Қарлығаштың ұясы

Қарлығаштың ұясы
жеке
блог

Тағдыры тосқан «сыйдан» қаша ма адам,

Лашықта да, тұрдым мен шошалада.

Өз үйіме өз қолым жеткен күні,

Қарлығаш ұя салды босағама.

 

Көктемнің күні аспаннан жаһұт шашып,

Тоқтауға мұрша бермес уақытқа түк.

Шиқылдап қос қарлығаш бір шөкімнен,

Балшық емес,жүргендей бақыт тасып.

 

Күннен-күнге ұяның өрнегі өсіп,

Жасап жатыр жалықпай төрге бесік.

Өзім тұрған ұядай бір бөлмеге,

Қос қарлығаш жатқандай бөлме қосып.

 

Аттары иеленген ән асылын,

Ақ бауыр,адал құсы даласының.

Жүрегің жібіп кетер көрген сәтте,

Жұптасқан «жанұяның» жарасымын.

 

Әуеде қанаттары қалқып ұшқан,

Құлшыныстар өмірге, талпыныстар.

Аз күнде дайын қылды балшық үйін,

Жақсылыққа жаһанда жаршы құстар.

 

Тірліктің көбейумен болса мәні,

Сәті болса, жоқ оның онша азабы.

Ұл мен қызым қуанып,ұядағы,

Сары ауыз балапанға қол созады.

 

Аулада балапандар ән ақтарып,

Тағы атты алтын күнмен таң апталып.

Қимастықпен айналып өскен үйін,

Балапандар кетті ұшып қанаттанып.

 

Кедергіні көп көрген кері күннен,

Бұл ырымды жақсыға жорыдым мен.

Жылжыған жылдар өтті, содан бері,

Толмай жатыр үйімнің төрі кіммен.

 

Бақыт қой шаттық саған тұрса бейім,

Шаттық жырын сол жылы шырқады үйім.

Көп ұзамай ұядай құтханамда,

Өмірге есік ашты бір сәбиім.

 

Күлкім бақыт,бұл күнде ұйқым «қайғы»,

Жан дүнием бір керемет күй тыңдайды.

Ұядай бір бөлмемді шуға бөлеп,

Сары ауыз «балапандар» шиқылдайды.

 

Табиғат кілем жайып бар бөктерге,

Қыс өтіп,қара жерден қар кеткенде.

Жақсылық әкелердей үйімізге,

Сол құстарды күтеміз әр көктемде.