Райхан.

Райхан.
жеке
блог

Күн қаһаған аяз! Таңертең машинаны әрең от алдырдым. Қайта от алды! Аккумуляторы әбден тоңып қалған ба,өлеусіреп барып, көксауларша қақалып-шашалып,оталды ау,әйтеуір! Біздің аулада менің машинам ғана ғой деймін,түтіні будақтап жатқан. Көршілер болса,әлі әуре болып жатыр! Кейбірі қолды бір сілтеп,жұмысқа такси ұстап кетіп жатыр. Жылы ескі болса да(1996ж) мен өз(драндулетіме) машинама риза болып қарадым!

Бекер әуре болыппын.Жұмыс болған жоқ. Күннің аяздығына байланысты жұмысшыларды үйлеріне қайтаруға тура келді.Құрлыс жұмыстарын істеу мүмкін емес! Мен осылай боларын біліп едім! Телефонмен неге айта салмайды деп,ішімнен бас мердігер компанияның телім бастығын сыбап келемін!

Машина терезесінен айнала бейне бір тұман тәрізді,қою-қошқыл көрінеді. Шамасы аяз әбден күшіне мінген ау деймін,күндіз болса да,күн бұлдырлап,әрең-әрең жылтылдайды! Қол көтерген адамдар да көп,бүгін бір таксистердің құдайы берген шығар!

Кенет көзіме бір адам түсе қалды. Бір жігіт кішкентай қызды жетектеп,жетектеп емес,сүйреп келе жатқан сияқты! Әуежай мен қаланың ортасында бірталай жол бар,жолдың сол жағында саяжайлар бар,бірақ олар жолдың оң жағымен келе жатыр,қала жаққа. Өздері таксиге де қол көтермейді.Өзім туысымнан балажан адаммын! "Байғұс қыз үсіп қалатын болды ау,мынандай аязда кішкене қызды далаға неге алып шықты екен" деп,әлгі кісіге ашулана бастадым! Ал қалаға дейін әлі біраз жер бар!

Тоқтай қалдым. "Отырыңдар" дедім. Олар отырды.
-Қай жерге барасыңдар? Апарып салайын,-дедім,әбден тоңып қалған кішкене қызға жаным аша қарап.
-Біздің баратын жеріміз жоқ!-деді жігіт,аузынан арақ иісі бұрқ ете түсті! Мен тыжырына қалдым!
-Қалай сонда?-мен түсінбей қайталап сұрадым,-Баратын жеріміз жоқ дегеніңіз қалай?-
-Әйелім өліп қалған!Саяжайда тұратынбыз,ол да өртеніп кетті!-деп түсіндіріп жатыр,-мынау қызымыз екеуміз ғана қалдық! Түнде көршінікіне қонып шықтық,саяжайы суық екен,аздап арақ ішіп жылындық! Райхан болса әлі тамақ та ішкен жоқ,өзі аздап ауырып тұр!-деп қызының басынан сипады. Менің жүрегім ауырып кетті! Бұл заманда да осындай болады екен ау!
-Енді не істемексіңдер?-деп сұрадым мен,мұрыны бітіп,дем ала алмай отырған қызға қарап.
-Білмеймін,-деп міңгірледі,бейшара әке.-Райханды балалар үйіне өткізіп,өзім бір жұмыс табам ғой!... Кейін жағдайым жөнделіп жатса...-деп күмілжи бастады.
-Әке,мені өткізбеші,мен жақсы қыз боламын! Тіліңді әрқашан алып жүремін,-деп жылай бастады қыз...
-Өткізбеймін қалқам,өткізбеймін,-деп әкесі де қызын бауырына басып,жүзіне қарап едім,көзіне жас толып кетіпті!

Өстіп,ойда-жоқта жанұялық драма-трагедияға тап болған менің жүрегім,шым ете түсі!