туған елдің серті боп,

Мұқаң да өтті – ер түлек.

Қабіріңде жамбастап,

Жатырмысың жер тіреп.

 

Жатырмысың, арысым,

Жырдың қорғап намысын.

Қараша елдің арысың,

Қара өлеңнің ханысың.

 

Мәңгі тозбас қымбат ән –

Өмірің де жырға тән.

Араға сап отыз жыл,

Жер бетінен тіл қатам.

 

Қара өлеңнің ұраны,

Қарасаздың қыраны.

Өлең дейтің сыңарың,

Өзіңді іздеп жүр әлі.

 

Қабағыңнан таниын,

Қайран Мұқағалиым.

Нұрға бөлеп жырың жүр,

Қазағыңның әр үйін.

 

Пай, пай, шіркін, көзіңде от,

Лаулайды екен сезім боп.

Бүкіл қазақ даласы,

Жырлап тұр-ау өзің боп.

 

Желбіретіп тұлымын,

Жетті сенің бір ұлың.

Қарасаздың жырымен,

Тербетейін шыбығын...

 

3

Жырға ғашық болып ем сүйіп, сеніп,

Қайтем, аға, барады күйік көміп.

Бұл асау жыр, білмеймін, мені көріп,

Бұлаң етіп қашты алдан киік болып.

 

Ұстай алмай келемін әлі күнге,

Тұраладым, тауыстым сабырымды.

Сел тұндырып, кеудеме сері жырдан,

Желпіндіріп жебеп кет бауырыңды.

 

Мұқа, Мұқа, тұр енді, тұр, медет бер,

Тентегіңді жебеп көр, бір көмек бер.

Періште боп, пері боп тереземе,

Мен ояумын, ояумын.

                  Түнделеп кел.

 

Сонша кешіп жүргенде сөз күйігін.

Мені күткен бар ма алда өз биігім?

Өткізе ме мені бұл өр ағыстар?!

Жеткізе ме желаяқ жез киігім?!

 

Өзің айтшы осының бір кесімін,

Сенен өзге ақиқат білмес інің.

Жүрегі жоқ залымдар жырларыма,

Тигізе ме деп қорқам бір кесірін...

 

4

Пенделер сонша санасыз ба еді,

Қалдырған да емес жарасыз мені.

Осы бір жалған тірліктен, сірә,

Аңсап өттіңіз, аға, сіз нені?!

 

Адамдық алтын тұмарың екен,

Адалдық жанған шырағың екен.

Ал, сүйте тұра пенде тірлікке,

Сен қалай ғана шыдадың екен?!

 

Көңілде көп ой шер болып шемен,

Көңілсіз, күйсіз, сенделіп келем.

Қайтейін, аға, қинайтын жанды,

Қиын екен ғой пенделік деген.

 

Қарғадан тимей сұңқарға кезек,

Озып жүр күнде тұлпардан есек.

Қара көздерден қызғаныш жауып,

Қызыл тілдерден у тамған өсек.

 

Бір ақыл айтшы, аға, сіз бүгін,

Булығып қалды шарасыз жырым.

Өзімшіл деді, өзекке тепті,

Сезімшіл болдым – санасыздығым.

 

Өлеңді қойшы, өрт кешеді екем,

Өмірмен бірге дерт те өседі екен.

Өліммен кейде серттеседі екем.

Өлең ұқпайтын әлде кімдермен,

Өзіңдей болып кектеседі екем.

Не істесм екен?!

2003