жеке
блог

Жарыс қазан

 

Жарыс қазан (Құдайға жағам десең азаның болсын, халқыңа жағам десең қазаның болсын)

 

Қазақ екі адамнан ештеңені аямайды. Бірі – қонақ, бірі – жас босанған келін. Біздің қазақ баяғыда құдайы қонақтың өзіне жалғыз қойын сойып береді екен. Жалғыз атын түсіп беру мақтанышқа айналған. «Біреудің бақыты үшін өмір сүр» деген дін талабын қазақтан асырып ұстанған халық жоқ! «Құдайы қонақ» деген сөздің өзі «Құдай қонақты сынақ үшін жібереді» деген сөз. Ештеңе аямайтын екінші адамы – бала тапқан келін. Толғақ басталғанда есіткен әйелдің бәрі Бибәтимә (Мұхаммед ғ.с.у. қызы Фатима анамыз) пірлеріне жалбарынып, Құдайдан келіншектің аман-есен босануын сұрайды. Сол кездегі қазақ әйелдері біреу үшін қиналатын, өзіндей біреу үшін шын жүрекпен жалбарынатын. Сөйтіп, дүниеге келгелі тұрған бір мұсылманның игілігі мен келіннің тез босануы үшін әр қатын жер-жерден қазан асады. Ірку, аяу, мөлшерлеу болмайды. «Жарыс қазан» - осы. Қазан қайнаса бала түсе қала ма деп күлмеңіз... Бұл біреу үшін тілектестікті тірлікте көрсетудің жолы, бірер сағаттан кейін басталатын тойдың дастарқанына, яғни біреудің несібесіне үлес қосу ниеті. Құдай берекесін, мейірімін сылтауға береді, әйелдер Құдайға ниетінің түзу екенін, қолының ашық екенін өстіп көрсетеді. Тіпті толғақты телефон арқылы естіген алыстағы әжелер де Бибәтимә піріне жалынып, келіні үшін Алладан медет тілейді. Қызды-қыздымен алыстағы жарысқазанға қосылып та кетеді, қазан асып жібереді. Шүйінші хабар жеткен бетте жүрегімен шын қуанған әже, бұл қуанышты айту үшін, ел басының өсіп жатқанын айтып мақтану үшін сол күні кісі шақырады.

Келін босанғанда абысынның біреуі енесіне жүгіреді. Қуанған ата-әже шүйіншіге не сұраса да береді. Бірақ, қазақта кім ибалы - келін ибалы. Енесінен ешкім көп сұрай қоймайды. Қалжаға кемінде ісек (үлкен) қой сойылады. Осы күні бір әйел нәрестенің кіндігін кесіп, кіндік шеше болады. Ол да қалжа әкеледі. Немесе босанған келіннің күтімі соған жүктеледі. Бұл салттар адамдарды жақындатып, бір-біріне тілекші, қамқор қылады. Әсілі, дәстүр деген дінді күнделікті тұрмысқа сіңіріп жіберу үшін жасалған. Қалжаға күйі жоқ үйге жегжат-жамағаты жиылып кейде қалжа әпереді. Қалжаны босанған әйел түгел жеп тауысуға тиіс. Қазақ қуырдақ пен жас сорпаны қашан белі бекігенше келіннің аузынан үзбейді. Босанған әйел терлеп-тепшіп, омырауына сүтін жиып болғанша көп қозғалмайды. Қайын сіңлі, қайын апайлары асты-үстіне түсіп, жан-жақтан күтімге алады. Мұсылмангершілік деп осыны айтады.

Енді құрметті қыз-келіншектер! Сіз қазір жарыс қазан неге керек деп ойламаңыз. Дін мәдениетін адамның өн бойына сіңіріп тастайтын атадан қалған асыл ғұрыптарды ұмытуға болмайды. «Жарыс қазанды» жасауға болады. Бір жақыныңыздың жұбайы босанып жатса баяғыдай қазан қайнатып қажеті жоқ. Оның орнына елмен ақылдасып, босанған келін аяқ-қолын бауырына тез жинауы үшін құнарлы тағамдарды шама келгенше алып, кезектесіп пұшпағы қанап перзент тапқан келіншектің үйіне барып тұруға болады. «Жарыс қазанды» осылай көркем жолдармен жалғастырып кете беруге болады. Бұл иманыңыздың бекіп, жүрегіңіздің жұмсаруына әсер ететін бір ғана көркем салт. Дін ұстанған мейірімді мұсылман екеніңізді мәнді мәдениетпен жамағатқа жайып, іс жүзінде әрекет етудің жолы осындай діни дәстүрлермен ғана іске асады.  

 

Бөлісу:
Пікір қалдыру үшін сайтқа кіріңіз
Өзгерту



Жұлдызды блогтар

Ана мен бала жағдайы
Ана мен бала жағдайы
Бауыржан Момышұлы келінінің кітаптары
Бауыржан Момышұлы келінінің кітаптары
Екі жүрек бірге қағуда
Екі жүрек бірге қағуда